Сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
Елімізде 15 қараша – Ұлттық валюта күні мен Қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде белгіленген. Осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің төрағалығымен «Ұлттық теңге – тәуелсіздігіміздің жемісі» атты жиын өтіп, қаржы саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Теңге – Тәуелсіздігіміздің тартуы, қаржы-экономикалық дербестік пен тұрақтылықтың нышаны. 1993 жылы 15 қарашада айналымға енген төл валютамыз Қазақстанның қаржы саясатын қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі болды.
Қаржы жүйесінің қызметкерлері – ел қазынасын басқарудағы сенімді тірек, орнықты даму мен өркендеуге жол бастайтын кәсіби мамандар. Қаржыгерлердің қажырлы еңбегі мемлекетімізді көркейтіп, мәртебесін арттыруға септігін тигізіп келеді.
Әрбір мемлекет үшін қаржы-экономика саласының маңызы өлшеусіз. Себебі елдің тұрақтылығы да, қуат-қайраты да ең алдымен оның экономикалық әлеуетіне, қаржы жүйесінің дамыған-дамымағанына тікелей тәуелді. Берік қаржы жүйесі – мықты мемлекеттің тірегі, жүйелі экономика – оның ең басты діңгегі. Осыдан тура 32 жыл бұрын Қазақстанның өз ұлттық валютасы теңге айналымға енгізіліп, егемен елдің экономикалық дербестігіне жол ашылды. Сол қиын кезеңде өндірістер тоқтап, нарық тыңнан қалыптасқан шақта теңгенің пайда болуы жас мемлекеттің алға қадам басуына серпін берген алғашқы тарихи бетбұрыс болды. Осы жауапты кезеңде қаржы саласының мамандары ел еңсесін тіктеуге, жаңа жүйені қалыптастыруға өздерінің елеулі үлесін қосты.
Нұржан Сәбитұлы ұлттық валютамыз айналымға енген күннен бастап қаржыгерлердің бар күш-жігерін ел экономикасын тұрақтандыруға жұмсағанын атап өтті.

Іс-шара барысында сала мамандарына Қаржы министрінің Құрмет грамотасы, «Жоғары аудиторлық палатаның мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласының құрметті қызметкері» атағы мен «Еңбек ардагері» медалі, «Қаржы қызметінің төсбелгісі» және «Экономика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, облыстық мәлихаттың Құрмет грамотасы табыс етілді. Бұдан бөлек бірқатар сала ардагері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ