Той байлықтың көрсеткіші емес
Қазақ халқы үшін той-томалақ ұлттың ұйытқысы болса, оның ішінде үйлену тойы жаңадан отау құрған жастардың бір-бірімен тағдырын байланыстырған сәті, ұрпақ жалғастығының жарқын көрінісі саналады. Үйлену тойы шаңырақ көтерген екеудің ғана емес, білдей екі әулеттің табысуы, жаңа өмірдің бастау алған кезеңі. Ежелден-ақ қазақтар тойды тек қуаныш деп емес, үлкен жауапкершілік ретінде қабылдаған. Осылайша «Ақ босаға аттату», «Шымылдық көтеру», «Отқа май тамызу» сынды салт-дәстүрлер отбасы берекесінің, татулық пен мейірімнің айғағына айналған.
Алайда бүгінде бұл ұғымға деген түсінік біртіндеп өзгеріп барады. Бірінші кезекте дәстүрдің мәні көмескіленді. Қазір көпшілік үшін үйлену тойы сән-салтанат пен байлықтың көрсеткіші секілді. Қазақы бата мен өсиет, ұлттық әуен мен салттың орнын шоуға толы батыстық форматтар басты. Елдің рухын көтеретін, бақытқа бағытталған мерекені «кімнің тойы керемет өтті?» деген жарысқа айналдырып алдық.
Екінші өзекті мәселе тойдың ысырапшылдыққа ұласқаны. Қымбат мейрамхана мен сәнді декорацияларға кеткен шығын кейде жас отбасының алғашқы өмір қадамын қиындатып жібереді. Көптеген отбасы несие алып, бір күндік салтанатқа бар жиғанын жұмсайды. Ал шын мәнінде, той жарыс емес, жауапты өмірдің бастауы емес пе?! Оның үстіне көптеген жастар некеге рухани дайындықсыз келеді. Соның салдарынан тұрмыстық қиындықтарға төзе алмаушылық белең алып, ажырасу көбейіп кетті. Бұл отбасылық құндылықтың әлсіреуінен болған құбылыс.
Қазір жастар арасында өзге елдерден енген кейбір үрдістер кең тарап барады. Әрине заманауи элементтер мерекеге әр береді. Олардың ұлттық дәстүрмен үйлесуі маңызды саналады. Дегенмен жас жұбайлар үшін ең бастысы өзара сыйластық пен сенім екенін естен шығармайық.
Үйлену тойы – ұлттың тамыры мен рухының айнасы. Оны сәнмен емес, мазмұнмен байыта білу бүгінгі ұрпақтың міндеті. Дәстүрді жаңғыртып, рухани сабақтастықты сақтау арқылы ғана жас шаңырақтарымыз бақыт пен бірліктің шырағына айналады.
Ринат НҰРАҚБАЕВ,
облыстық «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы