Жас ғалымдардың шамшырағына айналған ұстаз
Кез келген есімі елге танылған дарынды оқушының артында жастайынан тәрбиелеп, ғылымға деген қызығушылығын ашқан білікті маман тұрады. Сондай талай талантты шәкіртті шыңдаған ұстаздың бірі – Мирлан Жусамбаев. Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін педагог мектепте сабақ беріп қана қоймай, оқушылар көп қолданатын «Tik Тok» платформасына түсінікті әрі қызықты видеолар жариялап, физиканы креативты тәсілмен түсіндіреді.
Бейнежазбалары 8 миллионға жуық қаралым жинайтын физикті былтыр жыл соңында «Tik Tok»-тың әкімшілігі білім бағыты бойынша «Орталық Азиядағы үздік креатив контент иесі» деп марапаттады. Жаңашыл ұстаз сондай-ақ «Қазақстан мұғалімі – 2024» ұлттық сыйлығын жеңіп алған. Жақында физика ғылымын өміріне серік еткен азаматпен ұстаздық жолы, контенті туралы көбірек білу үшін әңгіме құрған болатынбыз.
Кейіпкеріміз физикаға бала кезінен қызығып өскен. Бәріміз кішкентай кезімізде түрлі құбылыстарға тамсана қарап «Бұлттар қалай жылжиды, жаңбыр қалай жауады, ұшақ қалай аспанға көтеріледі?» деп ойланатын едік қой. Мирланды да физика бағытын таңдауға итермелеген осы табиғат заңдылықтары екен. Ол мұғалім болу арқылы физиканы одан әрі зерттеп, оқушыларға сапалы білім бергісі келеді.
Туған ауылындағы орта мектепті аяқтаған соң сол кездегі Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Кейін Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде білімін жалғастырды.
Еңбек жолын 2011 жылы «Парасат» колледжінде бастап, бір жыл сонда жұмыс істейді. Кейін магистратураға түсуіне байланысты Алматы қаласына қоныс аударып, екі жыл ғылыми-теориялық дайындығын шыңдай түсіпті. Магистратураны аяқтағаннан кейін Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне жұмысқа орналасып, бүгінге дейін осы білім ордасында қызмет етіп келеді.
Мирлан Төлегенұлының пікірінше, физиканы жақсы түсіндірудің негізгі жолы – тәжірибе мен демонстрация. Ол оқушылардың құбылысты көзбен көріп, қолмен жасап көргенде ғана теорияны терең әрі ұзақ мерзімге есте сақтайтынын айтады. Осы себепті сабақтарында демонстрациялық тәжірибелерді, зертханалық жұмыстарды, өмірмен байланысты мысалдарды кеңінен қолдануды аса маңызды деп санайды.
Мирлан физика саласының өкілі ретінде «кез келген ғылыми зерттеу жұмысы жасалып болған соң, ол қағаз жүзінде қалып қалмауы керек» деп есептейді. Айтуынша, зерттеу жұмысы диплом немесе грамота үшін емес, өмірге еніп, қолдау тауып, адам өмірін жақсартуға бағытталуы тиіс. Сол себепті зерттеу жұмыстарымен айналысқанда шәкірттерімен қоғамға пайдасын тигізер әлеуметтік жобалар жасауға көңіл бөледі. Сондай тәжірибенің бірі – GPS-трекер. Аталған ғылыми жұмыс қазірге дейін қолданыста бар, сатылымда тұр. Бірнеше жыл бұрын оқушылары Бекнұр Қалмаханбет пен Дәурен Теңелбаевпен бірге әзірлеген осы зерттеу жұмысы кореялықтардың жайылымда жүрген малдың орнын анықтау жобасын жетілдіру ойынан туындаған. Түсіндіріп айтсақ, 2019 жылы Оңтүстік Кореяның «Lives’talk» командасы жануарлардың жайылымдағы орнын бірнеше секунд ішінде анықтайтын заманауи құрылғы жасап шығарады. Осылайша, кореялық мамандар малды іздеуге 5-6 сағатқа жуық уақыт жұмсайтын қазақстандық фермерлердің мәселесін шешті. Алайда құрылғыны тестілеу кезінде оның автономды қызмет ету мерзімі төмен екендігі анықталған. Осы тұста кейіпкеріміздің 12-сыныпта білім алып жүрген дарынды оқушылары Бекнұр Қалмаханбет пен Дәурен Тенелбаев аталған құрылғының жетілдірілген үлгісін ұсынды. Олар GPS Tracker-ді электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін желілік генератор құрастырды.
Өз сөзінде айтып өткендей, CLIL яғни, Content and Language Integrated Learning бойынша сертификатталған білікті маман сарапшы ретінде жаратылыстану-ғылыми пәндер мен ағылшын тілін интеграциялау саласында зерттеулер жүргізеді. Оның зерттеу нәтижелері 2018 жылы Италияда және 2022 жылы Арменияда өткен «European Conference on Educational Research» сияқты халықаралық конференцияларда, сондай-ақ ДББҰ ұйымдастырған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға ұсынылды. Сол секілді Мирлан Жусамбаев – білім беру саласындағы зерттеушілер қауымдастығының (KERA) мүшесі.
Сарапшы-мұғалім «Tik Тok» түсіруді екі жыл бұрын бастаған. Себебі оқушылар әлеуметтік желіні белсенді қолданады. Мұндай шешімді педагог оқушылардың көбіне «Tik Тok»-қа қызығатынын байқағаннан кейін қабылдаған. Басында ұстаздың өзі өрендердің әлеуметтік желілерге бейім болғанына қарсылық танытқан. Өйткені ондай қосымшалар оқушылардың уақытын сағаттап ұрлайды. Десе де шәкірттеріне желіні қолданба деп айту да орынсыз, ол адам құқығын шекту әрі бұл – заман талабы. Сондықтан балаларды қызықтыру үшін және өзге оқушыларға да білгенін үйрету мақсатында әлеуметтік желіні білім тарату құралы ретінде қарастыруды жөн көреді. Осы оймен әлеуметтік желілердің балаларға пайда тигізетін жолын іздеп терең зерттей бастады. Сол уақытта «Tik Tok»-та қазақша әрі танымдық контенттің аз екенін байқайды. Осылайша ресми парақша ашып, сабақ барысында жасайтын эксперименттерді ұялы телефонға түсіріп, желіге жүктей бастайды. Мақсаты – платформада қазақша білім беру бағытындағы танымдық материалдарды тарату. Бұл оқушыларға ғылымды түсінікті әрі көңілді түрде жеткізудің жолы болды. Нәтижесінде көптеген оқушының физикаға, сабаққа деген ынтасы, қызығушылығы артқан.
Шыны керек, көп оқушы химия, физика сынды пәндерді ұнатпайды, түсінгісі келмейді. Көбіміз үшін бұл сабақтар есеп шығарумен шектелді. Бірақ Мирлан сол олқылықтың орнын толтыру үшін еңбек етіп жүр. Мәселен, әшекейдің нағыз күміс екенін мұз арқылы анықтау, бойды қол арқылы өлшеу және тағы басқа қызықтарды мұғалім @physicsphenom парақшасына тұрақты салып отырады.
Оқушылардың тең білім алуын қалайтын педагог 800-ден аса өренді физикаға баулыған. Солардың жартысы осы бағытты мамандық ретінде таңдапты. Мысалы Жанайым Сембекова есімді оқушы сабақтар өте қызық өтетінін, түрлі эксперименттер жасалатынын, сол арқылы оқушылардың физика пәніне қызығушылығы оянғанын айтса, тағы бір оқушы Медина Әбдіхамит ұстазының арқасында олимпиададан бірінші орын алғанын айтты.
Қазіргі таңда физик оқушыларымен бірігіп екі ірі жобамен айналысып жатыр екен. Біріншісі – жасанды интеллект арқылы ауруды анықтайтын, ауруды анықтауда аппарат арқылы түсірілген түрлі кескінді талдайтын және дәрігерге көмекші болатын жүйе. Екіншісі –теміржол қауіпсіздігіне арналған құрылғы.
Тараз қаласы мен облыс аумағында теміржол өткелдері өте көп орналасқан. Сол себепті бұл аймақта қауіпсіздік мәселесі өзекті болып отыр. Кей жағдайларда машинист жолдағы көлікті немесе адамды дер кезінде байқамай қалуы мүмкін, оның салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алады. Осы мәселенің алдын алу мақсатында теміржол өткелдеріне арналған арнайы қауіпсіздік құрылғысын әзірлепті. Құрылғы жолда бөгде нысан пайда болғанын автоматты түрде анықтап, машинистке және жауапты қызметкерлерге жедел сигнал жібереді. Қазіргі уақытта бұл жоба «Қазақстан теміржолы» компаниясымен бірлесіп пилоттық режимде іске асырылып жатыр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ