Қырғызстанда Абай Құнанбаевқа арналған көше, ескерткіш және музей ашылды
Қырғызстанның Ош қаласында Абай Құнанбаевқа арналған көше, ескерткіш және музей ашылды, деп хабарлайды arainfo.kz
Қырғызстанның Ош қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына арналған көше, ескерткіш және музейдің салтанатты ашылуы өтті. Шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Аскаралы Мадаминов, Ош қаласының мэрі Женишбек Токторбаев, сондай-ақ дипломатиялық корпус пен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ашылу рәсімінде Аида Балаева бұл бастаманың екі ел арасындағы рухани байланыс пен мәдени ынтымақтастықты нығайтудағы ерекше маңызын атап өтті.

Шара барысында Мемлекет басшысының арнайы Жарлығымен Ош қаласының мэрі Женишбек Токторбаевқа II дәрежелі «Достық» ордені табысталды.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар қарқын алып, көрмелер, театр гастрольдері, әдеби форумдар мен ғылыми конференциялар тұрақты өткізіліп келеді. Сонымен қатар ЮНЕСКО аясындағы жобалар бойынша да өзара қолдау күшейген.
Жұмыс сапары аясында Аида Балаева Қырғызстандағы ең ірі музейлердің бірі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген «Сулайман-Тоо» ұлттық тарихи-археологиялық музей-қорығында болды.