Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімі кеңейтіледі
Сауда министрлігі әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесін кеңейтуді ұсынды, деп хабарлайды arainfo.kz
Күні кеше Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев инфляция деңгейін тежеу мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Жиынға Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары, Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері және өңір әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Кеңес барысында министр жыл басынан бері 160 негізгі азық-түлік тауарлары бойынша баға өсімі 11 пайызға жеткенін атап өтті. Алайда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы салыстырмалы түрде тұрақты. Қараша айының алғашқы үш аптасында баға өсімі бар болғаны 0,1 пайызды құрады. Бағаны ұстап тұруға апта сайынғы мониторинг, өндірушілер және сауда желілерімен тікелей жұмыс, мемлекеттік бақылау мен тұрақты жәрмеңкелер оң ықпал етіп отыр.
Сауда министрінің бірінші орынбасары Айжан Бижанованың айтуынша, азық-түлік қоржынының тұрақтылығын сақтау үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесін кеңейту қарастырылып жатыр. Жаңа тізімге көкөніс, жеміс-жидек, сүт, ет және балық өнімдерінің қосымша түрлерін енгізу ұсынылуда. Бұл шара шекті сауда үстемесін кең ауқымды тауарларға қолдануға және делдалдардың ықпалын азайтуға мүмкіндік береді. Тізім мемлекеттік органдармен, «Атамекен» ҰКП-мен, салалық қауымдастықтармен, сауда желілері мен импорттаушылармен бірге талқыланатын болады.
Сонымен қатар өңірлер бойынша азық-түлік тауарларын ірі көлемде импорттайтын компаниялар мен негізгі жеткізушілердің тізімі анықталды. Бағаны тұрақтандыру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және импорттың ашықтығын қамтамасыз ету үшін орталық және өңірлік деңгейде келіссөздер жүргізу жоспарлануда.
Кеңес барысында министр Арман Шаққалиев өңірлердің жұмысына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, әр облысқа инфляцияға ең көп әсер ететін тауарлар тізімі ұсынылып, бағаның қандай фактор әсерінен өсіп жатқанын көрсететін жаңа алгоритм таныстырылмақ.
«Біз әр тауар бойынша нақты жағдайды айқындайтын механизм жасадық. Ол бағаның логистикаға, маусымдық факторларға, импортқа немесе өндіріс пен тұтыну теңгеріміне байланысты өсіп жатқанын анық көрсетеді. Мұндай тәсіл жедел шешім қабылдауға және негізсіз қымбаттаудың алдын алуға көмектеседі. Басты мақсат – әр өңірде тұрақтылықты қамтамасыз ету және әр отбасының нәтиженi сезінуі», – деді Шаққалиев.
Кеңесте жәрмеңкелер мен «Береке Fest» форматындағы ауқымды акцияларды жалғастыру мәселесі де талқыланды. Бұл іс-шаралар халыққа қолжетімді ет, көкөніс және басқа да әлеуметтік маңызы бар өнімдерді тікелей жеткізуге жағдай жасайды. Астананың тәжірибесіне сүйене отырып, арзандатылған еттің тікелей жеткізілімін кеңейту жоспарланып отыр.
Сонымен бірге Иран, Пәкістан, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстаннан жеміс-көкөніс өнімдерін жеңілдетілген тәртіппен импорттау тетігі сақталатыны мәлімделді.