Нұрлы жүректі Нұрахмет
«Жол азабын жүрген білер». Осы мәтелдің мағынасын менен артық түсінетін жан жоқ шығар сірә. Он тоғыз жасар кезім. Колледжді енді аяқтап жоғары оқу орнына грантқа түсу үшін қажетті балды жинағаныммен бағым жанбай оқуға түсе алмай қалдым. Келесі жылы тағы тапсырып көрермін деп уақытша жұмыс істеу үшін Астанаға жол тарттым.
Бәлкім бұрын туған өлкемнен былай алысқа шықпағандығымнан болар, әлде жастығым ба әйтеуір демалыс сайын Тараз қайдасың деп жолға шығып кететінмін. Сөйтіп жүргенде жаңа жыл уақыты да жақындады. Мерекені отбасымның қасында қарсы алғым келіп, жұмыс беруші аға-әпкелердің «Қазір жолдың бәрі жабық екен, ешқандай такси жолға шықпай тұр. Тіпті ұшақтар да уақытша қызметін тоқтатыпты, одан да біздің қасымызда бола бер» деген сөзіне құлақ аспай, әзер дегенде Шымкетке қарай бағыт алған автобус тауып үлгеріп, соған мініп кеттім. Қателеспесем бұл 2015 жылдың 24 желтоқсаны болатын. «Қарлы боранның түрі мынау, қайтсем екен, әлде көктемгі мерекеге дейін шыдай тұрғаным дұрыс болар ма еді?» деген ой санамды сан саққа жүгіртті. Бір ойым, жаңа жылды отбасымда қарсы алғанды құптайды. Осы жағын ойлағанда әйтеуір жолым болып, автобус тауып, мініп алғаныма мәзбін. Дегенмен бұл қуанышым ұзаққа бармады. Жолға шыққанымызда сағат 20.00 болатын. Шамамен уақыт түнгі 23.00 кезі болуы керек асханаға тоқтап кешкі асымызды іштік. Автобусқа кірген соң ұйқы қысып, көзім ілініп кеткен екен. Таңертең көзімді ашсам кеше тамақтанған кафенің алдында әлі тұрғанымызды түсіндім. Сыртқа шыққанымда біз отырған автобус қана емес, Шымкентке баратын осындай тағы тағы 5 автобус іші жолаушыларға лық толған күйі міз бақпай тұр. Қасымдағы серіктес жолаушылардан анықтап жатып, Қарағандыдан 30 минуттай уақыт аралығындағы қашықта тұрғанымызды білдім. Көліктің тоқтап қалуына алдымыздағы жолдың ақ түтек бораннан көрінбеуі себеп болыпты. Жүргізуші 2-3 сағат шыдай тұруымызды айтып, діттеген жерге жететінімізге сендірді. Алайда біз сол жерде сенсеңіз 5 күн тұрдық. Ең өкініштісі – саудагерлердің қарны ашып, тоңып тұрған жолаушыларға көмектесудің орнына бір нанды 1000 теңгеден сатқандығы. Жағдайды пайдаланып, нанның бағасын шарықтатып, пайда көріп жатқан олардың бұл қылығы жүрегіме қатты батты. Алайда ссы қиын сәт бәрімізді жақындастырды десек те болады. Автобустың ішіндегі «әкесі күтіп алады» деп анасы салып жіберген үлкендердің қарауынсыз жүрген екі кішкентай оқушы қыз, күйеуінің «бірге барамыз, қазір жұмысым болып тұр» дегеніне қарамай, төркініне борандатып бара жатқан аяғы ауыр келіншектің жағдайы әлі есімнен кетпейді. Сол жас әйел ақыры шыдамай автобус ішінде толғатқанда, бәріміз уайымдадық. Төтенше жағдайлар қызметкерлерін шақырғанымызбен, құтқарушылар да боран ішінде адасып кетіп, бізге зорға жетті. Келіншекті бірден Қарағандыға алып барып, перзантханаға жатқызды. Артынша сол әйелді «ұлды болыпты» деген сүйінші хабарды естідік. Орнымыздан қашан қозғалатынымызды күте-күте төзіміміз таусылды. Бәріміздің шыдамымыз жетпей, үлкендер жағы шу шығарып, жүргізушіге «бізді қалайда Қарағанды қаласы әкімдігінің алдына алып бар» деп бұйыра сөйледі. Өзім де бұлай ұзақ жолға шығып көрмеген жас қызбын. Сол жерде танысқан жүзі жылы бір әпкенің артынан қалмай «мені тастамаңыздар» деп жыламсырап, екі-үш күн бойы жалынып жүрдім. Осылай 5 автобустың жолаушылары Қарағанды әкімдігінің алдына барып, көмек сұрады. Әкім де қарапайым жан екен. Алдымызға шығып, алдымен 5 күн бойы суықта қалжыраған бізді тамақтандыратынын айтты. Одан кейін Шуға баратын пойызға «тегін отырғызып жібереміз» деп уәде етті әрі солай жасады. Сол сәттегі ауыр уайымнан жеңілдеген сезімімді білсеңіздер ғой. «Шуға жетіп алсам болғаны, ары қарай адасып кетуден қорықпаймын» деп іштей өз-өзімді жігерлендірдім. Әлгінде айтқан екі оқушы қызды қасымыздан тастамай алып жүрген бізді Шуға жеткенімізде, сол бүлдіршіндердің әкесі алдымыздан күтіп алды да Меркіге дейін әкеліп тастады. Ары қарай Таразға жету тіпті оңай. Осылайша желтоқсанның 24-і жолға шыққан мен 30-ы күні ымырт жабыларда Қаратаудағы үйіме ілініп-салынып зорға жеттім. Жолда телефонмен тілдесейін десем, байланыс ұстамай, хабар ала алмаған үйделігер аман-сау екенімді көріп, әбден асты-үстіме түсіп, құшақтап, майданнан оралғандай қарсы алды. Содан кейін «қауіпті жағдайда ешқашан жолға шықпаймын» деп өз өзіме серт бергенмін.
Қазір жаңалықтардан «үскірік аязда көлік қызметі уақытша тоқтап, тұрғындар жол үстінде қалыпты» десе осы оқиға еріксіз ойыма оралады. Адамдардың осындай тәуекелшілдігінен, олай емес ау бейқамдығынан қиын жағдайда қалатындарға көп жағдайда көмекке келетін – құтқарушылар. Тура алдыңда тұрған адамды көруге мұрша бермейтін ақ түтек боранның арасында жол таба алмай, адасып әрең дегенде бізге жеткен төтеншеліктердің көп ескеріле бермейтін еңбегіне сол кезде қайран қалғанмын. Жүкті келіншекті аман-есен перзентханаға жеткізгенін естігенде оларға деген құрметім тіпті биіктеп кеткен.
Негізінде алыстағы Астана ғана емес, осындай оқиғалар біздің өңірімізде де жиі орын алып жатады. Әсіресе Қордай, Жуалы секілді таулы аймақтарда жағдай тіпті күрделене түседі. Мәселен, биыл жыл басында қыс қаһарына мініп, тұрғындарға қолайсыздық тудырды. 7 қаңтар күні жел, көктайғақ және көрінудің шектелуіне байланысты Тараз қаласынан Түркістан облысына (Жуалы ауданы) және Алматы облысына (Қордай ауданы) көлік құралдарының барлық түрлері үшін азаматтардың қауіпсіздігі үшін жол жабылғаны көптің есінде. Қозғалыс шектелген жолдардың бойында 1050-ге жуық көлік қалған. Құтқаруға барлығы 100-ден астам полиция қызметкері, 45 автоэкипаж жұмылдырылған.
Қаңтар айының соңына таман осы оқиға тағы да қайталанып, төтеншеліктер бұл жолы да батырлық танытты. Сол күндері ең ауыр жағдайда қалып, көмекке мұқтаж болған тұрғындарға алғашқылардың бірі болып көмек қолын созғандардың қатарында жуалылық құтқарушы Нұрахмет Оразбаев та бар еді. Ол қатты боран мен суыққа қарамастан, бірнеше шақырымды жаяу жүріп, адасып қалған адамдарды тауып, қауіпсіз жерге жеткізді.
Жуалы ауданы, Қосбөлтек ауылында 1980 жылдың 12 шілдесінде дүниеге келген кейіпкеріміз бала кезінен еңбекқорлық пен жауапкершілікті бойына сіңіріп өскен. Нұрахмет 1986-1997 жылдар аралығында Теріс ауылындағы №30 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте білім алып, оқу озаты атанды. Мектеп қабырғасынан кейін өз болашағын техникалық бағытпен байланыстырып, 1997-1999 жылдары Шымкент аграрлық-техникалық колледжінде «Тасымалды ұйымдастыру және көлікте қозғалысты басқару» мамандығы бойынша білім алады.
Колледжді тәмамдаған соң, еңбек жолын 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданындағы құс фабрикасында жем дайындаушы болып бастады. Екі жылдық еңбек тәжірибесінен кейін 2000-2002 жылдары Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінде қатардағы жауынгер ретінде Отан алдындағы борышын адал өтеді. Әскери қызметтік жылдары оны тәртіпке, төзімділікке және жауапкершілікке үйретіп, болашақ өмір жолына үлкен әсер етті.
Әскерден кейін ол қайтадан еңбек жолын жалғастырып, 2002-2003 жылдары Түлкібас ауданындағы автобус паркінде шина монтажшысы болып жұмыс істеді. 2003 жылы өмірінің жаңа кезеңі басталып, Жуалы аудандық №7 өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші-құтқарушы болып жұмысқа кірді. Бұл мамандықты ол әскерден кейін ерекше қызығушылықпен таңдаған еді. Қызмет барысында өз ісіне адалдық пен ұқыптылық танытып, 2008 жылы жүргізуші-қызметкер лауазымына ауысты. Бүгінде ол осы бөлімде абыроймен еңбек етіп келеді.
Маманның ел қауіпсіздігі мен азаматтардың өмірін қорғауға қосқан үлесі жоғары бағалған. Қызметіндегі тиянақтылығы мен жауапкершілігі үшін бірнеше мәрте марапатталған. «Мінсіз қызметі үшін» I, II және III дәрежелі медальдарының иегері атанған.
Азаматтық қорғау старшинасы Нұрахмет Оразбаев қандай күрделі жағдайлар болмасын алдыңғы шепке шығудан тайынбайтын азаматтың бірі. Осы жылы қаңтар айында оның есімі халық арасында жиі айтыла бастады. Дәл сол мезгілде Жуалы ауданында ауа райының күрт бұзылуы бірнеше төтенше жағдайдың орын алуына себеп болды.
Алдымен Б.Момышұлы – Қошқарата тас жолының 39-шақырымында «Трэкол» автокөлігінің қалың қарға батып, жүре алмай қалғаны туралы хабар түсті. Аудандағы күрделі ахуалға байланысты еш техника оқиға орнына бара алмайтын еді. Бұл жағдайда төтенше жағдай қызметінің жұмысы дұрыс үйлестірілген ұжымдық іс-қимылды талап етті.
Хабар түсе салысымен, жүргізуші-қызметкер Нұрахмет Оразбаев ГТ-ТБ тартқыш техникасын тізгіндеп алып, боранға қарамай оқиға орнына аттанды. Табиғаттың тосын қылығын тосырқамайтын Н.Оразбаев өз антына әрдайым адал болып келеді. Көмекке мұқтаж адамдарды құтқару үшін ол өз өмірін қатерге тігуге дайын. Себебі ол өз ісін шын сүйетін, кәсібін терең меңгерген кәсіпқой жүргізуші.
Қиын ауа райында бірнеше сағаттан соң оқиға орнына жеткен құтқарушылар жағдайды бағалап, қар құрсауында қалғандарды эвакуациялауға кірісті. Адамның айналаны көру мүмкіндігі төмен болғандықтан Нұрахмет Оразбаев әріптестерімен кезектесіп жол көрсетіп, техниканың қауіпсіз жүрісін қамтамасыз етті. Алты адамды аман-есен №14 өрт сөндіру бекетіне жеткізді. Сол жерге жеткізілген бойда жолаушыларға дәрігерлік көмек көрсетіліп, ыстық шай берілді.
Бірақ қыс сынағы мұнымен бітпеді. 2025 жылдың 22 қаңтары күні түнгі сағат 01:50-де «101» жүйесіне тағы да хабар түсті. Бұл жолы Б.Момышұлы – Көлтоған – Қошқарата – Қызтоған бағытында, Шахан асуында «Жуалы-Су» мекемесінің ішінде тоғыз адамы бар төрт техникасы (екі МТЗ-80 тракторы, бір ХСМG тиегіші және бір ВАЗ-21214 автокөлігі) жолда қалып қойған болатын.
Құтқарушылар «Трэкол» автокөлігімен қайтадан жолға шықты. Қар қалың, жел екпінді, көру мүмкіндігі өте төмен болса да, Н.Оразбаев пен әріптестері тәулік бойы жалғасқан құтқару операциясын абыроймен аяқтады. Қар құрсауында қалғандар қауіпсіз жерге жеткізіліп, оларға қажетті көмек көрсетілді.
Осы екі оқиға Нұрахмет Оразбаевтың батылдығы мен кәсіби шеберлігін, қиын жағдайда да адамдардың өмірін сақтауға деген адалдығын айқын көрсетті. Құтқарушылардың кәсібилігі мен ұжымдық бірлігі елдің қауіпсіздігі мен тұрғындардың амандығы үшін маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Алайда қарапайым құтқарушы өз ісін ерлікке теңемейді.
Сол кездегі батылдығы үшін Нұрахмет Оразбаев мемлекеттік наградаға ұсынылып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Алайда бұл оның жасаған тек жалғыз ерлігі емес. Ол азаматтық қорғау жүйесінде 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Бұл қызмет жолы әр күн төзімділікті, қайсарлықты және кәсібилікті талап етері сөзсіз.
Әріптестері Нұрахмет Қалдыбайұлының қиын сәттерде әрдайым жауапкершілікті өз мойнына алып, саладағы жас мамандарға үлгі болып жүретінін жарыса айтады. Жуалы ауданының тұрғындары үшін де кейіпкеріміз өмірді сеніп тапсыруға болатын батыл жан. Әріптестері: «Нұрахметтің «Ерлігі үшін» медалі – борандағы ерлік қана емес, сондай-ақ өзге жандардың өмірі мен қауіпсіздігі жолында тер төгіп жүрген қаһарманның еңбегіне берілген лайықты баға», – дейді.
Төтенше жағдайлар қызметінің тарихында сан мыңдаған ерлік істер мен жанқиярлық әрекеттер бар. Осындай батыл әрекеттердің нәтижесінде, құтқарушылардың қайсарлығы мен табандылығының арқасында талай жанның өмірі ажал тырнағынан арашаланды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ