Қоғам

Бала тәрбиесінде ең тиімді құрал – мейірім

Соңғы жылдары қоғамда жасөспірімдер арасындағы жанжал, буллинг, зорлық-зомбылық оқиғалары көбейіп кетті. Өзге өңірлерді айтпағанда, облысымыздың өзінде күн сайын бір оқушының соққыға жығылғаны, не болмаса өз сыныптасының, тіпті мұғалімінің тарапынан зәбір көргені туралы хабарлар жиі тарайды.

«Аюға намаз үйреткен – таяқ» деген мақал бұрын қатал тәрбиенің қажеттілігін меңзейтін еді. Бірақ XXI ғасырдың баласы басқа. Ақпарат дәуірінде өсіп келе жатқан ұрпақтың психологиясы нәзік, сезімі өте сергек. Бір ғана ауыр сөз немесе айқай оның жүрегінде үлкен із қалдырады. Ал енді баланы ұрып-соғып, жұдырықпен тәрбиелеу бұл тек тәніне емес, жанына жара салу.

Психологтардың айтуынша, бала зорлық көрген сайын оның бойында қорқыныш, тұйықтық, өз-өзіне сенімсіздік қалыптасады. Әсіресе ата-анасы немесе ұстазы тарапынан зәбір көрген бала өз пікірін ашық айта алмайды, -өз-өзін қорғауға дағдыланып өседі. Кішкентайынан «үндеме», «жылама», «былай істе» деген бұйрықтарға үйренген бала кейін қоғамда да өз орнын таба алмай, ұялшақ, жасқаншақ болып қалыптасады.

Тәрбие – ұрып-соғу емес. Тәрбие – түсіндіру, үлгі көрсету, тыңдай білу. Өкінішке қарай кей ата-аналар мен кейбір педагогтар әлі күнге дейін қаталдықты әдіс деп түсінеді. «Қазір ұрамын, сонда ғана тыңдайды», «Мұғалім ұрыспаса, бала оқымайды» деген ескі түсінік әлі жойылған жоқ. Бірақ бұл көзқарас дұрыс емес. Себебі бала қорқыныштан емес, сенімнен үйренуі керек. Мектептерде орын алып жатқан буллингтік әрекеттер де осының көрінісі. Бір бала екіншісін ұрып, қорлап, соны ерлік санайды. Мұғалім кейде бұған көз жұма қарайды немесе «балалар ғой, өздері шешеді» деп мән бермейді. Бірақ дәл осы «ұсақ» жағдайлардың соңы кейде үлкен трагедияға айналып жатады.

Бала – таза қағаз іспетті. Не жазсаң, соны бойына сіңіреді. Егер оған ұрып-соғу арқылы «тәртіп» үйретсек, ол зорлықты қалыпты жағдай деп қабылдайды. Мұндай бала өскенде не өзі қорқақ, не қатігез адамға айналады. Ал көпшілігі мүлде жасқаншақ, өз ойын айта алмайтын, өзіне сенімсіз болып өседі.

Бала тәрбиесінде ең тиімді құрал мейірім мен түсіністік. «Жұдырық емес, жүрек сөйлесін» деген сөздің мәні осында. Әке мен ана баласының қателігін сабырмен түсіндірсе, ұстаз шәкіртін айқайсыз, мысалмен, сеніммен тәрбиелесе бала өзін қауіпсіз сезінеді. Қазір көптеген дамыған елдерде мектептерде буллингке қарсы арнайы бағдарламалар енгізілген. Онда оқушылар бір-бірімен сыйластықта болуға, өз пікірін ашық айтуға, өзгеге тіл тигізбеуге үйренеді. Бізге де сондай жүйелі мәдениет керек. Бұл бағытта ата-ана, ұстаз және қоғам бірігіп жұмыс істемесе, нәтижеге жету қиын.

Жеткіншектің бойындағы жасқаншақтық бір күнде пайда болмайды. Ол жылдар бойы жинақталған қорқыныштың жемісі. Егер бала өз үйінде де, мектебінде де сөзін тыңдату қиын екенін сезсе, оның бойындағы батылдық жойылады. Мұндай бала кейін өмірдің қиын сәттерінде өзіне сенімсіздік танытып, шешім қабылдаудан қорқады. Сондықтан әр ата-ана баласының көзіндегі қорқынышты көрсе, ойланып қарасын. Мүмкін ол бір кезде айтылмаған жылы сөздің, көрсетілмеген мейірімнің жоқтығынан туындаған болар. Ал ұстаз үшін әр оқушы жеке әлем. Бір ауыз қатал сөз, бір әділетсіз баға сол әлемді тас-талқан етуі мүмкін.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ