Партиялық шынайы бәсекені жандандыратын реформа
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауын жария еткелі парламенттік реформа, оның ішінде бір палаталы парламент моделі көп талқыланатын тақырыптың біріне айналды. Расында, қоғам ендігі жерде бір палаталы Парламенттің қаншалықты тиімді боларына ой жүгіртіп, түрлі сауалдың төңірегінде пікір көрігі қыза түсті. Десек те Президент заң шығарушы органның ендігі тағдырын халықтың өзі шешсін деп 2027 жылы жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты биылғы Жолдауында негізінен жасанды интеллектіні экономикаға барынша сіңдіріп, оны ел игілігі жолында тиімді пайдалану тетіктерін ұсынды. Президент саяси реформа мәселесіне де назар аударды. Жолдаудың түйінделер тұсында тоқталған парламенттік реформа арқылы Мемлекет басшысы еліміздің біртұтас институционалды жүйесін нығайтуды көздейтінін жеткізді. Ал бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажеттігін де баса айтты.
«Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін, яғни 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз. Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын», деді Президент.
Бүгінде бұл реформаға саяси сарапшылар, саясаткерлер оң көзқарас танытып, пайымды пікір білдіріп отыр. Мәселен, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов бір палаталы Парламентке көшу саяси жүйенің тұрақтылығын арттыратынына сенімді. Ал жаңа Парламентте саяси партиялардың өзара бәсекелестігі болмаса, бәрі бекер.
Ол қазіргі партиялар көбіне танымал тұлғалардың басын қосқан ұйымға көбірек ұқсайтынын айтады.
Ал Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Мемлекет басшысы ұсынған парламенттік реформаны саяси партиялардың дамуына, көбеюіне берілген үлкен мүмкіндік әрі жауапкершілік деп бағалады.
Жалпы, көптеген сарапшы Мемлекет басшысының Парламентті жалғыз палатамен қайта жасақтау реформасы бұрын жүзеге асырылған реформалардың заңды жалғасы іспетті болғанын айтып отыр. Айталық, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Жанар Санхаева бір палаталы модельге көшу парламентішілік құрылымдардың нығаюы арқылы жүзеге асатынын атап өтті.
Оның айтуынша, бір палаталы Парламентке көшу, саяси институттарды нығайтуға, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған дәйекті реформалар логикасына негізделген.
Қалай десек те, Президент ел тағдырына қатысты қандай да бір мәселеге келгенде тек қана ашық саясат жүргізу керек деп санайтынын, мұндай ауқымды реформаны қоғамнан құпия ұстауға болмайтынын шегелеп айтты. Сарапшылар Президент ұсынып отырған бір палаталы Парламент шешім қабылдаудың тиімділігін арттыратынына сенімді. Дамыған елдердің біразының тәжірибесінде бар бұл жүйені орта державалар қатарына қосылған біздің елде де қолданудың уақыты келді.
Мұқағали ЖАМБЫЛҰЛЫ