Айдананың тәттілері тіл үйіред
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Президенттің бұл бастамасы еңбек адамдарына құрметті еселей түсіп, наубайханашы, аспаз, кондитер, тігінші сынды жұмысшы мамандық иелерінің қоғамдағы маңызын айқын көрсетіп берді. Нәзік жандылардың қатарында да жұмысшы мамандықтарды игергендер баршылық. Солардың бірі – Тараз қаласының тұрғыны Айдана Бүркітбай.
Айдана Қаратау қаласының тумасы. Жамбыл жоғары медициналық колледжінде білім алған. Кәсібінің негізін осы киелі жерде қалаған. Айдана алғашында тәттілерді үйде пісіріп, онлайн түрде сатылымға шығара бастайды. Ә дегеннен-ақ өнімдері тұтынушылардың үлкен сұранысына ие болады. Осылайша көптің сұранысы кәсіпке білек сыбана кірісуге құлшындырады.
Бүгінде Айдана 32 жаста. Екі баланың анасы, аяулы жар. Кондитер болып жұмыс жасап жүргеніне биыл 10 жыл толып отыр.
Әрбір істің басында қиындық тұратыны анық. Жас кәсіпкер бұл жолда талай сыннан өткенін, тұрақты тұтынушылардың жоқтығы, кәсіпті алғаш бастағандағы қорқыныштың барлығы уақыт өте келе сейілгенін айтады.
Айдананың кәсібін жұбайы Асылбек пен туған-туыстары да қолдайды. Алдағы уақытта Айдана дүкендер желісін үлкейтіп, шәкірт тәрбиелеуді жоспарлап жүр.
Сымбат ҚУАНЫШ