«Жария секторы» функционалының тиімділігі көп
Елімізде қылмыстық процестердің ашықтығы мен тиімділігін арттыру, цифрлық технологияны белсенді түрде енгізу тұрғысында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде (СДТБТ) «Жария секторы» функционалы әзірленді.
«Жария секторы» СДТБТ қылмыстық процеске қатысушылардың ақпараттық қауіпсіздік және құпиялылық талаптарын сақтай отырып, сотқа дейінгі іс жүргізу материалдарына қашықтан қол жеткізуге, сотқа дейінгі қылмыстық іс жүргізу шеңберінде өтінішхаттар беруге мүмкіндік беретін функционал.
Яғни, Бас Прокурордың 2014 жылғы 19 қыркүйектегі №89 бұйрығымен бекітілген «Қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы арызды, хабарды немесе баянатты қабылдау және тіркеу, сондай-ақ Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу» туралы Қағиданың 57-1-тармағының талаптарына сәйкес қылмыстық процеске қатысушы процестік мәртебе алған сәттен бастап ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің (ҚПК) талаптарын ескере отырып, «Жария секторы» арқылы өзіне қатысты немесе қорғалатын адам туралы қабылданған процестік шешімдерге және өзге де мәліметтерге, қылмыстық іс материалдарына қол жеткізуге құқылы.
Сондай-ақ, «Жария секторы» арқылы ҚР ҚПК-нің 13-тарауымен көзделген өтінішхаттарды, арыздарды беру және оларға электрондық жауап алу мүмкіндігі бар.
Жария сектормен жұмыс істеу үшін қылмыстық процеске қатысушыларда интернеттің, ЭЦҚ-ның болуы және жария секторда тіркелуі қажет.
Қылмыстық процеске қатысушыларға табысталуға не таныстыруға жататын процестік шешімдерге қолжетімділікті сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуші адам ҚР ҚПК-де бекітілген көлемде береді.
Әрбір қылмыстық процеске қатысушы «Жария секторы» функционалын құқықтық көмек алу мен жұмысын жеңілдету және оңтайландыру мақсатында қолдана алады.
Бекзат КЕНЖЕБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық
статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыс бойынша
департаментінің аға прокуроры