Қайта қылмыс жасау азайған
Жуырда облыс прокуроры Берік Әбіловтің төрағалығымен құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар басшыларының қатысуымен қылмыстың қайталануын азайту бойынша қабылданған шаралардың тиімділігі мәселесі бойынша алқа отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров қатысты.
Облыс прокуроры прокуратураның «Қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алу» жобасы аясында қабылданған бірлескен шаралардың нәтижесінде пробация қызметінің есебіндегі тұлғалар арасында бұрын жасалған қайталанатын қылмыстар 20 пайызға, сотты болғандармен 37,4 пайызға және соттылығы өтелмегендермен 3,9 пайызға төмендегенін атап өтті.
Жиында қадағалау органдары, атқарушы органдар және азаматтық ұйымдар арасындағы іс-қимылдарды үйлестіруге, сондай-ақ қадағалау шарттарының сақталуы мен уақытылы әрекет ету шараларына ерекше назар аударылды.
Берік Рахатұлының айтуынша, облыс прокуратурасының тексерісінің нәтижесінде рақымшылықпен босатылғандардың тұрғылықты жеріне келмеуі, олардың әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтар жасауы секілді фактілер анықталған. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актісі енгізілген. Сонымен қатар биыл пробация қызметінің жазасын өтеу тәртібін жүйелі түрде бұзған 86 азамат бас бостандығынан айыру орындарына қайтарылған.
Алқа мәжілісінде цифрландыру, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және сотталғандарға рақымшылық заңын қолдану жұмыстары аясында тиісті шаралар қабылдау бойынша қосымша шаралар белгіленді.
Мәжіліс қорытындысы бойынша барлық органдарға өзара іс-қимылды күшейту және қылмыстың қайталануымен күресу шараларын күшейту жөнінде тапсырмалар берілді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ