Қыз алып ашқандар қалай жазаланады?
Жақында әлеуметтік желіде Тараз қаласында бірнеше жігіттің бір қызды көпшіліктің көзінше көлікке күшпен отырғызып, алып қашып бара жатқан бейнежазба тарады. Қыз барынша қарсылық білдіріп, жанталасқан. Ал оқиға орнындағы адамдар оны құтқаруға тырысқанымен, нәтиже шықпаған.
Қоғамда қызу талқыланған оқиғаны Ішкі істер министрлігі арнайы бақылауға алып, аталған факті бойынша тексеру жүргізді. Нәтижесінде оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталып, тергеуге алынды. Тіркелген факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы – «Адам ұрлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, тараптардың бұрыннан таныс болғаны және өзара шағымдары жоқ екені анықталған.
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, тергеу «Некеге мәжбүрлеу» бабы бойынша жалғасауда. Шыңғыс Амангелдіұлы ұсталған 3 адам уақытша ұстау изоляторына қамалғанын, қылмыстық іс министрлік басшылығының ерекше бақылауына алынғанын жеткізді.
Көп ұзамай аталған іс бойынша өткен сотта қыз алғаш рет өз нұсқасын айтты. Бойжеткен оқиға кезінде күйеу жігітін танымай қалып, қорыққаннан көмек сұрағанын жеткізді. Қыздың айтуынша, ол күдіктімен 6 жылдан аса уақыт бойы таныс екен. Екеуі кездесіп жүрген және үйлену тойын көктемде өткізуді жоспарлаған.
Тергеу кезінде бұлтартпау шарасын таңдау бойынша өткен сотта жастар өздерін түсіруге тыйым салды. Нәтижесінде сот күдіктілерді үй қамағына алып, арнайы электронды білезік тағуға шешім шығарды. Оларға көшеге шығуға және сыртқы әлеммен байланыс орнатуға тыйым салынған.
Осы сынды оқиғалар жыл сайын елімізде жиі тіркеліп жатады. Әрине бұл оқиғада қыз бен жігіт таныс болып шыққанымен, мүлдем танып-білмейтін бойжеткенді күштеп қалыңдығы еткісі келетіндер де аз емес. Мәселен, таяуда Алматыда қыз алып қашып бара жатқан көлік апатқа ұшырап, бойжеткен қаза тапты. Ал осыдан екі жыл бұрын Таразда қыз алып қашып, досына көмектескісі келген маңғыстаулық азамат 7 жылға сотталған еді. Өкініштісі сол, айыпталушы 5 баланың әкесі, отбасының жалғыз асыраушысы болып шықты.
Алып қашу фактілері жиілеп, соңы қайғылы жағдайларға әкеліп соғып жатқан соң Мәжілісте аталған мәселеге қатысты заң жобасы қаралды. Құжат төменгі палатаның жалпы отырысында екінші оқылымда қабылданды. Жаңа заңға сәйкес енді Қылмыстық кодекске «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабы қосылып отыр. Ендігі жерде қыз алып қашқандарға екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегіледі. Мұндай жағдайда айыптының екі жылға дейін бас бостандығы шектеледі немесе сол уақытқа түрмеге отырады. Егер қызға алып қашу оқиғасында күш қолданылса, кәмелетке толмаған адамға қатысты болса, әрекет адамдардың топтасуы арқылы жасалса, жаза ауырлайды. Мұндай жағдайда 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады не бас бостандығы шектеледі. Немесе бес мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Алда-жалда қыз алып қашу кезінде жәбірленуші абайсызда ауыр зардапқа ұшыраса, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар Үкіметтің ұсынысы бойынша адамды ұрлаған тұлға оны өз еркімен босатса да, оның әрекетінде басқа қылмыс құрамы болмаса да, қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды. Бұл ретте «Stop Violence End Tyrany» қоғамдық қорының құрылтайшысы Мөлдір Албан заңның тиімділігін алға тартады.
Заң жобасы екінші оқылымда қабылданғаннан кейін Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов тың деректің шетін шығарды. Кейінгі бес жылда елімізде 256 рет қыз алып қашу фактісі бойынша шағым түскен. Соның бесеуі ғана сотқа жеткен екен.
Жалпы қазақтың салт-дәстүрі атанып кеткен қыз алып қашудың шығу төркініне қатысты түрлі пікірлер бар. Этнограф-тарихшы Николай Кисляковтың 1969 жылы жарық көрген «Очерки по истории семьи и брака у народов Средней Азии и Казахстана» кітабы осыған арналған. Жинақта автор бұл салт Қазақстанда ата-анасы келісім бермегенде немесе той жасауды тым созған кезінде орын алғанын алға тартады. Сол секілді «The Transformation of Central Asia: States and Societies from Soviet Rule to Independence» атты кітапта Техас университетінің антропологы Цинтии Вернердің осы тақырыпқа арналған тарауы бар. Онда автор қыз алып қашу бұрын келісіммен жүзеге асқанын, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін күштеп қыз алып қашу күрт көбейгенін жазады. Зерттеуде қызықты үрдіс көрсетілген. Тәуелсіздіктен кейін қыз алып қашуды «қазақтың ұлттық дәстүрі» ретінде ақтау жиілеген. Яғни, мұндай әрекеттер романтика мен «ата-баба жолы» деп сипатталып, қоғамда заңсыздық емес, қалыпты мәдени норма ретінде қабылдана бастаған.
Әйелдер құқығын қорғау ұйымының деректеріне сүйенсек, Қазақстанда жылына бес мыңға жуық қыз алып қашу оқиғасының құрбаны болады. Мұны нақты статистика деп айта алмаймыз. Өйткені бұған дейін алып қашу құқық қорғау органдарында жекелей тіркелмеген, санақ жүргізілмеген. Оның үстіне мұндай жағдайға ұшыраған қыздың бәрі арыз жазбайды. Осы орайда айта кететін бір мәселе бар. Қыз алып қашу фактісі бұрынырақта болса да жәбір көруші арыз жазуына болады. Бірақ бұл жерде маңызды мына мәселені ескеру қажет. Қылмыстық кодекстің 71-бабында қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі (ескіру мерзімі) деген түсінік бар.
Облыстық полиция департаментінің маманы Сейтжан Үсенбаевтың айтуынша, соңғы бес жылда алып қашу құрбаны болғандардың да арыз жазуына болады.
Сонымен қатар департамент маманы алып қашу фактісінде басқа да қылмыстық құрам өз ережелеріне сай тергелуі мүмкін екенін айтады. Мысалы, заңсыз бас бостандығынан айыру, күш көрсету, зорлық секілді жағдайлар жеке баптармен қаралуы ықтимал. Тағы бір ескере кететін жайт, қыз алып қашуға қатысқан бүкіл тұлға, жүргізушіден бастап, той жасағандарға дейін жауапқа тартылуы мүмкін. Яғни, олардың әрекеті қызды мәжбүрлеуге немесе еркінен тыс неке қиюға итермелегені дәлелденуі тиіс. Мәжілісте заң жобасы талқыланған кезде осы мәселе де ескерілген.
Дегенмен облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали заң қабылдаумен мәселе түбегейлі шешілмейтінін, қоғам санасын осы заңды қабылдауға дайындау қажеттігін айтады.
Мәнді мәселеге қатысы «Асабалар алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаевтың да айтар ойы бар.
Биыл 19 шілде күні Мемлекет басшысы Мәжілісте талқыланған мәселені заңдастырып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ҚР қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Атап айтқанда, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне, «Жедел-іздестіру қызметі туралы», «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» және басқа да заңдарға түзету енгізілді.
Түзетулердің бірінші блогы қылмыстық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Түзетулердің екінші блогы қылмыстық заңнаманы жетілдіруді және кейбір қоғамдық қауіпті әрекеттер үшін жауапкершілікті арттыруды көздейді. Түзетулердің үшінші блогы қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, қылмыстық процесті оңтайландыруға бағытталған. Түзетулердің төртінші блогы қылмыстық-атқару заңнамасын жетілдіруге арналған. Заң мәтіні бойынша енді сталкинг, яғни біреуді жүйелі түрде аңду, қыр соңынан қалмау, мазасын алу – 50 тәулікке дейін қамауға әкеп соғады. Қыз алып қашу немесе тұрмысқа шығуға мәжбүрлеген жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Биыл Президент қол қойған заң 16 қыркүйектен бастап күшіне еніп, енді елімізде қызды еркінен тыс алып қашып, некеге мәжбүрлеу қылмысқа айналды. Қылмыстық кодекстің жаңа 125-1-бабына сәйкес мұндай әрекет жасағандар 2 мың айлық есептік көрсеткішке дейін шамамен 7,8 миллион теңге айыппұл төлейді, түзеу жұмыстарына тартылады немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер қылмыс күш қолданумен, кәмелетке толмағанға қатысты немесе топ болып жасалса, жаза күшейеді. Мұндайда 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін, басқаша айтқанда 19,6 миллион теңге айыппұл салынып, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Осы орайда «Заң күшіне енгенімен, оның іске асырылу тетіктері қалай болады? Қандай қиындық туындауы мүмкін» деген сауал туындауы мүмкін. Облыстық полиция департаментінің маманы С.Үсенбаев бұл істе басты қиындық дәлел табу екенін айтады.
Ал психолог Гүлмира Райқұлқызының пайымдауынша, заңды ең әуелі қоғам түсініп, қабылдауға тиіс. Салт-дәстүріміз деп қарсылық білдіретіндер болатынын жоққа шығармайды.
Сарапшылар заңның тиімді жұмыс істеуі үшін ақпараттық жұмыстар жүргізілгенін, зәбір көргендердің үнсіз қалмауының маңызы зор екенін жеткізді. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамның санасын тәрбиелеу керектігін сөз етті.
Яғни ендігі жерде қыздың келісімінсіз неке – құқық бұзу, ал алып қашу – қылмыс екенін естен шығармайық.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ