«Заң мен тәртіп» керуені жолға шықты
Бүгіннен бастап құқықбұзушылықтардың алдын алу және халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара тиімді байланыс орнату мақсатында «Заң мен тәртіп» мобильді профилактикалық керуені өз жұмысын бастады.
Жоба қоғамда заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және жастар арасында жалпы құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған. Профилактикалық топ құрамындағы мамандар сапар аясында халықпен кездесіп, нақты мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқықтық кеңестер береді.
Кеше облыстық полиция департаментінде профилактикалық керуеннің салтанатты түрде жолға шығу рәсімі өтті. Алдымен департаменттің мәжіліс залында облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы, облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрдалы Шералин, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысумен жиын өтті. Басқосуда департамент бастығы, генерал-майор Қайсар Сұлтанбаев керуен сапарына сәттілік тіледі.
Керуен құрамында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, прокуратура қызметкерлері, полиция, заңгерлер және психологтар бар.
Жиын соңында басқосуға қатысушылар үлкен миссияны арқалап бара жатқан керуен мүшелеріне табыс тіледі. Атап өтер бір жайт, жарқын жоба облыстық полиция департаменті ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор-психологі Айжан Түктібаеваның идеясымен жүзеге асырылып отыр. Жоба авторы өз сөзінде әр адам өз құқығын, өз таңдауының салдарын түсінетін болса, бұл көптеген құқықбұзушылықтардың, сондай-ақ орын алып отырған қылмыстардың алдын алуға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ