Саясат

Ұлттық құрылтайдағы ұрпақ тәрбиесі

Мемлекет басшысы айтқандай «Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған».

Ал осы заманғы Ұлттық құрылтай азаматтық қоғамды нығайтып, мемлекеттік саясатты қалыптастыруда үлкен рөл атқарып, елдегі әлеуметтік, мәдени және саяси мәселелерді шешуге үлкен ықпал етіп келеді. Көптеген мәселелердің түйіні құрылтайда шешілуде.

Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті. Әділетті Қазақстанға қатысты маңызды істердің алды мемлекеттігіміздің негізі қаланған қастерлі өлкеден бастау алды. Осы игі іс жыл сайын жалғасын табуда.

Одан кейінгі басқосулардың да еліміз үшін мән-маңызы жоғары болды. Өз уақытында қара қылды қақ жарған хандарымыз бен билеріміз түрлі дау-шарға төрелік айтқан. Ел-жұртын береке-бірлікке шақырған. Мұның бәрі еліміздің ерте заманнан бері бір орталықтан басқарылған біртұтас мемлекет болғанын көрсетеді. Сондай-ақ қазақ мемлекеттілігінің тамыры тым тереңде жатқанын білдіреді. «Қазақ рухының қағбасы» деп атаған Ордабасындағы төбелерде халқымыздың игі жақсылары сан рет бас қосқан. Ұлт тағдыры сынға түскен сәттерде бәрі ақылдасып, елдің болашағын айқындаған. Қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлеріне көш тізгінін ұстатқан. Бір ел, бір халық болып, сыртқы қатерге қарсы тұрған. Қанша дәуір өтсе де, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді. Жыл сайын өтіп келе жатқан Ұлттық құрылтай сол жиындардың жалғасы. Ұлттық құрылтайдың еліміз үшін сипаты өзгеше, мазмұны ауқымды. Мұнда бірнеше тақырып бойынша жан-жақты, қызу талқылау өтіп, құрылтайға қатысушылар Үкімет мүшелерімен пікір алмасып, ойларын ортаға салады. Тың бастамалар көтеріледі. Ортақ бір тұжырым әзірленіп, салмақты ұсыныстар міндетті түрде ескеріліп, одан нәтиже шығып та жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында еліміз айтарлықтай жетістікке жеткенін атап өтті.

«Бірінші құрылтай жалпыұлттық референдумнан кейін шақырылды. Содан бері, міне, бір жыл өтті. Бұл Әділетті Қазақстанды құру жолында айрықша маңызы бар тарихи кезең болды. Біз Ата заңымызға әділдік рухын сіңіре отырып, конституциялық реформа жасадық. Бұл өзгерістер мемлекеттігіміздің тұғырын бекіте түсті. Сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімге арналған демократиялық бағдарын айқындап берді.

Биліктің басты институттары қысқа мерзім ішінде мүлде басқаша сипатқа ие болды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайды. Осының бәрі еліміздің саяси құрылымын орнықты және тиімді етіп қайта құруға септігін тигізді. Барынша әділ, ашық әрі бәсекеге лайық жүйе қалыптасты.

Кейбір адамдар реформалардың табысты боларына күмәнмен қараған еді. Бірақ біздің бағдарымыз өзгерген жоқ. Ауқымды саяси жаңғыру жоспарын рет-ретімен жүзеге асырдық. Бәріміз бір ел болып орасан зор жұмыс атқардық.

Қазақстан осыдан 2-3 жыл бұрынғы, тіпті, бір жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгерді. Біз аз уақытта зор серпіліс жасадық. Бұған ынтымақ-бірліктің және сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткіздік. Қазақстан – осы геосаяси аймақта саяси жүйесін қысқа мерзім ішінде түбегейлі өзгерткен бірден-бір мемлекет. Тың өзгерістердің арқасында саяси реформалардың Қазақстанға ғана тән ерекше үлгісі қалыптасты. Келешекте де оның мән-маңызы арта бермек. Алайда қолда бар жетістікке тоқмейілсіп отыруға болмайды. Алда ұзақ жол, ауқымды жұмыс бар. Жалпы, Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек.

Ал түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді» деді Мемлекет басшысы.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, біздің жастарымыздың бойында отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады.

Сондай-ақ Президент Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда: «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс», – деп атап көрсетті.

Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен қатар жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс. Біздің елдігіміздің басты кепілі Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы қажет. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Осы ретте ұрпақ тәрбиесі Ұлттық құрылтайдағы өзінің өзектілігін жоғалтпайтын үлкен мәселе болды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайда қоғамды толғандырып жүрген, қоғамға кеселін тигізетін мәселелерді көтерген болатын. Мысалы, үшінші Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің қатарында қоғамды жайлаған 5 кеселдің аты аталды.

Біріншіден, нашақорлық – ол әсіресе жасөспірім мектеп оқушылары арасында да кең өріс алып бара жатқан жаман әдет. Осы мәселе көңілді алаңдатады, ең басты қиындық осы синтетикалық есірткі саудасымен жас балалардың айналысуына жол ашып, үлкен зиян тигізіп отырған әлеуметтік желінің әсері күшті болып тұр.

Екіншіден, қауіпті кеселдің бірі – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынуда.

Үшіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен төртінші кесел буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс.

Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, ұрып-соғуға дайын тұратындар да аз емес. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау белең алып барады. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұмып қарауға болмайды. Әсіресе, соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиілеп кетті. Оны тіпті бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу сәнге айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді.

Отбасындағы зорлық-зомбылық та қоғамдағы тағы бір келеңсіз және өзекті мәселе болып тұр. Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады. «Ауруын жасырған өледі» деген. Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек.

Бесінші, Мемлекет басшысы атап өткен тағы бір кесел бұл вандализм. Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар? Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік пен мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек.

Міне, осыған байланысты өскелең ұрпақтың бойында салауатты мәдениетті қалыптастыру өте маңызды. Бүгінгі жастар түрлі ақпарат пен әсерлерге толы заманда өмір сүруде. Ол жастардың өз ойы мен мінезін дұрыс қалыптастыруына, қоғамда сыйлы тұлға болуына көмектеседі. Мұндай жастар еліміздің дамуына өз үлесін қосады, ұлттың рухани байлығын сақтайды.

Жалпы ұлттық болмыс ұрпақ тәрбиесінен басталады. Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың болашағы. Сондықтан қазіргі заман бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Бұл ретте ұл-қыздарымызға тәрбие беруде оларды салт-дәстүрлермен сусындату, ұлттық салт-дәстүрлерлерді санасына сіңіре білу әрбір адамның борышы болуы керек. Өйткені, жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде халықтық салт-дәстүрлердің тәлім-тәрбиелік, білім мен танымдық рөлі зор.

Бала тәрбиесінің алтын бесігі – оның отбасы. «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтылмаған. «Бала тәрбиесінің үлкен мектебі – ер мен әйелдің, әке мен шешенің бір-бірімен қарым-қатынасы» деп педагог-ұстаз Сухомлинский айтқандай, ата-анасы өз баласының тәрбиесі үшін қоғам және ел алдында жауапты.

«Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» дегендей, өскелең ұрпақты халқымыздың бойына сіңген атадан балаға жалғасып келе жатқан, өзге ұлттардан ерекшеленіп, өзіне тән қасиеттерді көрсетіп тұратын ұлттық тәрбиемен тәрбиелеген жөн. Қазақ пайымында адам бойындағы салауатты сана, мәдениет, адалдық – ар-ождан, жан тазалығы тәрізді, тағы басқа асыл қасиеттердің жиынтығынан тұрады.

Данышпан Абай Құнанбайұлы «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады» деп адам баласын бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуға шақырады.

Сол секілді Алаштың ардақтысы Шәкәрім Құдайбердіұлы да: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күнінен бастап тәрбиелейді», – деген.

Сондықтан, еліміздің ертеңі ұлт тізгінін ұстар жастарымыздың тәрбиесіне аса мән беру – біздің негізгі мақсатымыз. Шығыстың ұлы ғұламасы әл-Фараби тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы деп бекер айтпаған. Бала тәрбиесі – ең алдымен ата-ананың міндеті. Алайда кейде ата-аналар дұрыс тәрбие берудің орнына өздері жағымсыз үлгі көрсетеді. Балалардың тәртібіне бейтарап, селқос қарайды. Тіпті жауапкершіліктің бәрін мектепке, мұғалімдерге жүктейді. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Бұл – анық нәрсе. Десек те ата-аналар баланы, ең алдымен мемлекет, үкімет не қоғам үшін емес, өзі үшін дүниеге әкеледі. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс. Сол сияқты мектеп те – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет.

Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандырған жөн. Отанға деген сүйіспеншілік бұл – үлкен жиындарда ұран тастау немесе тек ән шырқау емес. Отаншылдық бұл – шынайы патриоттық сезім. Тұратын үйіңді, аулаңды, қалаңды таза ұстау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, ұқыпты болу, яғни әр жерге қоқыс лақтырмау, түкірмеу деген сөз. Отанын шын сүйетін адам оның табиғатын қорғайды. Әр гүліне, әр ағашына жанашырлықпен қарайды, бір сөзбен айтқанда, нағыз патриот екенін нақты іс-әрекетімен көрсетеді. Сондықтан да балаларға экологиялық тәрбие беру де өте маңызды. Балаларды табиғатқа жанашырлықпен қарауға үйретіп, мәдени мұраларымызды танып-білуге, қорғауға дағдыландыру – негізгі міндеттің бірі. Сондай-ақ оқушылар театрға, мұражайға және тарихи орындарға жиі барып, рухани жағынан дамуы қажет.

Ұлттық құрылтайдағы тағы бір маңызды мәселе – жастарды еңбекқорлыққа, бизнес жүргізу шеберлігіне баулу мәселесі. Президент өз сөзінде: «Мәселен, кейбір көрші елдердің жастары шетелдерге барып, белсенді түрде кәсіппен айналысады, дүкен ашады, ұлттық тағамдарын дәріптейді, қысқасы, нәпақасын табады. Осындай әрекеттерден біздің жастарымыз да үлгі алса, жаман болмайды. Әрине, бұл – елден кетіп, еңбек ет деген сөз емес, бұл – ең бастысы, еңбектің жақсы-жаманы жоқ деген сөз. Әр мәселені әбден саясиландырып, бос сөз қумай, қол қусырып қарап отыра бермей, нақты жұмыспен, қаражат әкелетін заңды іспен шұғылдану керек деген сөз» – деп атап өткен болатын.

Сондай-ақ Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент ұрпақты еңбекке баулуға қатысты бірқатар тапсырма берді. Соның негізінде мектептерге еңбек сабағы қайтарылды. Бізге ел болып қарапайым еңбек адамын қадірлей білуіміз өте маңызды. Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие. Өйткені нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Барлық салада, барлық деңгейде жауапкершілік болса ғана, іс оңға басады. Шын мәнінде сын сағатта кімнің-кім екені анық көрінеді. Елге жаны ашитын адам қиын жағдайға тап болған жұртқа нақты іспен көмектесуге дайын болады.

Біз өркениетті ел ретінде халқымыздың дүниетанымына жат нәрселерге қарсы тұруға тиіспіз. Ол үшін, ең алдымен, оқу-ағарту жұмысын күшейту, жас ұрпақтың, әсіресе қазіргі құбылмалы заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды. Балаларымыздың танымы кең болуына жағдай көбірек жасалғаны абзал. Жастар ақпаратты қорыта білуді, уақытын дұрыс пайдалануды, қаржы сауаттылығын мектеп қабырғасынан біле бастауы қажет. Өскелең ұрпақты түрлі ойындарға құмар болудан сақтандыру керек. Жеңіл жолмен пайда табу жақсылыққа апармайтынын үнемі түсіндіріп отырған жөн. Адал табыс адал еңбекпен келеді.

Жоғарыда айтқандай, Президент баса назар аударған нашақорлық ұлттың тұқымын тұздай құртатын кесапат. Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр.

Ұлт саулығына зиянын тигізетін тағы бір кесел – вейп және түрлі электронды темекілер. Өкінішке қарай, оны тарту жасөспірімдер арасында сәнге айналып барады. Себебі электронды темекі бәріне қолжетімді, оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнамалар да көбейіп кетті. Іс жүзінде жастарымыз өзіне зор қауіп төндіруде. Себебі бұл – шын мәнінде зиянды нәрсе. Вейп пен есірткінің арасы бір-ақ қадам.

Елімізде 2016 жылдан бері есірткімен күрес жұмыстарын реттейтін арнаулы құжат болған жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұл жөнінде кешенді жоспар әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл өте маңызды құжат болғандықтан, қабылданған құжаттың аясында қазіргі таңда жан-жақты жұмыс атқарылуда.

Құрылтайда айтылғандай, құқықтық сананы қалыптастыру мәселесі де өте өзекті. Жастардың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды. Сонда әркім өзінің құқығын қорғай біледі және өзгенің құқығын таптамайды. Заң мен тәртіп үстемдік құрған мемлекеттің тұғыры қашанда мықты болады.

Сонымен қатар қоғамымыз Мемлекет басшысына, басшылық қызметтегі адамдарға құрметпен қарап, яғни саяси тұрғыдан көзі ашық, жауапкершілігі жоғары азамат ретінде оларға ой-пікірін, ұсыныстарын айтып отырса, елімізде саяси мәдениеттің, өркениетті қоғамның озық үлгісі қалыптасатыны сөзсіз. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі мәселесіне қатысты салмақты, іргелі ұсыныстар айтылуы заңдылық.

Ұрпақ тәрбиесіне қатысты құрылтайда көтерілген бастамалар – алдағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Жаңа идеологиялық тұжырымды орнықтыру үшін мемлекеттік аппарат, сарапшылар, ғалымдар, тілшілер, азаматтық қоғам өкілдері – бәрі жұмылып жұмыс істеуі маңызды. Бүгінде рухани-адами салауатты сана жолын қалыптастырудың уақыты жетті.

Президент сөзімен айтсақ, ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарымыз – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Осы құндылықтарды құрметтеп, ұлттық салт-дәстүрлерімен байланыстыра отырып, бойымызға сіңдіру үшін рухани-адами, салауатты сана жолын қалыптастыруды балабақшадан бастап, жоғарғы оқу орындарына дейін, одан әрі қоғам арасында күнделікті кең түрде насихаттай беру біздің басты міндетіміз болмақ.

Сөз басында айтқанымыздай, Ұлттық құрылтай жұртшылықпен кездесіп, жай ғана пікір алмасатын жер емес. Ұлттық құрылтай – еліміздің мәдени-рухани өрлеуіне жол ашатын шамшырақ. Яғни, құрылтай алаңында қоғамның жаңа этикасын және оның жаңа даму үлгісін қалыптастыру мәселесі қаралады. Дегенмен бұл – бір күнде бітетін шаруа емес. Ол үшін күн сайын тынымсыз еңбек етіп, бір сөзбен айтқанда, мемлекет пен қоғам бірге жұмылып жұмыс істеуі қажет. Бұл ұлтымыздың бойына орасан зор күш-қуат дарытады, өзгеріске деген құлшынысын оятады. Сонда ғана еліміз көздеген мақсатына жетеді.

Жалпы қазақтың қайсар рухы ешқашан сынбаған. Керісінше әрбір қиындық жұртымыздың жігерін жанып, халықты шыңдай түскен. Бұдан да әрі Алаш рухы Қазақ мемлекетімен бірге мәңгі жасайтыны ақиқат. Біз Қазақ елінің Адал азаматтары болып, Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, әлемдегі өз орнымызды айқындаймыз. Бұл – өте жауапты әрі абыройлы міндет. Сондықтан да біз отаншылдығымызды және елге жанашырлығымызды нақты іспен көрсетуіміз керек. Ел жастары, өскелең ұрпақ «адал азамат» болуға ұмтылуы қажет. Сонда әрқайсысымыз Отанымызды өркендетуге үлес қосатын боламыз. Ұлттық құрылтайдың негізгі мақсаты да – осы.

Асан ТІЛЕМІСОВ