Қоғам

Оқушыларға ортақ мәселе қозғалды

Жібек жолы ауданының әкімі Қарлығаш Әмірқызы №22 мектептің жоғарғы сынып оқушыларымен еркін форматтағы жүздесу өткізіп, жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Кездесу барысында жасөспірімдердің қауіпсіздігі, мектеп ішіндегі және сыртындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, соның ішінде буллингтің зардаптары мен оны болдырмау жолдары кеңінен сөз болды. Әкім оқушылардың өз ойларын ашық айтуына мүмкіндік беріп, олардың күнделікті мектеп өміріндегі проблемалары мен ұсыныстарын тыңдады.

Қарлығаш Әмірқызы жастарды бір-біріне құрметпен қарауға, кез келген жанжалдың алдын алуға және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Сондай-ақ оқушыларды өз ортасында көшбасшы болуға, қауіпсіз өмір салтын ұстануға және жауапкершілікті сезінуге үндеді.

Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде балалар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы бағыттағы шаралар Тараз қаласы мен Жамбыл өңірінде де белсенді түрде жалғасуда.

Кездесу соңында оқушылар әкімге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пайдалы ақпарат алды.

Мұндай ашық диалогтар жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың қауіпсіз ортада білім алуына септігін тигізеді.

Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы