Қоғам

Құқықтық сауаттылықты арттыру – уақыт талабы

Қазіргі қоғамда жасөспірімдердің құқықбұзушылыққа баруы – тек ата-аналар мен мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның назарында тұрған маңызды мәселе. Статистика көрсеткендей, биылғы жылдың алғашқы кезеңінде облыс бойынша жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық деңгейі жалпы 9,7 пайызға төмендеген. Әрине көрсеткіштің төмендегені қуантады. Дегенмен сала мамандары басты мақсатымыз тек сандарды азайту емес, жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастырып, оларды қауіпсіз ортада тәрбиелеу екенін айтады.

Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Әрбір отбасы мен мектеп, қоғам мен құқық қорғау органдары бірігіп әрекет етуі тиіс. Жасөспірімдерге заң талаптарын түсіндіру, қауіп-қатерді тану, өз әрекеттерінің салдарын бағалай білуге үйрету секілді профилактикалық жұмыстардың маңыздылығы осында жатыр.

Облыстық полиция департаментінің деректері көрсеткендей, биылғы жылдың алғашқы айларында жасөспірімдер арасындағы ауыр қылмыстар 87,5 пайызға, орташа ауырлықтағы құқықбұзушылықтар 21,4 пайызға төмендеген. Бұл – жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралардың тиімділігінің нақты көрінісі.

Облыстық полиция департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту мақсатында жыл басынан бері 2 424 рейдтік іс-шара өткізілген. Нәтижесінде 12 285 заңды өкіл мен ересек тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мысалы, 1 192 ата-ана балаларын дұрыс тәрбиелемегені үшін, 217 адам кәмелетке толмағандардың қоғамдық орындарға баруына жол бергені үшін, 245 жасөспірім хулигандық әрекеттері үшін, 7 174 кәмелетке толмаған түнде үйлерінен тыс немесе көңіл көтеру орындарында болғаны үшін жауапқа тартылған.

Сонымен қатар, 279 проблемалы отбасы және 415 жасөспірім есепке алынған. Ата-аналардың 63-і ата-аналық құқықтарынан айырылған немесе шектелген, ал 19 жасөспірім арнайы әлеуметтік-психологиялық мекемелерге бағытталған. Профилактикалық іс-шаралардың аясында 7 221 лекция мен әңгіме өткізілген, 814 ата-аналар жиналысы, 218 «дөңгелек үстел» ұйымдастырылған. Бұл іс-шаралардың барлығы жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.

Мысалы, 2025 жылдың 14 қарашасында ювеналды полиция қызметкерлері Тараз қаласы прокуратурасымен бірлесе отырып, ата-аналармен кездесу өткізді. Еркін форматта өткен жиында ата-аналарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сондай-ақ жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударудың маңыздылығы түсіндіріліп, профилактикалық бейнероликтер көрсетіліп, ата-аналардың сұрақтарына нақты жауап берілді.

Жалпы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық көбінесе әлеуметтік факторларға байланысты туындайды. Мысалы, кейбір ата-аналар таңның атысы, күннің батысы жұмыста болып, баласының бос уақытын қадағалай алмайды. Кейбір мектептерде құқықтық білім жеткіліксіз беріледі, ал кей балалардың жаман жолға түсуіне араласатын ортасына әсер етеді.

Дәрігерлер мен психологтар да жасөспірімдердің мінез-құлқына көңіл бөлу қажеттігін айтады. Өйткені, бала өз сезімдерін дұрыс бағыттай алмаса немесе қорқыныш, ашулану, реніш сияқты эмоцияларды дұрыс өңдемесе, бұл оның әрекетінде құқықбұзушылық ретінде көрінуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар мен педагогтар әрбір өзгерісті байқап, қажет жағдайда кәсіби көмекке жүгінуі тиіс. Мысалы, балада алаңдаушылық, тұйықтық, енжарлық немесе денесінде түсініксіз жарақаттардың болуы сияқты белгілер болса, бұл дереу назар аударуды қажет етеді.

Профилактикалық іс-шаралар тек құқықбұзушылықты анықтау мен жоюға бағытталмайды, сонымен қатар жасөспірімнің өзіндік жауапкершілігін арттыруға көмектеседі. Әрбір лекция, әрбір кездесуде балаларға заңды түсіну, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қауіпсіз өмір сүру дағдыларын үйрету мақсат етіледі. Сонымен қатар, ата-аналардың да құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Олар өз баласының әрекетіне жауапкершілікпен қарауды, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді үйренеді.

Жасөспірімдердің құқықтық мәдениеті – тек ересектердің бақылауымен шектелмейтін, әрқайсысының өз жауапкершілігін түсінуімен байланысты күрделі процесс. Сол себепті әрбір ата-ана өз баласының мінез-құлқы мен әлеуметтік ортасына назар аударуы, мектептердің құқықтық білімді күнделікті өмірлік мысалдармен толықтыруы, қоғам баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге белсенді қатысуы керек. Мұның бәрі жасөспірімдердің заңға құрметпен қарауы, қауіпсіздік және қоғамда өмір сүру мәдениетін қалыптастыруға әкеледі.

Қазіргі таңда аймақта жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралар нәтижесін беруде. Жоғарыдағы келтірген статистикада көрсетілгендей, ауыр қылмыстар мен құқықбұзушылық жағдайлары айтарлықтай төмендеп отыр. Бұл – жүйелі профилактикалық жұмыс пен қоғамның, мектеп пен ата-ананың бірлескен күшінің нәтижесі.

Сонымен қатар, жасөспірімдер үшін өз құқықтары мен міндеттерін білу өте маңызды. Әрбір бала заңды білуі тиіс, себебі ол өзіне қауіпсіздік пен жауапкершілікті қалыптастыруға көмектеседі. Мысалы, мектепте, үйде немесе интернетте қандай әрекеттердің заңға қайшы екенін түсіну – болашақта дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Жасөспірімдердің қылмысқа баруына әсер ететін факторлар көп қырлы және бір ғана себеппен шектелмейді. Ең негізгі ықпалдардың бірі – олардың әлеуметтік ортасы. Құрбы-құрдастарының арасында өз орнын таба алмаған, отбасында жеткілікті қолдау көрмеген немесе мектептегі қарым-қатынасында қиындықтарға тап болған балалар өзін қоғамнан оқшауланғандай сезінеді. Мұндай эмоционалдық күйзеліс олардың мінез-құлқында түрлі өзгерістердің пайда болуына әкеледі: тұйықталу, агрессия, басқаларға сенімсіздік немесе керісінше, өзіне сенімсіздік.

Осындай әлсіз сәттерде жасөспірімдер теріс әлеуметтік топтардың ықпалына оңай түседі. Өзін әлсіз сезінген бала топ ішінде «бедел» іздеп, қылмыстық әрекеттер арқылы өз орнын дәлелдеуге тырысады. Кейбірі достарының, көшедегі «үлкендердің» қысымына бағынса, енді бірі топтың қолдауын жоғалтпау үшін заңға қайшы әрекеттерге барады. Бұл – жасөспірімдік кезеңдегі психологиялық ерекшеліктердің табиғи көрінісі, алайда егер оған дер кезінде назар аударылмаса, салдары ауыр болуы мүмкін.

Жасөспірім өзін «тыңдамайды», «ештеңеден қорықпайды» деп ойлау да қате. Керісінше, олар ішкі қорқыныштары мен түсінбеушіліктердің арасында күйзеліп жүреді. Сол себепті кейбірі қылмыстық әрекеттерді «еркіндік», «күш», «баға алу» деп қате қабылдайды. Ал шын мәнінде, бұл олардың болашағына жасалған ауыр соққы. Қылмыстық жолға түсу жас адамның тек қазіргі өмірін ғана емес, болашақтағы мүмкіндіктерін де шектейді: оқуға түсу, жұмысқа орналасу, қоғамға бейімделу күрделене түседі.

Қылмыстық психология жасөспірімдер арасында ерекше рөл атқарады. Бұл сала мамандары балалардың тұлғалық дамуындағы өзгерістерді, олардың ойлау жүйесіндегі ерекшеліктерді, эмоциялық реакцияларын мұқият зерттейді. Себебі жасөспірімдердің құқықбұзушылық әрекеттеріне не түрткі болатынын дұрыс анықтау – алдын алу жұмыстарының ең маңызды бөлігі.

Ал психологтардың айтуынша, жас жеткіншектердің қылмыс жасауының басты себептерінің бірі отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуі екен. Яғни баланың немен айналысып, қайда барып жүргеніне ата-ананың назар аудармауы. Сондай-ақ кімдермен жолдас болып жүргені мен баланың әлеуметтік желілерге оңай қол жеткізуі де әсерін тигізіп тұр. Өйткені олар қылмысқа балалықпен, аңғалдықпен ұрынатын көрінеді. Бұл пікірмен психолог Әсия Серікова да келіседі.

Бұған қоса бала жақсы әдетті де, жаман әдетті де ең алдымен отбасында көретінін ескерсек, оның тәрбиесіне талбесіктен мән берген жөн. Осы ретте психолог Айгүл Байжанова ұлттық құндылықтарды ескеру керек екенін айтады.

Сонымен қатар ол жеткіншектердің тұманданған ойына одан сайын салмақ салмай жастар тілінде сөйлесудің маңызды екенін айтады.

Айжан ӨЗБЕКОВА