Қоғам

Отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жандандыру қажет

Халықтың ең күрделі өмірлік мәселелерін шешіп, құқықтық көмек беретін отбасын қолдау орталықтарының маңызы уақыт өткен сайын артып келеді. Биыл наурыз айынан бастап барлық орталықтарда «FSM» social цифрлық жүйесі енгізілді. Бұл жүйе отбасының электронды профилін жүргізуге және әртүрлі қызметтердің үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетованың айутынша, өңірімізде отбасын қолдау орталықтарын ашу туралы тапсырма 2023 жылдың 19 қаңтарында облыс әкімінің қатысумен өткен кеңестен кейін хаттамалық түрде берілген. Аймақ басшысының тапсырмасын, сондай-ақ сол кездегі Президент көмекшісі Тамара Дүйсенованың хаттамалық шешімін орындау мақсатында облыс әкімдігі биыл шілде айында әр ауданда отбасын қолдау орталықтарын ашудың бірыңғай жоспарын бекіткен.

– Бүгінгі таңда Тараз қаласы мен 10 ауданда отбасын қолдау орталықтары ашылғанымен, олардың жұмысы әлі де тиісті деңгейде ұйымдастырылмай отыр. Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Жуалы және Меркі аудандарындағы орталықтар ресми түрде ашылып, халыққа қызмет көрсетуде. Т.Рысқұлов және Сарысу аудандарындағы орталықтардың жұмысы формалды түрде жүргізіліп еді. Алайда Сарысу ауданы сыннан қорытынды шығарып, мобильді топ құрып, штаб жұмысын жолға қойып, қажетті мәліметтерін жинап, тапсырды. Т.Рысқұлов ауданы бойынша жұмыс әлі де көңіл көншітпейді, ғимарат пен қаражат мәселесін айтпағанда, цифрлық платформаға тіркеу үшін мобильді топтың мәліметтерін де толық бере алмай отыр. Қордай және Шу аудандарында орталық ашу туралы қаулы қабылданып, облыстық әділет департаментінде тіркеуден өтті. Директорлары тағайындалды, қаржы қарастырылып, штаттық бірліктер бөлінді. Мобильді топ құру жөніндегі аудандық шешімдер қабылданып, орталықтардың жұмысына талдау жүргізілді.

Сонымен қатар қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер негізінде мобильді топтың жұмыс алгоритмі әзірленді. Отбасын қолдау орталықтарының тиімді жұмысын бағалау критерийлері мен индикаторлары бекітілді. Орталық қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары жүйеленді, – деген Айжан Серікбайқызы бұған дейін қызметкерлерді жұмысқа қабылдаудың арнайы заңнамалық талаптары болмағандықтан, орталықтарға әлеуметтік салаға қатысы жоқ мамандар да жұмысқа орналасқанын атап өтті.

Мысалы, 1 директордың мамандығы сәйкес келмейді, ал 5 директордың әлеуметтік салада басшылық тәжірибесі жоқ болып шыққан. Сол секілді Сарысу ауданының отбасын қолдау орталығы 2025 жылдың ақпанында тіркеліп, сәуірде директор мен есепші тағайындалған. Алайда орталықтың іс жүзінде жұмыс істемегені шілде айында облыс орталығында өткен семинарда белгілі болған. Жұмыс барысын дұрыс түсінбеген жас директор есепшімен бірге кейін өз еркімен жұмыстан шыққан. Бірақ сәуірден бастап жұмыстан шыққан күнге дейін атқарылмаған жұмысқа жалақы алып отырған.

Осы ретте облыстағы отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жүйелеу және ведомствоаралық байланысты күшейту мақсатында «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығын облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығы ретінде қайта құру бастамасы қолға алыныпты. Айжан Есмағамбетованың сөзіне сүйенсек, бұл ұсыныс республикалық комиссия тарапынан оң бағаланып, өзге облыстарға үлгі ретінде ұсынылмақ.

Негізінде отбасын қолдау орталықтарының қызметі әлеуметтік, құқықтық, психологиялық кеңес беру, өмірлік қиын жағдайларға тап болған адамдарды, отбасыларды жан-жақты қолдау, некені және отбасын сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу жөніндегі шараларды іске асыруға бағытталған.

Бұл жұмыс ведомствоаралық іс-әрекетсіз жүзеге аспайтындықтан, әрбір қала, аудан әкімдігі жанынан мобильді топтар құру көзделген. Олардың құрамына білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдарының өкілдері, қала, аудан, ауылдық округ әкімдері, әлеуметтік сала мамандары кіреді. Қазіргі таңда ведомствоаралық іс-әрекетті тиімді ұйымдастыру үшін олардың бизнес-процестері отбасының цифрлық картасымен интеграцияланған «FSM» social платформасы арқылы жүзеге асады.

Облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғалидың айтуынша, қала және аудан әкімдіктері жанында «Өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және қолдау көрсетуді ұйымдастыру» бойынша 11 мобильді топ құрылған. Мобильді топтың құрамы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің осы жылғы №01-3-11/2911-И хатында көрсетілген ұсынымдарға сәйкес болуы тиіс. Алайда құрылған мобильді топтардың ешбірі аталған ұсынымдарға сәйкес келмей отырған көрінеді.

– Мәселен, Тараз қаласының мобильді тобының құрамы әкімнің өкімі бойынша 12,5 пайызын құрайды. Дегенмен Тараз қаласы топтың құрамын толықтыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, «FSM» social цифрлық платформасына 478 мобильді топ мүшесінің дерегі енгізілді. Жамбыл ауданында мобильді топ құрамы 35 пайыз, Жуалы ауданында 40,8 пайызды құрайды. Облыс бойынша мобильді топ құрамында 4 190 мүше болуы тиіс. Бірақ дәл қазір топ құрамы 1 932 адам, яғни тиісті меженің 46,1 пайызын ғана құрап отыр.

Тараз қаласы және аудан әкімдерінің өкімімен құрылған мобильді топтардың сапалық құрамын саралап айтып өтсем, білім беру саласы бойынша мобильді топ 1 446 қызметкерден тұруы тиіс болса, бүгінгі күнге 797 адам қамтылып отыр. Денсаулық сақтау саласы бойынша мобильді топқа 1 586 қызметкер енуі керек болған, алайда бүгінде 451 адам ғана бар. Ал құқық қорғау органдарынан мобильді топ құрамына 677 қызметкер кіруі керек болса, нақты 233 маман ғана қамтылып отыр.

Жалпы бұрнағы жылы отбасын қолдау орталықтарын ашу жөнінде тапсырма берілген кезде облыста делегация құрылып, оның құрамына полиция, білім және денсаулық сақтау саласының мамандары еніп, бәрі де Астана мен Түркістан қалаларында оқудан өткен болатын. Сондықтан мамандар бұл жұмысты білмейді деу қиын. Мәселен, Түркістан қаласында бізбен бірге денсаулық сақтау басқармасының мамандары да, полиция қызметкерлері де оқыды. Барлығы хабардар.

Аталған кемшіліктер орталықта жұмыс жүргізілмей отыр дегенді білдірмейді. Биыл облысымызға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері келіп, мобильді топтармен бірге әр ауданға шығып, пробация қызметімен жеке кездесулер өткізді. Екі жыл қатарынан ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырдық. Соның өзінде мобильдік жұмыстың нәтижесі әлі де төмен болып отыр. Барлық ауданға хат жолданды, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондықтан бұл мәселеге жауапкершілікпен қарау қажет. Біз өз тарапымыздан оқу-үйрету жұмыстарын жалғастырамыз.

Осы тұста салалық басқарма басшылары өз құзіреттілігі бойынша мамандарының ведомствоаралық жұмысқа толық қатысуын қамтамасыз етсе деген тілегіміз бар. Ал қала, аудан әкімдіктері мобильді топтың құрамын жасақтайтын кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен түскен ұсынымдарды басшылыққа алу керек.

«FSM» social цифрлық платформасына түскен сигналдар бойынша да айта кеткен жөн. Осы жылдың 29 қазанындағы мәлімет бойынша «FSM» social цифрлық платформасына тек 606 сигнал түскен. Пробациядан – 325, полициядан – 190, білім беру саласынан – 7, денсаулық сақтау саласынан 7 хабарлама келген. Осы стастикаға қарап интеграцияланған модель аясындағы ведомствоаралық жұмыста салалардың белсенділігінің қандай екенін көруге болады.

Қосымша ескере кететін жайт, аталған сала қызметкерлеріне «FSM» social цифрлық платформасына сигнал түсіру қосымша жұмыс істеуді қажет етпейді. Күнделікті өздерінің функционалдық қызметін орындау барысында өмірлік қиын жағдайдағы отбасын анықтаған кезде сигнал түсіреді. Жаңа цифрлі жүйенің тиімді тұсы бұрын қағаз жүзінде түрлі ақпаратты жазуға болатын болса, «FSM» social цифрлық платформасында нақты енгізілген шынайы мәліметтер ғана көрініс табады, – деген орталық директоры өңірімізде отбасының цифрлық картасының дерегі бойынша 337 143 отбасы цифрлық платформаға тіркелгенін жеткізді. Оның 20,4 пайызы «дағдарыс» және «мүшкіл» жағдайда.

Өкініштісі сол, қала, аудан көлемінде отбасын қолдау орталықтарын штаттық бірліктермен және ғимаратпен қамтамасыз ету мәселесі де көңіл көншітпей отыр екен. Э.Мырза-Ғалидың айтуынша типтік штат нормативі және ғимарат көлемі бойынша нормативтер Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған отбасын қолдау орталықтары жұмысын жетілдіру бойынша Жобалық кеңсесінің ұсынымына сәйкес әзірленген. Бұл заңнамалақ құжат өңірлік деңгейде келісілген, енді орталық мемлекеттік органдармен жуық арада бекітілетін болады. Ескере кетер бір жайт, отбасының цифрлық картасы деректеріне сүйенсек, Қордай ауданында 38 976, Меркі ауданында 19 515, Шу ауданында 21 880, ал Т.Рысқұлов ауданында 11 254 адам Д және Е категориясында. Осыншама адамның мәселесін шешу үшін 5-6 штаттың бөлінуі, оның ішінде халықпен тікелей жұмыс істейтін 2-3 маманның ғана болуы жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік бермейді. Сондықтан отбасын қолдау орталықтарының штаттық бірліктерін ұсынылып отырған кестеге сәйкес қарастыруды қажет етеді. Ал облыс орталығында халықтың тығыз шоғырлануына, Д, Е категориясында 85 мыңға жуық адам болуына байланысты Тараз қаласының екі ауданында екі орталық немесе филиал ашу қажеттілігі бар.

Ғимаратпен қамтамасыз ету бойынша ұсынылған нормативтерді басшылыққа алып, заңгер, психолог кабинеттерінің талапқа сай болуын, ғимараттың тұрғындарға қолжетімді жерде орналасуы да назарға алынуы тиіс.

– Облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетованың тапсырмасымен мобильді топтардың жұмыс алгоритмі, «Отбасын қолдау орталықтарының жұмыс тиімділігін бағалау критерийлері» әзірленді. Осы құжаттар бойынша ұсыныс беру үшін қала, аудан әкімдіктеріне хат жіберілген болатын. Дегенмен тек Тараз қаласынан ғана ұсыныстар түсті, ал аудандардан бұған қатысты ешқандай ұсыныс түскен жоқ. Аталған құжат облыс бойынша отбасын қолдау орталықтары қызметінің тиімділігінің негізгі көрсеткіштерін (KPI) айқындайды.

Қазан айында Динара Зәкиеваның бас болуымен келген республикалық комиссия мүшелері облыстағы отбасын қолдау орталықтарының жұмысын зерделеген болатын. Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталып, ұсыныстар берілді. Анықталғандай облыста 70 мыңға жуық отбасы, яғни отбасылардың 5/1 бөлігі – дағдарыс жағдайында. Бұл қоғамда отбасы құндылықтарының төмендеп, отбасылық қарым-қатынастардың әлсіреуінен болып отыр. Мемлекет басшысы былтырғы жылы «Неке және отбасы туралы» Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, отбасын қолдау орталықтарының мәртебесін заңмен бекітіп беруі бұл жұмысты ұйымдастыру аса маңызды екенін айқындайды. Мемлекеттік деңгейде үлкен мән беріліп отырған іске асқан жауапкершілікпен қарау қажет деп білемін, – деген Эльмира Инаятқызы ата-аналық міндетін орындамайтын, полиция есебінде тұрған отбасылармен жүргізіліп жатқан жұмыс жайында да айтып өтті.

Қазіргі уақытта өңірімізде полицияның есебінде перзентінің тағдырына бейқамдық танытқан 305 ата-ана тұр екен. Ал аудандардан түскен ақпарат бойынша 119 бала, 96 ата-анамен жұмыс жүргізілген. Оларға психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмек көрсетіліп, айына бір рет үйлеріне барып профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылады. Ерекше айтып өтерлік бір маңызды жайт, 2024 жылы 21 маусымда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің №211 бұйрығына сәйкес бекітілген медициналық-әлеуметтік есепке алуды жүргізу тәртібі бойынша қылмыс жасаған жасөспірімдер немесе оларға қарсы қылмыс жасалған жағдайда олардың есебін дәл осы отбасын қолдау орталықтары жүргізеді. Алайда көптеген маман бұл өзгерісті әлі білмейтін көрінеді. Сол секілді полиция есебіндегі балалардың отбасына қандай көмек қажет екенін анықтап, қажет қолдауды ұйымдастыру да аталған орталықтардың міндеті. Осы тұста орталық директоры лауазымды тұлғалар арасында тест өткізіп, осы ережелерді білу-білмеуін тексеру қажет екенін айтты.

Облыс бойынша жүргізілген талдау бірқатар аудандарда кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстардың екі есеге артқанын, ведомствоаралық іс-қимылдың жеткіліксіздігін, сондай-ақ цифрлық платформаларға деректердің толық енгізілмегенін көрсетіп отыр.

Сөзімізге дәлел Мойынқұм ауданында 7 395 отбасының 1 376-сы «Д» және «Е» санатында тұр. Өткен жылы қоғамды дүр сілкіндірген ауыр қылмыс дәл осы ауданда орын алғанына қарамастан, жағдайды түзету бойынша нәтиже мардымсыз. Аудан әкімдігі ғимарат пен қаржы мәселесін ұзақ уақыт шеше алмай, отбасын қолдау орталығын толық материалдық-техникалық қамтамасыз ету кешіктірілген.

Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаевтың айтуынша, қазіргі таңда орталық аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ғимаратынан үш кабинет алып, алғашқы қажеттіліктермен қамтамасыз етілген.

Отбасын қолдау орталығының жұмысы әлі де формалды сипатта қалып отырған ауданның бірі – Т.Рысқұлов. Мұнда ғимарат мәселесі де, қаржыландыру да толық шешілмеген. Сонымен бірге мобильді топтың мәліметтері цифрлық платформаға уақытылы енгізілмей келеді.

Аудан әкімі Ернар Есіркеповтың сөзіне сүйенсек, отбасын қолдау орталығы осы жылдың шілде айында құрылған. Алайда қаржы қараша айында ғана бөлініп, орталық директоры да қарашада тағайындалған.

Отбасын қолдау орталығының жұмысы дұрыс жолға қойылмай отырған Т.Рысқұлов ауданында кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар 9-дан 22-ге дейін өскен. Отбасылық зорлық-зомбылық фактілері үш есеге көбейген.

Меркi, Байзақ, Шу аудандарында да осындай күрделі жағдай байқалады.

Қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен отбасылық зорлық-зомбылық. Бұл түйткілді шешуде отбасын қолдау орталықтарының рөлі айрықша. Дегенмен аудандардағы жұмыс қарқыны баяу, дабылдар түссе де жүйеге толық енгізілмей отыр. Қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылардың мәселесіне бейжай қарауға болмайды. Өйткені отбасының тыныштығы – тұтас қоғамның тыныштығы, ел ертеңінің қауіпсіздігі.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ