Қоғам

Қоқыс мәселесін қалай шешеміз?

Пластик заттар өндірістен бастап кәдеге жаратылғанға дейін қоршаған ортаға едәуір зиянын тигізеді. Пластикалық өнімдерді өндіретін зауыттар жылына атмосфераға шамамен 400 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газын шығарады екен. Бүгінде жануарлардың шамамен 800-дей түріне пластикалық заттарды жеп қою және пластикпен улануы салдарынан жойылып кету қаупі тұр.

Бүгінде мұхит, теңіз, өзен-көлдердегі қоқыстардың есебі жоқ. Күн сайын дүниежүзіндегі мыңдаған өндіріс көздерінен пластик қалдықтары мұхитқа, құрлыққа зиянын тигізіп жатыр. Әлеуметтік желілердегі ақпараттарға сенсек, су, жер бетінің ластануының 80 пайызын осы пластикалық қалдықтар құрап отыр. Өңіріміздегі қоқыстар мен қалдықтардың жиналу, сұрыпталу ахуалын білу үшін облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Молдашевпен байланысқан болатынбыз.

Осы орайда Тараз қаласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталар болсақ, облыс орталығында тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару кызметімен 7 мекеме айналысады. Тараз қаласының тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтауға арналған полигоны Жамбыл ауданы, Көлқайнар ауылдық округінде орналасқан. Жалпы ауданы – 30 гектар. Қаладан арақашықтығы – 15 шақырым. Аумағы темірбетон қоршаумен қоршалған.

Қоқыс мәселесі – атқарушы органдардың ғана емес, қоғамның әрбір мүшесі бас ауыртуға тиіс түйткіл. Әрине, мемлекеттік мекемелер қалдықтардың дер кезінде шығарылуына, санитарлық, экологиялық талаптардың сақталуына, оны өңдейтін зауыттар салуға міндетті. Әйтсе де, қоқысты заңсыз орындарға тастамау, оны сорттау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау секілді мәселелер тұрғындарға тікелей байланысты. Егер бұл мәселеде билік пен халық бірлесіп әрекет етпесе, қоқыстан құтылу қиынға түседі.

Сымбат ҚУАНЫШ