Жаңалықтар

2026 жылдан бастап балаларға арналған ұлттық бағдарлама күшіне енеді

Қазақстанда балалар халықтың 34 пайызын құрайды, әрі бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді, деп хабарлайды arainfo.kz

Демографиялық серпін еліміздегі бала құқықтарын қорғауға бағытталған мемлекеттік саясаттың тұрақтылығын айқын көрсетеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен өзге де халықаралық ұйымдар Қазақстанның балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету саласындағы табысты қадамдарына жоғары баға беріп келеді.

Қазақстан баланың тууын тіркеу бойынша әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірін көрсетіп отыр. Қазіргі деңгей халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.

2024 жылдан бері Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы кәмелетке толмағандардың жеке шоттарына аударылып келеді. 2025 жылы әр балаға шамамен 130 АҚШ доллары бөлініп, бұл қолдау 324 мыңнан астам баланы қамтыды. Екі жыл ішінде бір балаға жиналған орташа сома — 233 доллар.

2023 жылдан бастап 1,7 миллионнан астам бастауыш сынып оқушысы 100% тегін ыстық тамақ алады. Сонымен қатар, 953 мың балабақша тәрбиеленушісі де тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерден 207,4 млрд теңге бағытталды.

ЮНИСЕФ-тің 2024 жылғы зерттеуі Қазақстандағы балалардың тамақтану көрсеткіштері Еуропа мен Орталық Азия деңгейіне сәйкес екенін көрсетті.

Кәмелетке толмағандарға қатысты ауыр қылмыстар үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Енді мұндай істерді татуласу арқылы тоқтату мүмкін емес. Ең ауыр қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Келесі жылдан бастап балаларды қолдау мен дамытуға бағытталған барлық шараларды біріктіретін «Қазақстан балалары» бірыңғай ұлттық бағдарламасы іске қосылады. Жаңа құжат баланың өмірінің барлық кезеңін қамтитын кешенді стратегия болмақ.

Бұл қадамдар Қазақстанның бала құқықтарын қорғаудағы саясатты жүйелі түрде күшейтіп жатқанын дәлелдейді.