Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Silk Way Star халықаралық жобасының қатысушыларын құттықтады
Бұл туралы Ақорда мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz
"Құрметті Silk Way Star жобасының қатысушылары!
Бүгін осы беделді халықаралық өнер додасы өз мәресіне жетіп отыр. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Бұл жоба – Азия елдері арасындағы рухани байланыстарды нығайтып, халықтарымыздың достығын тереңдетуге бағытталған бірегей бастама.
Silk Way Star – мәдени дипломатияның жарқын үлгісі. Ол елдеріміздің салт-дәстүрін, өнері мен шығармашылығын танытуға, ортақ құндылықтарды кеңінен дәріптеуге зор мүмкіндік береді. Осындай ауқымды іс-шаралар өзара ынтымақтастығымызды күшейтіп, мәдени алмасуға жаңа серпін береді.
Теңдессіз жобаны табысты жүзеге асыруға үлкен үлес қосқан China Media Group медиакорпорациясына шынайы ризашылығымды білдіремін.
Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Кореядан келген талантты өнерпаздар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, миллиондаған көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жатыр. Баршаңызға жүрекпен алғыс айтамын.
Алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындырып, шығармашылық жолда табыстан табысқа жете бересіздер деп сенемін!
Сіздерге амандық, шабыт және сәттілік тілеймін!",– деді Мемлекет басшысы.