Жаңалықтар

Адам өмірі бәрінен артық

Кеше облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда бірқатар маңызды мәселелер көтерілді.

Атап айтқанда, өрт оқиғалары мен газдан улану жағдайларының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қарастырылды. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін кешенді зерделеу, сондай-ақ әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі қабылданған заңның іске асырылуын талдау мақсатында ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның төрағалығымен құрылған жұмыс тобының анықтамасындағы ұсынымдар мен кемшіліктерді түзету мәселесі қаралды.

Отырыста алдымен облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дархан Қалдырбек баяндама жасады. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері облыс аумағында 808 өрт оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 5 адам қаза тауып, 15 адам жарақат алыпты. Материалдық шығын 90 миллион теңгені құраған.

Баяндамашының есебінен соң Серік Жақсылықұлы Түркістандағы қайғылы жағдай сабақ болуы қажеттігін айтып, қауіпсіздік шараларын одан әрі күшейте түсу қажеттігін тапсырды.

– Таяуда ғана тілсіз жаудың салдарынан Шуда ана мен бала өлімі тіркеліп, Жамбыл ауданында да бір отбасы қаза тапты. Баяндамада «аралап жүрміз, тексеріп жатырмыз» деп айтылғанымен, мұндай оқиғалар атқарылған жұмысты жоққа шығарып жібергендей болып тұрады, – деген облыс әкімінің орынбасары баяндамашыдан қайғылы оқиғаларға нақты не себеп болғанын сұрады.

Дархан Өскенбайұлының айтуынша, Шу ауданындағы ана мен бала өліміне қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатқандықтан, бұл дерек әзірге департамент есебіне тіркелмеген. Ал Жамбыл ауданы, Гродеково ауылында тілсіз жаудың кесірінен ажал құшқан отбасының үйіне бір ай бұрын ғана департамент қызметкерлері рейд барысында кіріп, анықталған ақау мен кемшіліктерден келетін қауіп жайлы ескерткен екен.

Облыс бойынша білім саласында сапаны қадағалау департаментінің басшысы Мұхит Нысанбаев жеке тұрғын үйлердегі қазандықтардың қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрғанына бақылау жүргізілмейтін айтып, ұсынысын ортаға салады. Айтуынша, қазандықты орнатқан тиісті газ мекемесінің мамандары ай сайын көрсеткен қызметі үшін төлемақы алып тұрғанымен, тексеріс жұмыстары мүлде жүргізілмейтін көрінеді. Соның салдарынан былтыр Т.Рысқұлов ауданындағы бір отбасы ажал құшқан. Ауыр қайғыға газ қазандығына құс ұялап, құрылғының қызметін тежеуі себеп болған. Мұхит Аманқұлұлы осындай жағдайлар тағы да орын алмауы үшін төтенше жағдайлар департаменті мәселені бақылауына алса деген ұсынысын айтты.

Дейтұрғанмен Дархан Өскенбайұлының сөзіне сүйенсек, жеке тұрғын үйлердің газ қазандығын бақылау төтенше жағдайлар департаментінің құзырына кірмейді екен. Баяндамашы осы ретте адам өлімі мен жарақат алғандар санын азайту мақсатында тұрғындар, әсіресе әлеуметтік аз қамтылған отбасылар толығымен улы газдан қорғау датчиктерімен қамтылса деген тілегін жеткізді. Датчик орнату көрсеткіші әсіресе Тараз қаласы мен Жамбыл, Меркі аудандарында төмен екен. Облыс орталығында тиісті меженің – 50, Жамбыл ауданында 23 пайызы ғана орындалған. Ал газдан улану фактілерінің алдын алудың бірден бір жолы – датчик орнату. Орынды айтылған ұсынысты қолдаған Серік Жақсылықұлы аталған қала мен аудан әкімдерінің орынбасарларынын жауап алды. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекқызы мен Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекованың айтуынша, биыл қауіптен сақтайтын құрылғыны орнатуға қаражат жоқтығы қолбайлау болып отырғандықтан, келесі жылдың бюджетіне енгізбек. Серік Жақсылықұлы бір датчиктің бағасы шамамен 3-5 мың теңге көлемінде екенін, аса көп қаражатты қажет етпейтін іске «ақша жетпеді» деу негізсіз екенін айтып, жауаптылардың жұмысын сын тезіне алды. Конституцияда мемлекеттің ең негізгі құндылығы адам өмірі екені атап көрсетілгенін тағы бір рет еске салған облыс әкімінің орынбасары мәселенің шешілуіне 1 апта мерзім берді.

Сонымен қатар жиында облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры Данияр Кемелхан қауіп аймағында өмір сүріп жатқан отбасылардың тұрғын үйлерінің жай-күйін сөз етті. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Тараз қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінде газ баллон жарылып, облыс тұрғындары қайғыдан қан жұтып, ауыр азапты бастан кешкен еді. Дейтұрғанмен Сарысу, Мойынқұм секілді шет аудандардағы елді мекен тұрғындары әлі күнге дейін газ баллон қолданады екен. Сондықтан прокурор газ баллон қолданатын отбасылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайын сұрады.

Д.Қалдырбектың айтуынша, шалғайдағы аудандарды былай қойғанда облыс орталығында да газ баллон пайдаланатын тұрғындар бар болып шықты. Себебі Төле би көшесінде орналасқан бірнеше жатақхана тұрғындарына әлі күнге дейін табиғи газ тартылмаған. Серік Жақсылықұлы аталған жатақханаларда негізінен әлеуметтік аз қамтылған, асыраушысынан айырылған осал топтағы отбасылар тұратынын, онымен қоса әр отбасыда кем дегенде екі-үш балдырған өмір сүріп жатқанын ашына айтып, Ұлана Сламбекқызына табиғи газ кіргізу жұмыстарын жедел шешуді тапсырды. Сол секілді «Профилактика, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік» деп қарап отыруға болмайтынын, тіпті сол түсіндірме жұмыстарының өзі заңға сәйкес келмейтінін жеткізді. Өйткені жатақханадағы аядай ғана 1 бөлмеде газ баллон ұстау талапқа сай емес.

Мұнан соң күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков баяндама жасады. Басқарма басшысы республикалық комиссияның зерделеу қорытындысы білім бөлімдерінің жанындағы кеңестерде қаралып, орын алған кемшіліктерді жою бойынша іс-шаралар жоспары жасалғанын айтты.

Мұнан кейін облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Мұқанов есеп беріп, тексеру комиссиясының анықтамасында көрсетілген кемшіліктерді түзету жайын баяндады. Сондай-ақ жиында облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов та баяндама жасады.

Республикалық комиссия жүргізген тексеріс нәтижесінде дайындалған анықтамадағы ұсыныстарды назарға алу, олқылықтарды түзету бойынша жиында облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев, облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Керебаев есеп берді.

Комиссия отырысында сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу мәселесі де талқыланды.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ