Жамбыл облысында үздік ҮЕҰ-лар марапатталды
Жамбыл облысында азаматтық сектордың дамуына айтарлықтай үлес қосып жүрген үкіметтік емес ұйымдар арнайы марапаттарға ие болды. Қоғамдық бастамаларды ілгерілетуге белсенді араласқан ұйым өкілдеріне дипломдар мен сертификаттарды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов табыстады, деп хабарлайды arainfo.kz
Бұл шара азаматтық қоғам институттарын ынталандыруды және олардың өңір өміріндегі рөлін күшейтуді мақсат етті.
Кездесу барысында бірнеше номинация бойынша үздік атанған ұйымдар марапатталды. «Мәдениет пен өнерді дамыту» номинациясында «Sheber Shanyraq» мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық бірлестігі жеңімпаз деп танылды. Ұйым жетекшісі Анар Бексұлтанның мәдениет пен өнерді өркендетуге қосқан үлесі жоғары бағаланды. Ал «Білім беру, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт» аталымының үздігі – «JASTAR» дамыту орталығы. Жастардың білімін арттыруға, танымдық белсенділігін көтеруге және спортқа қызығушылығын дамытуға бағытталған жобалары үшін ұйым басшысы Мұратбаев Қаныбек Жарылқасынұлы марапат иеленді.
Сонымен қатар «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранттық қаржыландыруымен жүзеге асатын «Тараз – азаматтық орталық» жобасы аясында «2025 жылғы белсенді ҮЕҰ» байқауының жеңімпаздары анықталды. Бұл байқау өңірдегі ұйымдардың қоғам өміріне қосып жатқан нақты еңбегін атап өтуді көздейді. «Әлеуметтік бастама көшбасшысы» номинациясында «Елім-ай Достық» қоғамдық бірлестігі жеңіске жетті. Төрайымы Ким Полина Александровна жетекшілік ететін ұйым әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларымен танылып жүр. Ал «Жастарды қолдаушы ҮЕҰ» номинациясының жеңімпазы – Жамбыл облыстық «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігі. Оның төрағасы Кеншинбеков Талғат Дүкенбайұлы жастардың патриоттық тәрбиесін нығайту және азаматтық белсенділігін арттыру бағытында атқарған жұмыстары үшін марапатталды.
Шара аясында «Жамбыл облысының үздік әлеуметтік жобалары» конкурсының нәтижелері де жарияланып, бас жүлде «KILEM» жобасына бұйырды. «Jambyl Civil Hub» жобасы шеңберінде өткізілген бұл конкурста әлеуметтік осал топтағы жастарды қолдауға арналған жоба ең үздік деп танылып, қатысушыларға кәсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін бастаманың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Жобаны жүзеге асырып отырған «Жамбыл Жастары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дятлова Наталья Викторовна да арнайы марапатқа ие болды.
Кездесу өңірдегі азаматтық қоғам өкілдеріне көрсетілген үлкен қолдау ретінде бағаланды. Марапатталған ұйымдардың әрқайсысы өз қызметі арқылы қоғамның дамуына үлес қосып, жаңа бастамаларды іске асыруға жол ашып келеді.