Облыстың даму қарқыны жоғары
Әр салада қол жеткізілуі тиіс межелі көрсеткіштер нәтижелі орындалса, облыстың экономикасы тұрақты дамитыны анық. Әсіресе табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, өндірісті өркендетуге, қайта өңдеуді жандандыруға, инвестиция көлемін ұлғайтуға күш салынса, экономика алға жылжиды.
КЕЙ САЛАДА КӨРСЕТКІШ НЕГЕ ТӨМЕН?
Әулиеата өңірінің осы жылғы қаңтар-қыркүйектегі әлеуметтік-экономикалық дамуына зер салсақ, облыстың жалпы өңірлік өнімі 1 триллион 550 миллиард 600 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 107,9 пайызды көрсетіпті. Ал қысқа мерзімді экономикалық индикатор – 110,2 пайыз. Өсім экономикадағы негізгі салалардың өндіріс көлемін арттыру есебінен қамтамасыз етіліпті. Атап айтсақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 18,3 пайызға, құрылыс жұмыстары – 16,5, байланыс – 9,1, ауылшаруашылық – 3,1, көлік – 2,7, сауда 1,4 пайызға артқан. Өнеркәсіп саласында есепті кезеңде облыстың кәсіпорындары 967,8 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, 18,3 пайыз өсімді көрсеткен. Осылайша біздің аймақ республика бойынша өңірлер арасында бірінші орынға көтеріліпті. Өсім негізінен тау-кен өндірісінде 41,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 13,3 пайызға, электрмен жабдықтауда 10,1 пайызға, сумен жабдықтауда 5,4 пайызға ұлғаю есебінен қамтамасыз етіліпті.
Жалпы облыстағы өнеркәсіптің 63 пайызын өңдеу өнеркәсібі құрайды. Биыл осы салада 609 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 13,3 пайызға ұлғайған. Өңдеуші өнеркәсіптің өсімі химия саласында, тамақ өнімдері, құрылыс индустриясы, мұнай өңдеу және машина жасау сияқты салалар арқылы қамтамасыз етілген. Мысалы, мұнай өңдеуде 144,5 пайыз өсім бар болса, құрылыс индустриясы 135,8 пайызға артқан.
Алайда кей салаларда өндіріс төмендеп отыр. Металлургия саласында 14 пайызға, жеңіл өнеркәсіпте 6,4 пайызға азайған. Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, металлургиядағы нәтиженің төмендеуіне әлемдік нарықтағы ферроқорытпа бағасының тұрақсыз болуы және шикізаттың жеткіліксіздігі себеп болған. Сондықтан «Тараз металлургиялық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ферросиликомарганец өндірісін 2023 жылғы мамырдан бастап тоқтатқан. Жеңіл өнеркәсіп бойынша «Таразкожобувь» ЖШС-нда арнайы аяқ киім өндірісі азайған. Себебі еліміздің Қорғаныс министрлігінен түсетін тапсырыс көлемі кеміген. Соның салдарынан бұл өндіріс орны биыл бар-жоғы 20 мың жұп аяқ киім өндіріпті. Аудандар бойынша да өсім біркелкі емес. Сарысу және Мойынқұм аудандарында өңдеу өнеркәсібі азайған. Сарысу ауданында «Асыл-тұз» ЖШС жөндеуде тұрса, ал «Интеррин» ЖШС бұрғылау жұмыстарын тоқтатқан. Мойынқұмда «Мыңарал Тас Компани» серіктестігінде портландцемент өндірісі біршама азайған, яғни 1206,4 мың тоннаға дейін кеміген. Өткен жылы бұл кәсіпорын 1217,8 мың тоннаға дейін өнім өндірген екен. «Алтыналмас» компаниясы да алтын өндірісін азайтып, 1488 мың тоннаның орнына 1396 мың тонна өнім шығарған.
Негізінде жоғарыда мысалға келтірілген сандар облыстың тұрғын үй және инфрақұрылым саласы тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Өйткені кей ауданда республикалық бюджет тарапынан көрсетілер қолдау бойынша бұрын ірі құрылыс қолға алынып, биыл ондай шаруа атқарылмауы мүмкін. Есесіне тұрғын үй немесе мектеп секілді басқа да нысандардың пайдалануға берілуі облыс орталығынан бөлек, аудандарда да қарқынды жүргізіліп, жаңа нысандардың ашылып жатқаны белгілі. Сондықтан халықаралық жолдар мен негізгі коммуникациялар бойынша жүргізілген ірі жобалар құрылыс саласының жалпы көлемінің орындалмай қалуына айтарлықтай әсер етіп отырғанын ескеруіміз керек.
ИНВЕСТИЦИЯ – ЕЛ ИГІЛІГІ
Инвестиция тарту бағытында қандай шаруалар атқарылып жатқанын білу үшін біз Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркеповке хабарластық. Ол инвестициялық серпіліс аудан экономикасын жетістікке бастайтынын, қазіргі таңда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытында оң өзгерістерге қол жеткізілгенін сөз етті.
Өткен жылы 45 жобаға 5,8 миллиард теңге бөлініп, 37 жоба толық іске асыпты. Қайыңды, Сабденов және Қорағаты елді мекендерінде 3 фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілген екен. Аққайнар, Мамыртөбе, Қосапан және Тойқұдық ауылдарына таза ауызсу жеткізіліпті. 19,5 шақырым жол жөнделіп, 13 елді мекен қамтылған.
ШУДА ШЕШІМІН ТАПҚАН МӘСЕЛЕ КӨП
Шу ауданында да экономиканың дамуы тұрақты. Өнеркәсіп саласында 92 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың көрсеткішінен едәуір жоғары болған. Ауылшаруашылығы саласында 61,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, тұрақты өсім байқалған. Тұрғын үй құрылысы 28,3 мың шаршы метрді құрап, меже жоспардан асыра орындалған. Сауда айналымы 27,8 миллиард теңгеге жетіп, бұрынғы көрсеткіштен біршама жоғары болған. Құрылыс жұмыстары 34,1 миллиард теңгені құрап, инвестициялар көлемі 78,6 миллиард теңге деңгейінде қалыптасқан.
Бүгінде аталған аудандағы теміржол бекетінің ғимаратын жөндеу, «Жеңіс» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. «Жеңіс» саябағы осы айдың соңына дейін пайдалануға беріледі екен.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ