Діни ахуал тұрақты
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев өңірдегі діни ахуалдың жай-күйі және 2025 жылы дін саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда облыстағы діни ахуал бірқалыпты, тұрақты сипатқа ие. Бұл тұрақтылықтың негізінде жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және діни бірлестіктердің үйлесімді өзара іс-қимылы жатыр.
Басқарма еліміздегі негізгі заңдарға сүйене отырып жыл бойы түсіндіру, алдын алу, мониторинг, ақпараттық қауіпсіздік және қоғаммен байланыс жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Сәкен Мыңбаев брифинг барысында өңірдегі конфессиялық ахуалға, діни бірлестіктердің қызметіне, олардың мемлекетпен өзара қарым-қатынасына, сондай-ақ деструктивті діни ағымдарға қарсы жұмыстардың тиімділігіне кеңінен тоқталды.
Облыс аумағында 396 діни ұйым өз жұмысын заң аясында жүргізіп отырса, 350-і ислам бағытындағы мешіттер, қалғандары христиандық және басқа да конфессиялар. Облыстағы миссионерлік қызмет те заңға сәйкес жүргізілуде. 4 миссионер тіркеуден өткен, олардың әрқайсысының қызметі тұрақты бақылауда.
Рухани білім беру саласы да назардан тыс қалмаған: «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінде және «Қордай» Құран қарилар орталығында жалпы 300-ге жуық шәкірт білім алып, болашақ діни кадрлар даярлануда.
125 маманнан тұратын 16 ақпараттық топ аймақтың барлық өңірінде үздіксіз кездесулер өткізіп келеді. Топ мүшелерінің қатарында теологтар, дінтанушылар, имамдар, психологтар бар. Олар білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында, әскери бөлімдерде, түзету мекемелерінде және жастар көп шоғырланатын орындарда мазмұнды түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе қауіп-қатер деңгейі жоғары ортаға – сауда орындары, құрылыс алаңдары, жатақханалар мен жұмыс базарларына ерекше назар аударылған. Бұл бағытта арнайы жоспар әзірленіп, мақсатты кездесулер ұйымдастырылған.
Айжан ӨЗБЕКОВА