Әлеумет

Қамкөңіл жандарға қамқорлық

2025 жылдың 1 қазанына дейін Тараз қаласында мүгедектігі бар 16 781 адам әлеуметтік қызметтер порталы арқылы түрлі жабдықтармен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етілді.

Қазір қала бойынша барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдардың саны 16781 адамды құрайды.

Қамкөңіл жандарға облыстық мүгедектерді сауықтыру орталығы және арнаулы әлеуметтік қызметтерді атқаратын 7 орталық көмек көрсетеді. Жалпы алғанда биыл бұл мекемелерде 1300-дей адамға қолдау білдірілді.

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетілген көмектердің ішінде 6 562 адам міндетті-гигиеналық құралдармен, 3576 адам санаторий-курорттық емделумен, 3156 астам адам протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ барлығы 1 277 адам тифлотехникалық және сурдотехникалық құралдармен, жеке көмекшімен, жүріп-тұру және ымдау тілі қызметтерімен қамтылды.

Осы бағыттағы жұмыстар мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы орта құру бағытындағы мемлекеттік саясаттың нәтижесін көрсетеді. Бұл іс-шаралар өңірде ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және қоғамға толық бейімделуіне мүмкіндік беріп отыр.

Мүгедектігі бар адамдардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 11 инватакси қызметі көрсетіледі. Ол арқылы жыл басынан бері 197 жан үшін 2 680 тасымал жасалды.

Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы