Бәленің бәрі буллингтен басталады
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында құрылған жұмысшы топ пен мобильді топ мүшелерінің қатысуымен №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның акт залында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Сақтық – салауатты қоғамның негізі» атты стейкхолдерлермен кездесу өтті.
Жастардың құқықтық білімін арттырып, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік ұстанымдарын нығайтуды мақсат еткен кездесуге Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық прокуратураның аға прокуроры Сансызбай Сапарбекұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Нұржан Молдабеков, білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков, ювеналдық полиция тобының инспекторы Дильмурат Молдажан, аудандық аурухананың «Салауатты жастар» денсаулық орталығының психологі Жұлдыз Оспанқұлова, сондай-ақ мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.
Жиында алғаш болып сөз алған аға прокурор Сансызбай Сапарбекұлы оқушыларға: «Сіздер – ел болашағысыздар. Сондықтан мектеп ережесін сақтау, үлкендерді құрметтеу және достарыңызға қолдау көрсету – заң мен тәртіпке бағынудың бастамасы» – деп, мемлекет пен ата-аналардың сапалы білім беру жолындағы еңбегін ерекше атап өтті.
Ал Дамира Маратқызы өз кезегінде кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттерін нақтылап, заңды білмеуден туындайтын құқықбұзушылықтар жайында пікір білдірді.
Сол секілді ювеналдық полиция инспекторы Дильмұрат Тастамбекұлы оқушыларға буллинг тақырыбындағы бейнеролик көрсетіп, қылмыстық құқықбұзушылықтың салдарын түсіндіріп, буллингқа қарсы тұрудың маңыздылығына тоқталды.
Кездесудің модераторы Ақмарал Мақсұтқызы оқушыларымен бірге түсірілген әлеуметтік эксперименттік бейнероликтерді ұсынды.
Сондай-ақ Біржан Әлімбет пен Нұржан Молдабеков жастарға насихат айтып, жамандықтың бастауы – жаман сөз бен мазақтаудан туындайтынын, сондықтан әрбір адам сақтық пен сабырлылықты серік етуі тиіс екенін жеткізді. Олар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету қоғамның тұрақтылығы мен адамдық қадір-қасиеттің белгісі екеніне тоқталды.
Психолог Жұлдыз Қайратқызы болса қатысушылармен тренинг өткізіп, ауызбіршілік пен өзара қолдаудың маңыздылығын түсіндірді.
Кездесудің қорытындысында Санат Сағынбекұлы оқушыларға ой тастайтын сұрақтар қойып, олардың пікірлерін тыңдап, қоғамдағы заң мен тәртіптің маңызын талқылады.
Іс-шара барысында қатысушылар құқықтық сауаттылықтың артуы, салауатты қоғам қалыптастыру және жастар арасында тәртіп пен жауапкершілікті нығайту қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді.
Бұл жиын – жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауға және қоғамның қауіпсіз дамуына бағытталған маңызды бастама.
«AR-AI»-ақпарат