Қоғам

Әлімжеттік әлеуметтік желіде де бар

Қазіргі қоғамда интернет адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе бұл кеңістіктің белсенді қолданушылары болып қалған жасөспірімдерді онлайн әлемнен алшақтату уақыт өткен сайын қиындап барады. Тек ас ішкенде немесе әлдебір қажетті шұғыл шаруа болмаса телефоннан бас көтермейтін жастарды жиі көріп жүрміз. Компьютер олардың саналы серігіне, әлеуметтік желі достық пен беделінің өлшеміне айналғалы қашан. Көпшілігі «Смартфонға желімделіп, планшетке бауыр басқандай» күн кешіп жүр.

Жалпы тиімді пайдалана білсе әлеуметтік желінің игілігі де мол екенін жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, білім іздеп, онлайн сабақ оқып, ойы озық достармен байланысып, шығармашылық жұмыспен айналысуға мүмкіндік зор. Ілім-білім үйренуге құлшынысы артқан жастар немесе тіл үйренуге үйір өрендер үшін бұл таптырмас құрал.

Нақты сандарды сөйлетсек, Қазақстандағы жалпы халықтың 96 пайызы интернетті қолданса, 92,8 пайызы цифрлық сауаттылыққа ие деген дерек бар. Бұл көрсеткіштер жасөспірімдерге интернеттің мүмкіндіктері кең екенін айқын көрсетіп тұр. Бірақ сонымен қатар тәуелділікке апаратын қаупі де орасан.

Жасөспірімдердің онлайн ортаға жан-тәнімен беріліп кететіні соншалық, тәуелді болып қалғанын сезбейді. Офлайн өмірдегі міндеттерін кейінге қалдырып, ештеңеге қызықпай селсоқ жүреді. Оқу үлгерімі төмендеп кетеді. Осы жағдайда ата-ана мен мектептің рөлі маңызды. Үлкендер тарапынан ескеретін жағдай, жасөспірімдердің не істеп жүргенін, қандай контент тұтынатынын, желіні қанша уақыт қолданатынын бақылау қажет. Сонымен қатар оларды интернеттен тыс белсенділікке, яғни спорт, шығармашылық арқылы виртуалды тәуелділіктен арылтуға болады.

Қалай десек те интернетке тәуелділік бүгінгі заманның жаңа індеті екенін мойындайтын кез келді. Бұл үрдіс баяу, көзге байқалмай енеді де, баланың санасын, мінезін, өмір салтын өзгертеді. Шынайы өмірдегі қиындықтар, сабыр мен еңбек секілді ұғымдар онлайн ортада екінші орынға ысырылады. Көптеген жас өз өмірін желідегі танымал тұлғалармен салыстырып, сондай болуға ұмтылып, тіпті әке-шешесіне танымал бола алмағаны үшін ренжиді. Кейде өзін бағалау процесі төмендеп, күйзелісі күшейеді.

 

КИБЕРБУЛЛИНГ ҚАЛАЙ БАСТАЛАДЫ?

Онлайн әлемдегі басты қауіптің бірі – кибербуллинг. Ол бірден байқалып, көзге көрінетін үлкен дүние немесе әрекет емес. Керісінше, қарапайым жағдайдан басталып, кейін үлкен психологиялық қысымға ұласады.

Әлеуметтік желілерде әдемі көрінуге тырысу, жазылушылар санына мән беру, өзгелердің пікіріне тәуелді болу жас балалар үшін қалыпты жағдайға айналғанын сөз еттік. Дәл осы сәтте олар өздері жайлы жеке деректерін бөлісіп, фотоларын жариялап, бөтен адамдарға есік ашып, ішкі әлемін ақтаруға мүмкіндік жасап береді. Мұндай жағдайда кез келген бала мазақтың, тіл тигізудің немесе қорқыту әрекеттерінің нысанасына айналуы мүмкін.

Мектеп ішіндегі ұсақ жанжалдың өзі онлайн кеңістікке ауысып кетсе, күрделене түсетіні бар. Дәл сол сияқты топтық чаттарда басталған әзіл-күлкі бір баланың намысына тиіп, көпшіліктің қудалауына ұласуының куәсі болып жүрміз. Достар арасындағы түсініспеушілік, қызғаныш немесе бәсекелестік интернетте ашық түрде жалғасып, балаға зиян келтіреді. Мұндай жағдайда бала өзін қорғаудың орнына, басына түскен жағдайды жасыруға тырысады.

Одан бөлек жеткіншектер бейтаныс адамдармен сөйлесуге бейім келеді. Бұл әрекеттер қызығушылық танытқандарға оның осал тұсын табуға таптырмас мүмкіндік. Көп жағдайда кибербуллинг бір ғана қорлайтын пікірден басталады. Кейін фотоларды рұқсатсыз жариялауға, жалған ақпарат таратуға, қауесет тудыруға дейін ұлғайып кетеді.

Жасөспірімнің өзін-өзі іздеуі, өзгелердің қабылдауына тәуелді болуы, эмоциясының өзгере беруі оларды интернеттегі жағымсыз әсерге сынып кетердей әлсіз етеді. Сол сәл ренжіткен пікірдің өзі бала көңілінде терең із қалдырады. Мұндай келеңсіздіктер оқуға, мінез-құлқына, тіпті денсаулыққа әсер етіп, заманауи қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Қарапайым қате қадамдардан, байқамай жасалған әрекеттерден немесе эмоциялы жауаптан үлкен кибербуллинг туындауы мүмкін. Сондықтан балалардың цифрлық сауаттылығын арттырып, олардың онлайн мінез-құлқын бақылап, қауіпсіздік ережелерін үйретіп отыру шарт. Бұл бүгінгі күні ата-ана мен мектептің ортақ міндеті. Жеткіншектер интернеттегі еркіндікті жауапкершілікпен меңгермесе, кибербуллинг қаупі төне бермек.

Кибербуллинг мәселесі соңғы жылдары күрт күшейіп, осы мәселе бойынша психологқа жүгінетіндердің саны да көбейіп отыр. Баланың күнделікті мінезі өзгеріп, көңіл күйі түсіп жатса да, көп жағдайда ата-ана мұны жас кезеңіне тән құбылыс деп қабылдап, мәселенің түп-төркінін аңғармай қалады. Ал шын мәнінде буллингтің онлайн түрі тыныш қана басталады. Есесіне баланың көкейінде үлкен дақ қалдырады.

 

ТАПСЫРМА – КИБЕРБУЛЛИНГТІҢ ЖАҢА БЕТ-БЕЙНЕСІ

Кибербуллингке ұшырататын зиянды ойындар туралы естуіңіз бар ма? Әдетте мұндай ойындар жасөспірімдердің қызығушылығын оятып, «ерекше сынақ» немесе «жасырын тапсырма» ретінде ұсынылады. Бастапқы кезде олар қарапайым, зиянсыз көрінеді. Белгілі бір уақыт аралығында ұйықтамай отыру, қара түсті заттың суретін жіберу, бейтаныс символды параққа салу сияқты бейкүнә тапсырмалардан басталады. Алайда ойынның шынайы бет-бейнесі бірнеше күннен кейін ашылады.

Мұндай ойынның артында тұрған аноним тұлғалар баламен психологиялық байланыс орнатып, оны бақылауға алуға тырысады. Осыдан кейін тапсырмалар өзгеріп, қауіпті сипатқа көше бастайды. Баланың жеке деректеріне қол жеткізуге ұмтылатын хабарлама, үрей тудыратын бейнелер, қорқыту элементтері біртіндеп күшейе түседі. Әр қадамын бақылап отырғандай әсер қалдыратын қысым жасөспірімнің ішкі әлемін әлсіретіп жібереді. Осындай ойындарға қатысқан балалардың көпшілігі мұның кибербуллинг екенін түсінбей, «құпия клубқа» мүше болдым деп ойлайды.

Осы орайда тағы да психологтың кеңесіне құлақ түріп көрелік.

Осындай ойындар балалардың психологиясына ғана емес, олардың қоршаған ортамен қарым-қатынасына да кері әсер етеді. Жеткіншектер көбінесе «мені түсінбейді» деп ойлап, ешкімге тіс жарып айтпауға бекінеді. Сондықтан ата-ана баласымен ашық сөйлесіп, оны жазғыру емес, тыңдау арқылы қолдап отырғаны жөн. Ал мектеп пен қоғам балаларға интернеттегі қауіпсіздік мәдениетін үйретіп, оларды күдікті ойындардан сақтандыруы қажет.

Кибербуллингке бағытталған ойындардың қауіптілігі жасырын басталып, тез өршуінде. Сол себепті ата-аналар баласының цифрлық өміріне көңіл бөліп, қауіптің алдын алу үшін қолдау көрсетуі тиіс. Балаларға интернеттегі қысымға қарсы тұрудың жалғыз жолы сенім мен қауіпсіз орта қалыптастыру екенін түсіндіру көп нәрсені өзгертуге ықпал етеді. Жеткіншек өзін жалғыз сезінбесе, мұндай ойындардың арбауына түсу қатері де әлдеқайда азаяды. Сондықтан балаға өзін жалғыз сезінуге мүмкіндік бермеу керек. Олар өзін отбасы қатты жақсы көретінін сезінуі басты шарт, өзгермейтін заңдылық болып қалуы маңызды. Олар өз үйіндегі адамдардан артық адам жоқ екенін ұғынған сәтте сырттан жылулық іздемейді.

Кибербуллинг пен киберқысым – аса қауіпті әлеуметтік құбылыс. Ол дәстүрлі буллингтен әлдеқайда күрделі, өйткені бала қысымды экран арқылы қай кезде, қай жерде болсын қатты сезінеді. Бір ғана қорлаған пікір, масқаралайтын сурет немесе белгісіз аккаунттан келген талап жеткіншектің психикасына ауыр салмақ түсіреді.

Киберқысымның күшеюіне жасөспірімдер арасындағы цифрлық мәдениеттің әлсіздігі, ата-аналардың онлайн әлемнен бейхабарлығы, мектептегі алдын алу жұмыстарының жеткіліксіздігі де себеп болып отыр. Ал мұндай жағдайды тоқтатудың басты жолы – ересектердің қолдау көрсетуі. Баланың эмоциялық жай-күйін бақылау, ашық сөйлесу, түсінуге тырысу бәрінен маңызды. Жасөспірім өзін қауіпсіз сезінетін, ойын ашық айта алатын орта құрылғанда ғана мұндай қысымның әсері әлсірейді. Кибер қысымды болдырмау мақсатында ата-ана, мұғалім, психолог барлығы бірігіп, интернет кеңістігін қауіпсіз етуге күш салуы қажет. Кибербуллингтің алдын алу бір адамның қолынан келмейді. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ