Заң

Профилактикалық керуеннің көпке көмегі тиюде

«Заң мен тәртіп» профилоктикалық керуенінің алғашқы кездесуі Меркі ауданында өтіп, мектеп оқушылары, студенттер, педагогтар және ауыл тұрғындары түрлі бағыттар бойынша мамандардан құқықтық кеңес алды.

Керуен құрамында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, прокуратура, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, кәмелетке толмағандар ісі, психолог, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, киберполиция, экстремизмге қарсы іс-қимыл, әкімшілік полиция, көші-қон, төтенше жағдай, денсаулық сақтау мен отбасын қолдау орталығының өкілдері болды.

Ауыл көшелерінен керуен автобусын байқаған Меркі ауданының тұрғыны Медет Түлеев жиынға келіп, интернет-алаяқтардың құрбаны болғаны туралы шағымданды. Киберполиция қызметкері сол жерде барлық мән-жайды мұқият сұрап, қажетті деректерді тіркеп, шағымның ресми түрде қабылданып, қаралуына жедел көмектесті. Қария мәселесінің бірден қолға алынғанына ризашылық білдірді.

Облыстық полиция департаменті басшылығы мұндай формат халықтың жағдайымен жақын танысып, қылмыстың тек салдарымен күресуге емес, алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл жоба арқылы өңір тұрғындарын қандай мәселелер толғандыратыны айқындалып, алдағы жұмыстың басым бағыттары белгіленбек.

Қызу пікірталасқа толы алғашқы кездесуді аяқтаған керуен тобы сапарын Шу ауданында жалғастырды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ