61 мың гектар жер қайтарылды
Облысымызда жер ресурстарын қорғау, жер телімдерін бөлу және игеру, бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бұл өз кезегінде ауылдық елді мекендердің жайылымдық инфрақұрылымын жақсартуға, шаруа қожалықтарының жерге қолжетімділігін арттыруға және өңірдің аграрлық әлеуетін күшейтуге оң әсерін тигізіп отыр.
Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Данияр Өтепов баспасөз мәслихатын өткізіп, осы жылдың екінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Басқарма басшысының айтуынша, есепті кезеңде аудандар тарапынан мал басы тіркелмей игерілмеген жерлерге шара қолдану бойынша Жер ресурстарын басқару департаментіне 419,3 мың гектар жердің құжаты жолданған.
Сондай-ақ басқарма тарапынан «Жайылымдар туралы» Заң талаптарын жүзеге асыру мақсатында облыстың барлық аудандарында жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жайылымдарды пайдалану жоспары мен схемасы қайтадан 5 жыл мерзімге бекіту жүргізіліп жатыр екен.
Қазіргі уақытта 9 ауданда (Меркі, Жамбыл, Талас, Сарысу, Жуалы, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Шу, Қордай) аудандарында бекітілген. Байзақ ауданында жайылым пайдалану схемалары жасалып, аяқталуда. Кәсіпкерлік мақсатта жерлерге сұранысты қанағаттандыру бойынша жоспар бойынша 160 учаске шығарылуы қажет болса, 9 айдың қортындысымен 117 учаске шығарылып, 382,2 миллион теңгеге бағаланып сатылған.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ