Цифрлық Қазақстан

Даниил – киберспорттың көшбасшысы

Қазақстанда киберспорттың дамуы соңғы жылдары ерекше қарқын алды. Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының 2018 жылғы 25 маусымдағы бұйрығымен киберспорт ресми түрде мойындалып, спорт түрлерінің тізіміне енгізілгелі елімізде кәсіби деңгейге бет алған ойыншылар қатары көбейді. Киберспортқа кәсіби мансапқа жол ашатын алаң ретінде қарау тенденциясы қалыптаса бастады. Осы бағытта табысқа жетіп, әлемдік аренада Қазақстан атын танытып жүрген жиырма жастағы Даниил Голубенко – бүгінгі киберспорттың шынайы феномені.

2005 жылы Семейде дүниеге келген Даниилдің киберспорттағы алғашқы қадамдары мектеп кезінен басталды. Бүгінде Даниил Counter-Strike 2 (бұрынғы CS:GO) дисциплинасы бойынша әлемнің ең беделді ұйымдарының бірі – бразилиялық «FURIA Esports» командасының негізгі ойыншысы.

Даниилдің командалық дебюті Астанада өткен «PGL Astana – 2025» турнирінде болды. Бұл жарыста «FURIA Esports» командасы жартылай финалға дейін жетіп, «SPIRIT» командасына 1:2 есебімен жол берген болатын.

Қытайда өткен «IEM Chengdu – 2025» – киберспорт тарихындағы ең беделді жарыстардың бірі. Бір миллион долларлық жүлде қоры үшін әлемнің 16 үздік командасы бақ сынасты. Финалда «FURIA Esports» командасы франциялық «Team Vitality»-мен кездесіп, барлық үш картаны қатар жеңді: Ancient – 13:11, Inferno – 13:10, Overpass – 13:11. «Team Vitality» сапында әлемнің үш дүркін үздік ойыншысы, CS сахнасының аңызы саналатын Матье Эрбоның («ZywOo») Хербаттың өнер көрсеткенін ескерсек, бұл жеңіс «FURIA Esports» үшін де, Даниил үшін де айтулы тарихи сәт болды. Әрі Даниил Голубенко «IEM Chengdu – 2025» турнирінің ең үздік ойыншысы (MVP) атанып, мансабындағы екінші MVP марапатына ие болды. Отандасымыз 14 картада орташа 1,27 рейтинг көрсетіп, өзінің халықаралық деңгейдегі жоғары шеберлігін дәлелдеді.

«IEM Chengdu»-ға дейін де жас қазақстандық екі беделді жарыста топ жарған еді. «FISSURE Playground 2» және «Thunderpick World Championship – 2025» турнирлерінде жасындай жарқылдап, мықтылығын дәлелдеді. Бұл жеңістер Даниилді CS2 дисциплинасы бойынша «Жылдың үздік жаңалығы» атағына басты үміткер етті.

Даниил кәсіби мансабын «ALLINNERS» ұйымынан бастап, кейін «DMS» және «AMKAL» құрамдарында шыңдалды. Әр командада жинаған тәжірибесінің арқасында отандасымыз «FURIA Esports» командасының сапына қосылып, әлемдік деңгейде жарқырауға мүмкіндік алды.

Даниилді енді маусымның ең беделді жарыстарының бірі – «StarLadder Budapest Major – 2025» күтіп тұр. Бұл турнирдегі табысты ойын Голубенконың жаңа жұлдыз екенін түбегейлі дәлелдеп, оны халықаралық киберспорттың басты тұлғалары қатарына қосары даусыз.

Даниил Голубенко – Қазақстан тарихында CS2 дисциплинасы бойынша халықаралық деңгейде MVP атағын алған алғашқы ойыншылардың бірі. Оның жігері, еңбегі мен табандылығы Қазақстандағы мыңдаған жас геймерге үлгі болып, киберспорттың жай ойын емес, кәсіби мансапқа айнала алатынын дәлелдеп отыр.

«AR-AI» ақпарат