Денсаулық

Инсульт жас талғамайды

Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылы Қазақстанда 49 мыңға жуық адам инсультпен ауырған. Оның 11,8 пайызы ауруханада көз жұмған, ал 6,1 пайызы ауруханадан шыққаннан кейін бір айдың ішінде қайтыс болған.

Әлем бойынша да жағдай мәз емес. Жыл сайын 12,2 миллионнан аса жаңа инсульт жағдайы тіркеліп, 6,5 миллион адам осы дерттен көз жұмады. Бүгінде жер шарында 101 миллионнан аса адам инсульттің салдарымен өмір сүріп жатыр. Мұның барлығы инсульттің қаншалықты қауіпті әрі уақытылы емдеуді қажет ететін дерт екенін дәлелдейді.

Бүгінгі күні инсульт тек егде жастағы адамдардың емес, жастардың да бас ауруына айналып отыр. Бұрын бұл диагноз 50-60 жастағы адамдарға жиі қойылса, бүгінде 20-30 жастағы тепсе темір үзетін азаматтар арасында да жиілеген. Тіпті кей жағдайларда жасөспірімдер мен нәрестелер де осы дерттен зардап шегіп жатыр. Бұл үрдістің себебі неде? Осы сауалдарға жауап алу үшін біз дәрігер-терапевт Динара Дүкебаевамен тілдескен едік.

Дәрігердің айтуынша, инсульттің жастар арасында жиілеуіне әсер ететін факторлар өте көп. Дәрігер дертті бір ғана себепке тіреп қоюға болмайтынын айтады.

Инсульттің белгілері де соңғы жылдары өзгерген. Бұрын беттің қисайуы, сөйлеудің бұзылуы немесе аяқ-қолдың жансыздануы негізгі белгілер деп саналса, қазір ауру жиі атипиялық түрде өтеді екен.

Инсульттің жасарып кетуінің тағы бір себебі – заманауи өмір ырғағының адам психикасына түсіретін қысымы. Ұйқының бұзылуы мен созылмалы стресс бүгінде жастар арасында кең тараған. Динара Мұратқызы мұны да ми мен жүрекке ауыр салмақ түсіретін фактор деп санайды. Егер адам түнгі ұйқысын дұрыс қанағаттандырмаса, ми демалмайды. Ұйқының жеткіліксіздігі ағзаны шаршатып, қан қысымының тұрақсыздығына алып келеді. Стресс кезінде адам ағзасы кортизол мен адреналинді көп бөледі, олар тамырларды тарылтып, қан қысымын көтереді. Яғни ұзақ стресс – инсультке жол ашатын себептердің бірі.

Мамандардың айтуынша, тағы бір қауіп – гаджеттерге тәуелділік. Жастардың көпшілігі күніне 8-10 сағат бойы телефон немесе компьютер алдында отырады. Бұл – қозғалыстың азаюына, арқа мен мойын бұлшықеттерінің керілуіне, қан айналымының баяулауына және миға оттегі жетіспеушілігіне әкелетін көрінеді. Мұның бәрі қан ұю қаупін арттырады. Күн сайын таза ауада серуендеу, жеңіл спортпен айналысу – инсульттің алдын алудағы ең тиімді амал.

Дәрігер жастардың энергетикалық сусындарды көп пайдалануына да алаңдайды. Емтихан алдында немесе ұзақ оқу кезінде сергіткіш сусын ішуді қалыпты нәрсе деп санайтындар көп. Бірақ бұл сусындар жүрекке ауыр салмақ түсіріп, қан қысымын күрт көтереді. Мұндай әдеттің арты жүрек ұстамасы мен инсультке апарып соғуы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, инсульт әлемдегі өлім-жітімнің алдыңғы қатарлы себебі болып отыр. Бірақ мамандар бұл аурудың алдын алуға болатынын айтады. Ең бастысы – адам өз өмір салтын бақылауға алуы керек. Дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден арылу, жүйелі түрде қозғалу және жеткілікті ұйықтау – қарапайым, бірақ тиімді қорғаныс тетігі.

Айжан ӨЗБЕКОВА