Жамбыл жаңалықтары

«Үлгілі ауылға – үлгілі алаң!»

Байзақ ауданының Үлгілі ауылында көптен күткен жаңа балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Бұл нысан – «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранттық қолдауымен, «Асқақ рух – Еркін ел» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан «Үлгілі ауылға – үлгілі алаң!» әлеуметтік жобасының нәтижесі. Жоба «Жамбыл облысы Байзақ ауданы Үлгілі ауылы тұрғындарының азаматтық бастамаларын қолдау» бағыты бойынша қолға алынып, жергілікті халықтың ұсыныстары негізінде іске асырылған.

Ашылу салтанатына аудан әкімі, қоғамдық ұйым өкілдері, «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» ЗТБ басқарма төрағасы, ауылдың зиялы қауым мүшелері, ардагерлер кеңесі мен аналар алқасы, аудандық мәслихат депутаттары, жастар ұйымдарының белсенділері және ауыл тұрғындары қатысты. Қатысушылар жаңа нысанның ауыл өмірі үшін маңызын атап өтіп, бұл бастаманың қоғамдастықты біріктірген ауқымды жұмыс екеніне тоқталды.

Жаңа ойын алаңы балалардың қауіпсіз әрі белсенді демалуына толық мүмкіндік береді. Мұнда заманауи сырғанақтар, әткеншектер, құмсалғыш, көпфункциялы ойын кешені орнатылып, стандартқа сай қауіпсіздік элементтерімен жабдықталған. Резеңкелі жұмсақ жабын төселіп, жарақат алу қаупі төмендетілді. Алаң аумағы абаттандырылып, жаяу жүргіншілер жолдары реттеліп, демалыс орындықтары мен көгалдандыру элементтері орналастырылды. Сонымен қатар, аумақты жарықтандыру мәселесіне де көңіл бөлініп, тұрғындардың кешкі уақытта да қауіпсіз демалуына жағдай жасалды.

Жобаны жүзеге асыру барысында ауыл тұрғындары да белсенділік танытып, құрылыс процесіне бақылау жасап, қажет жағдайда өз ұсыныстарын білдіріп отырған. Бұл өз кезегінде қоғамдастық пен мемлекеттік емес сектор арасындағы тиімді ынтымақтастықтың белгісі болды.

Жаңа нысан ресми түрде ауыл әкімдігінің балансына берілді. Енді алаңның күтімі, қауіпсіздігі және тиісті деңгейде жұмыс істеуі жергілікті атқарушы орган тарапынан тұрақты бақылауда болады. Ауыл басшылығы алдағы уақытта да балалар мен жастарға арналған инфрақұрылымды дамыту бағытындағы бастамаларды қолдайтындарын жеткізді.

«Үлгілі ауылға – үлгілі алаң!» жобасының іске асуы ауыл балаларына заманауи, қауіпсіз және ыңғайлы ойын кеңістігін ұсынумен қатар, тұрғындардың өз ауылына деген жауапкершілігін, ортақ іске деген ынтасын арттырмақ.

 

Айжан ӨЗБЕКОВА