Жаңалықтар

Қаржыгерден – әскериге: тектілік пен парыздың үлгісі

Қаржы саласы мен әскери қызмет — бір қарағанда екі түрлі бағыт секілді. Бірі – есеп пен дәлдіктің, екіншісі – ерлік пен тәртіптің мектебі. Алайда бұл екі ұғымның түп негізі бір – жауапкершілік, адалдық және елге қызмет ету. Осы қасиеттерді бойына қатар сіңіріп, өмір жолын еңбек пен елге деген сүйіспеншілікпен өрнектеген жас маман Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімі қаржы қызметінің офицері лейтенант Теміржан Ансар Әшірбекұлы.

Ансар 1998 жылдың 1 шілдесінде Сыр бойының қасиетті мекені – Қызылорда қаласында дүниеге келді. Ол текті де тәрбиелі отбасында өсіп, ата-анасының еңбекқорлығы мен адамдық қасиетін бойына сіңіріп жетілді. Әкесі – қаржы саласының тәжірибелі маманы, кезінде Қаржы полициясында абыроймен қызмет атқарып, бүгінде жеке кәсіпкер ретінде ел игілігіне үлес қосып жүрген іскер азамат. Ал анасы – Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімінің зейнеткері, ел тыныштығы мен тәртібін қорғауға өмірін арнаған абзал жан.

Осындай парасатты әке мен отаншыл ананың тәрбиесінде өскен Ансар кішкентайынан тәртіпке, еңбекке, әділдік пен елге қызмет етуге баулынды. Анасының әскери қызметке деген адалдығы, форма киген сәттегі нық қадамы мен жүзіндегі жауапкершілік нышаны жас баланың жүрегіне ұмытылмас әсер қалдырды. Ол сол кездің өзінде: «Мен де бір күні дәл анам сияқты елге қызмет етемін» – деп, бала жүрегімен уәде берген еді.

Ансардың білімге деген ынтасы ерекше болды. 2005–2016 жылдары Қызылорда қаласындағы №198 орта мектепте оқып, зеректігімен, ізденімпаздығымен көзге түсті. Математика мен экономика пәндеріне қызығушылығы ерте оянған ол кейін өз өмірін қаржы саласымен байланыстыруды ұйғарды.

2016–2020 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Есеп және аудит» мамандығы бойынша білім алып, қаржы жүйесінің тетіктерін терең меңгерді. Ол оқу орнында озат студенттердің бірі болып, өзінің ұқыптылығымен, жауапкершілігімен ұстаздарының алғысына бөленді.

Бірақ Ансар білім іздеуді мұнымен тоқтатпады. Құқық саласындағы білім де оның кәсіби көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік беретінін түсінді. Осы мақсатпен 2022–2024 жылдары Қызылордадағы “Ашық” университетінде «Қылмыстық құқық» мамандығы бойынша оқып, құқықтық сауаттылығын арттырды. Бұл — оның жан-жақты тұлғаға айналу жолындағы табанды қадамы еді.

Білімін тәжірибемен ұштастырған Ансар еңбек жолын Қызылорда облыстық прокуратурасының Қаржы және ақпараттандыру басқармасында бас маман қызметінен бастады. Бұл – үлкен сенім жүктейтін жауапты қызмет. Мемлекеттік мекеменің қаржы жүйесін қадағалау, есептілікті басқару және ақпараттандыру саласындағы жұмысты үйлестіру – үлкен дәлдік пен ұқыптылықты талап етеді.

Ансар өз жұмысына жан-тәнімен беріліп, әр тапсырманы жауапкершілікпен атқарып отырды. Әріптестері арасында сенімді, тиянақты, әділ маман ретінде бедел жинады. Жас болса да, кәсіби деңгейі мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары қызметкер ретінде ерекшеленді.

Дегенмен, оның жүрегінің түкпірінде бала кезден қалыптасқан бір үлкен арман бар еді – әскери форма киіп, ел қорғаны болу. Бұл арманның бастауында, әрине, анасының бейнесі тұр. Ансар кішкентай кезінде анасының формасын киіп алып, айна алдында өзін офицер ретінде елестетіп, «Мен де әскерге барамын» деп мақтанышпен айтатын. Ол үшін әскери киім – жай форма емес, намыс пен абыройдың символы болатын.

 

Осы сөздер оның өмірлік ұстанымының айғағы іспетті. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап Теміржан Ансар Әшірбекұлы Ұлттық ұлан қатарында қызмет етіп келеді. Ол бала арманына адал болып, ел алдындағы парызын абыроймен өтеп жүр.

Ансар – өз ортасында сыйлы, сабырлы, мәдениетті азамат. Әскери тәртіп пен қаржыгерлік есептілік оның мінезінде үйлесім тапқандай. Қай ортада да жинақы, тиянақты, әділ. Әріптестері мен қатарластары оны жауапкершілігі мен қарапайымдылығы үшін ерекше бағалайды.

Бос уақытында Ансар өнерге көңіл бөледі. Домбыра мен гитарада ойнап, сырлы әндер орындайды. Ән айту – оның рухани демалысы, жан тыныштығы. Ән мен саз арқылы ол өз ойын, сезімін, өмірге деген сүйіспеншілігін жеткізеді. Музыка оның ішкі әлемін байыта түседі.

2024 жылдың қазан айында өмірлік серігін тауып, отбасын құрды. Бүгінде ол – сүйікті жарының сенімді тірегі, кішкентай қызының мейірімді әкесі. Отбасындағы жылулық пен махаббат – оның өміріндегі ең үлкен қуат көзі.

Бүгінде Теміржан Ансар Әшірбекұлы – қаржы мен әскери саланың қыр-сырын қатар меңгерген, болашағынан зор үміт күттіретін жас маман. Ол – қай ортада жүрсе де өз ісіне адал, жауапты, ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоятын тұлға.

Қаржыгерлер күні қарсаңында осындай ізденімпаз, еңбекқор жастардың еңбегін атап өту – еліміздің болашағына деген сенімнің көрінісі. Ансардың өмір жолы – тектіліктің, еңбектің, отансүйгіштіктің және адамдықтың нақты дәлелі.

Ол – қаржыгердің ұқыптылығын, әскери адамның тәртібі мен рухын біріктіре білген ерекше тұлға. Ал ең бастысы — елге адал қызмет етуді өмірлік мақсатына айналдырған азамат.

Теміржан Ансар Әшірбекұлы – тектілік пен табандылықтың, парасат пен парыздың үлгісі.
Форма киген әр сәтінде — ананың бейнесі,
Әр ісінде — елге деген адалдықтың иесі.
Жас болса да — жолы нық, болашағы айқын,
Текті ұлдан туған ұлттың үміті – шын.

Тараз қаласы
5513 әскери бөлімі
Лейтенант Әзімхан Салтанат Оразбекқызы