«Astana Hub»-та білім беру курсы басталды
«Astana Hub» халықаралық инновациялық кластері мен Цифрлық индустриялар академиясы бірлесіп «Нейрожелілерді пайдалана отырып, бренд қалыптастыру» атты білім беру жобасын іске қосты.
Курстың мақсаты – қазақстандықтарға жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жеке брендін, бизнесін және шығармашылық жобаларын дамыту үшін тиімді пайдалануды үйрету.
«Astana Hub» цифрлық білім беруді және ЖИ-құзыреттерді дамыту бағыттарын белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Бұған дейін іске қосылған «ЖИ негіздері: ChatGPT», «Деректерді талдау және Python негіздері», «Промпт-инжиниринг негіздері» және QazCoders сынды серіктестік онлайн-курстар он мыңдаған қазақстандыққа заманауи цифрлық мамандықтар мен құралдарды меңгеруге мүмкіндік берген болатын.
Жаңа оқу бағдарламасы төрт апта бойы онлайн форматта өтеді және 20 бейнесабақтан тұрады. Сабақтарда нақты кейстер талданып, қосымша материалдар ұсынылады.
Формат қатысушыларға өзіне ыңғайлы уақытта оқуға және жұмыспен немесе оқуымен қатар үйлестіруге мүмкіндік береді. Курс бастапқы деңгейдегі мамандарға, дизайнерлерге, маркетологтарға және кәсіпкерлерге арналған.
Жаңа курс технологиялардың креатив индустриясын қалай өзгертетінін түсінуге, сонымен қатар бренд жасаудың практикалық құралдарын меңгеруге мүмкіндік береді. Қатысушылар бренд стратегиясын әзірлеуді, визуалды жүйе құруды, түстер мен қаріптерді таңдауды, логотип жасауды, сондай-ақ Midjourney, ChatGPT және Canva AI сияқты нейрожелілерді идеялар, визуалдар мен мокаптар генерациялау үшін пайдалануды үйренеді.
Курс менторы Цифрлық индустриялар академиясының тәлімгері, «GForce Grey» агенттігінің арт-директоры және «Creative Group Head» маманы Дайана Молдағұлова.
Курсты аяқтаған қатысушылар сертификат алып, ЖИ көмегімен әзірленген мини-брендбукпен өз портфолиосын толықтыра алады.
Жоба қатысушыларды технологияны өзін-өзі дамытуға, бизнесін ілгерілетуге және жылдам өзгеріп жатқан цифрлық әлемде өз орнын нығайтуға шабыттандыруға бағытталған.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі