Сауда саласындағы өсім – тұрақты дамуға негіз
Сауда саласының дамуы ел экономикасының негізгі көрсеткішінің бірі екені анық. Сол үшін де қазақ елі бүгінде әлем елдеріне әуе, су, құрлық жолдары және түрлі онлайн платформалар арқылы өз өнімін жеткізуді мақсат тұтқан.
АЛЫС-ЖАҚЫН ШЕТЕЛМЕН ҚАТЫНАС НЫҒАЮДА
Жалпы елдік тұрғыдан алып қарасақ, КСРО ыдырағаннан кейін маңайымыздағы өзбек пен қырғыз сауда жасауға келгенде алғашқы болып алдымызға түскенін жасырып қайтеміз? Қазірдің өзінде осы Құдай қосқан қос көршіміз жеміс-жидектен бастап, киім-кешегіне дейін біздің өңірге сатып, ішкі сұранысымызға сай әрекет етуде. Соның ішінде өзбек ағайындармен етене аралас-құраластығы бар Түркістан облысының тұрғындары сырт көзге бізден пысық болып көрінетіні рас. Мұндағы ең басты айырмашылық олардың әулиеаталықтарға қарағанда «қимылдаған қыр асатынын» ертерек түсінуінде болса керек. Сауда жасаудың әдіс-әрекеті мен мәдениетін, тұтынушыны өзіне жақын тартып сөйлесу тәсілін меңгерген олармен тілдесе қалсаң, сол жерден көзіңе түскен затты қалай құшақтап шыққаныңды байқамай қалуың ғажап емес.
Десе де қазір қазақ халқының дені нарық талабын кеш те болса сезінді. Сауда бар жерде бәсеке де болатынын ұқты. Мемлекет те бұл тұрғыда ішкі-сыртқы сауданы дамытуға барын салуда.
Осы тұста алыс-жақын шетелмен арадағы алыс-беріс жайын сөз етсек, мемлекетіміз бұл тұрғыдағы қарым-қатынасты уақыт өткен сайын күшейтіп келеді. Қазір әлемнің алпауыт елдерімен түрлі жобалар бірлесе жүзеге асырылып, түрлі іс-шаралар, форумдар мен келіссөздер, кездесулер, көрмелер, экономикалық келісімдер үздіксіз жүргізіліп жатыр. Осындай іс-әрекеттер Қазақстанның сыртқы байланысын кеңейтіп, өзара түсіністікті нығайта түсті.
Мәселен, жақында Қазақстан мен Өзбекстан арасында көлемі 70 миллион АҚШ доллары болатын экспорттық келісім жасалған болатын. Ташкент қаласында Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі мен «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы ұйымдастырған сауда-экономикалық миссияда бірқатар жетістікке қол жеткізілді.
Бүгінде Өзбекстан аумағында 876 қазақстандық кәсіпорын жұмыс істейді екен. Бұл дегеніміз 270 түрлі тауар позициясы бойынша сауда айналымы шамамен 500 миллион АҚШ долларына тең деген сөз. Миссия барысында қазақстандық кәсіпорындар өз өнімдерін таныстыра отырып, құрылыс материалдары, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия және қайта өңдеу салаларындағы өзбек әріптестерімен тікелей келіссөз жүргізді. Үйымдастырылған B2B форматындағы кездесулерде экспорттаушылар Өзбекстанның ірі дистрибьюторларымен және сауда желілерімен байланыс орнатқан.
Ал «QazTrade» компаниясының өкілдері нақты сатып алушылармен жасалған келіссөздердің берері мол болғанын, сол кездің өзінде 73,5 миллион АҚШ доллары көлемінде экспорттық келісімшарттарға қол қойылғанын, Өзбекстан нарығында Қазақстанның күнбағыс майына, ет пен қантына тұрақты сұраныс бар екенін атап өткен болатын.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда көлемі тұрақты өсім көрсетіп келеді. Биылғы жылдың жаз айларында екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 30 пайызға артып, 3 миллиард АҚШ долларынан асыпты. Ал Қазақстан экспортының көлемі 26,7 пайыздан аса ұлғайып, 2,2 миллиард АҚШ долларына жуықтаған.
Осы айдың ортасында Ташкент қаласында Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжанның Сауда және инвестициялар министрлері кеңесінің алғашқы отырысы өткені белгілі. Іс-шараға Қазақстан Республикасының атынан Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қатысқан еді. Министр өз сөзінде Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азиядағы экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші екенін алға тарта отырып, пікір білдірген-ді.
Министрдің сөзіне сүйенсек, бүгінде екі елдің үлесіне өңірішілік өзара сауданың шамамен 80 пайызы тиесілі көрінеді. Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 3,4 миллиард АҚШ долларына жетіп, 18 пайыздан аса өсім көрсетіпті. Арман Шаққалиевтің айтуынша, бұл нәтижелер Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері, сондай-ақ іскер топтар арасында қалыптасқан тұрақты ынтымақтастықтың тиімділігін дәлелдейді. Екі елдің министрлігінің алға қойған стратегиялық міндеті – өзара сауданы 10 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайту. Бұл мақсатқа жету үшін дәстүрлі шикізат саудасынан бірлескен өндірістерді дамытуға, өнеркәсіптік кооперацияны күшейтуге және жоғары қосылған құнды экспорттық тізбектер қалыптастыруға көшу қажеттігі назарға алынған. Бүгінде Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 2 400-ден аса кәсіпорын жұмыс істесе, олардың ішінде 500-ге жуық кәсіпорын бірлескен компаниялар екен. Екіжақты ынтымақтастықтың инвестициялық портфелі жалпы құны 1,7 миллиард АҚШ долларынан асатын 78 жобаны қамтиды. Соның ішінде 220,9 миллион АҚШ доллары көлеміндегі 13 жоба сәтті іске асырылыпты.
Арман Шаққалиев агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытына да баса назар аударылғанын айтады. Қазақстан Өзбекстанмен бірлесіп толық өндірістік тізбектер құруды, яғни бордақылау алаңдарын ұйымдастыруды, ет және сүт өнімдерін қайта өңдеуді, май-тоңмай саласын дамытуды, сондай-ақ шекара маңында агрокластерлер қалыптастыруды ұсынған. Қазақстан тарапы көлемі шамамен 14,5 миллион тоннаны құрайтын агроөнеркәсіптік өнімдердің экспорттық қоржынын кеңейтуге дайын екенін атап өткен. Бұл қоржынға дәнді және бұршақ дақылдары, майлы дақылдар, ұн және өсімдік майы кіреді. Осындай бастамаларды іске асыру азық-түлік қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, бірлескен өнімді Қытай, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия нарықтарына шығару мүмкіндігін кеңейтеді.
Жақында «Еңбек мамандықтары – экономикалық өсудің драйвері» тақырыбында өткен XXI Ресей-Қазақстан аймақаралық ынтымақтастық форумының өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту мен сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуда алатын стратегиялық маңызы айрықша екені белгілі. Мұндағы басты міндет – өзара тауар айналымын мүмкіндігінше қысқа мерзімде 30 миллиард АҚШ долларына жеткізу. Қазақстан мен Ресей қазіргі таңда 30 бірлескен жобаны жүзеге асырып жатса, олардың жалпы құны 4,4 миллиард АҚШ долларын құрап, 12 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылған. Болашақта қосымша 29 жоба іске қосылады деп жоспарланса, олардың жалпы құны 30,8 миллиард долларды құрап, 23 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.
КӨРСЕТКІШТЕР КӨҢІЛ КӨНШІТЕДІ
2025 жылдың 9 айындағы сауда саласындағы негізгі көрсеткіштер көңіл көншітерлік, сауда саласының нақты көлем индексі 108,8 пайыз болған. Номиналды түрде сауда көлемі 52,8 триллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанд 14,5 пайыз жоғары деңгейде қалыптасыпты. Өсім елдің барлық өңірлерінде байқалған.
Жақында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев сауда өсіміне ең көп үлес қосқан өңірлер ретінде Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Атырау және Қарағанды облыстарын атады. Аталған 3 мегополис пен 2 облыстың үлесіне жалпы сауда көлемінің 71,3 пайызы, яғни 37,6 триллион теңге тиесілі болған.
Сала құрылымында көтерме сауда үлесі 66,4 пайызды құрап отыр. Көтерме сауда көлемі 35 триллион теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанд 9,6 пайызға артыпты. Негізгі өсімге шикізаттық емес тұтыну тауарлары мен өндірістік-техникалық мақсаттағы тауарлар үлес қосқан сыңайлы. Бұлардың үлесі шамамен 82 пайыз болған.
Министр келтірген жедел бағалау деректеріне сәйкес, осы жылдың 9 айында онлайн-сатылым көлемі шамамен 2,7 триллион теңгені құраған екен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға жоғары көрінеді.
Жалпы сауданың көрігі қызуы үшін нарық сұранысқа ие өніммен лайықты қамтамасыз етілуі керек. Сонымен қатар әркім тауарды өз білген бағасымен сатса, бұл қарапайым халықтың қалтасын ұратыны анық. Сондықтан бағаны бақылау, әсіресе күнделікті тұтынуды қажет ететін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын өсірмеу маңызды мәселе. Бұл ретте Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, азық-түлік бағасын тұрақтандыру және ішкі нарықты өніммен қамтамасыз ету жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Соның арқасында мемлекеттік реттеу аясына жататын 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасы тұрақты деңгейде қалып отыр. Күздің басынан бері олардың индексі шамалы ғана өзгерген екен. Мәселен, тамызда – 0 пайыз, қыркүйекте – 0,2 пайыз, қазанда 0,2 пайыз өзгеріс болған.
Бүгінде елімізде бағаның тұрақтылығын сақтау үшін отандық өндірушілер мен сауда желілері арасында тікелей өзара іс-қимыл жолға қойылған. Апта сайын мониторинг жүргізіліп, сауда үстемеақыларының шекті мөлшерін сақтау қатаң бақылауда тұр. Еліміз бойынша қазан айында 400-ден аса ауылшаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, соның ішінде «Береке Fest» және «Republic Day» акциялары отандық өнімдердің қолжетімділігін арттыруға және бағаның өсуін тежеуге ықпал етіпті. Мәселен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ішкі нарықты қолдауға және халық үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған кең ауқымды «Republic Day» акциясында еліміздің барлық өңірінде ірі жеңілдіктер ұйымдастырылып, қазақстандықтар тұрмыстық және басқа да кең сұранысқа ие тауарларды 10 пайыздан 70 пайызға дейінгі жеңілдікпен сатып алған. Акцияға еліміздегі 220-дан аса сауда-ойын-сауық орталығы, сауда үйлері, супермаркеттер, ірі дүкен желілері мен онлайн-маркетплейстер сияқты сауда нысандары қатысқан. Ал облысымызда «Алатау» (ЦУМ), «Grand Bazar», «Mart», «Дос-Нар», «Диана», «DAMDES», «Mart-Magnat» секілді сауда орталықтары акцияға белсене қатысыпты. Жеңілдіктер негізінен тұтынушылық және тұрмыстық тауарларға, яғни киім, аяқ киім, электроника, тұрмыстық техника, үйге арналған заттар мен күнделікті сұранысқа ие басқа да өнімдерге жасалған екен. Акция офлайн және онлайн сауда нүктелерін де қамтыған. Онлайн форматта да бірқатар танымал платформалар қосылған. Мысалы, «Wildberries»-те жеңілдіктер 90 пайызға дейін барған. «Fortemarket»-те «FMFEST» промокоды арқылы 10 000 теңгелік бонус, «Kaspi Магазин» түрлі тауарлар санатына 58 пайызға дейін жеңілдік ұсынған көрінеді.
Десе де ақшаның құнсыздануына жол беруге болмайды. Бұл ретте азық-түлік инфляциясына әсер ететін негізгі факторларды ескерген жөн. Сол себепті министрлік мемлекеттік реттеуге кірмейтін, бірақ тұтыну себетіне енетін 160-тан аса азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыру шараларын жеке талқылаған болатын.
Сонымен қатар өнімнің өзіндік құнын төмендету де өзекті мәселенің бірі. Осы ретте ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді сөз етсек, мал және өсімдікшаруашылығында жемшөп базасын дамыту және негізгі шикізат түрлері, оның ішінде шикі сүт, күнбағыс тұқымы мен дәнді дақылдар бағасын тұрақтандыру тетіктері қарастырылған екен. Бөлшек саудадағы баға өсімін тежеу және нарықтағы болжамдылықты сақтау мақсатында ірі өндірушілер мен импорттаушылармен ерікті түрде баға белгілеу жөнінде келісімдер жасау қолға алынған. Ауылшаруашылық субъектілерін субсидиялау қағидаларына өндірілген өнімнің кемінде 50 пайызын ішкі нарықта өткізу талабы енгізілмек. Мұны ішкі нарықты отандық әрі қолжетімді өнімдермен толықтырудың және азық-түлік қауіпсіздігін арттырудың қамы десек те болады.
Бұдан бөлек, өнімді сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мәселесі де маңызды. Бұл ретте Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстаннан жеміс-жидек пен көкөніс жеткізу үшін «жасыл дәліз» тетігін енгізу бастамасы қолдау тапқанын айта кетуіміз керек. Мұның маусымдық баға ауытқуларын азайтып, жаңа өнімдердің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етудегі рөлі зор. Жекелеген тауар нарықтарында бағаның күрт теңгерімсіздігі немесе алыпсатарлық белгілері байқалған жағдайда, монополияға қарсы органның уақытша баға тұрақтандыру шараларын енгізу мүмкіндігінің Үкіметте талқылануы орынды. Әлеуметтік маңызы бар және басқа да азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жұмысы ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту және нарықтағы жағдайды тұрақты бақылау арқылы жалғасуда.
ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ҚОРҒАЛУДА
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – сауда саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы ретте өңірлердегі Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттері азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етіп, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Тауарды алғаннан кейін тұтынушы өнімнің жарамдылық мерзімі өткеніне немесе қандай да бір ақауы барына көз жеткізсе, оны ауыстыруды немесе ақшасын қайтаруды талап етуі қажет. Мұндайда көбіне сатушы немесе тауар өндіруші заңды талапты орындаудан бас тартуы әбден мүмкін. Сол кезде жергілікті жердегі тиісті департаментке жазбаша өтініш жолданып, оған фото және бейнематериалдар, бақылау-касса машинасының чегі және талап хаттың көшірмесі қоса берілсе азаматтардың құқығы қорғалуы оңай.
Осыдан кейін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес өнім өндіруші не саудалаушыға жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Тексеру барысында сатушының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген талаптарды және шағымды қарау мерзімдерін бұзғаны анықталса, оған тиісті шара қолданылады. Сонымен қатар ірі сауда желілерінде сатып алушы витринада көрсетілген баға мен кассалық чекте көрсетілген сома арасында айырмашылық бар екенін байқаса да шағымдана алады. Азаматтардың өтініші негізінде тиісті департамент мамандары тексеру жүргізіп, соның нәтижесінде кәсіпкерге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама береді және әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылады. Еліміздің әр өңірінде осындай заңсыздықтарға қатысты атқарылып жатқан шаруалар жетерлік.
Мысалы, осы жылдың 10 айында облыс бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің атқарған жұмысын сөз етсек, департаментке 1 361 өтініш түскен екен. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 467 өтінішке, яғни 52,2 пайызға көп. Былтыр 10 айда 894 өтініш түскен.
Жоғары келтірілген деректер азаматтардың өз құқықтары бұзылған жағдайда тиімді қолдау мен объективті қарауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз мүдделерінің қорғалуына сенеді деген сөз. Себебі облыстағы департамент мамандары тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Мысалы, әлеуметтік желілерде 1 992 материал жарияланса, өңірлік БАҚ-та 56 мақала жарық көріпті. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің сайтында 20 материал орналасса, облыстық радионың бағдарламасына мамандар 3 мәрте қатысыпты. 14 рет «Ашық есік» күні, өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында 5 брифинг ұйымдастырылыпты. «Азаматтық құқықтарды қорғау комитеті» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп 3 қоғамдық қабылдау өткізілген.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ