Білгім келген бір сұрақ?

«Kaspi бонус» қаншалықты тиімді?

Бүгінде «Kaspi.kz» қосымшасы қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Төлем жасау, ақша аудару, онлайн сатып алу – барлығы бір платформада ыңғайлы түрде біріктірілген. Осы мүмкіндіктердің ішінде ерекше танымал болған қызметтің бірі – «Kaspi Бонус» бағдарламасы.

«Kaspi Бонус» – бұл «Kaspi.kz» арқылы төлем жасаған кезде тұтынушыға қайтарылатын ақшалай сыйақы жүйесі. Яғни, «Kaspi QR» немесе «Kaspi Red» арқылы төлем жасағанда, сатып алу сомасының белгілі бір бөлігі бонус түрінде есепке алынады. Жиналған бонустарды кейін «Kaspi.kz» серіктес дүкендерінде төлем құралы ретінде қолдануға болады. Мәселен, 100 000 теңгеге тұрмыстық техника сатып алдыңыз делік. Егер «Kaspi»-дегі бонус мөлшері 5 пайыз болса, сіздің шотыңызға 5 000 теңге бонус түрінде қайта түседі. Бұл қаражатты кейін басқа сатып алуларға жұмсауға немесе жинақ ретінде сақтауға болады.

«Kaspi.kz» қаржы орталығының маманы Лаура Амангелдінің айтуынша, «Kaspi бонус» бағдарламасының ең үлкен артықшылығы – адамдарды үнемі ұтымды сауда жасауға ынталандыру.

Көптеген қолданушы «Kaspi Бонус» бағдарламасының шынымен-ақ тиімді екенін айтады. Кейбіреулер жиналған бонустарымен жаңа телефон алса, тіпті тұрмыстық техниканың ақшасын жиналған бонуспен төлегендер де бар екен. Мәселен, Меркі ауданының тұрғыны, екі баланың анасы Асия Убайдуллаева бонус жинап, балаларына қыстық киім сатып алған.

Алайда бағдарламаның кемшін тұстары жоқ емес. «Kaspi Бонус» шын мәнінде «ақша» сияқты көрінгенімен, ол толыққанды ақша емес. Яғни сіз оны банкоматтан ала алмайсыз немесе басқа адамға тікелей жібере алмайсыз. Тек «Kaspi.kz» серіктес дүкендерінде ғана қолдануға болады. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі дүкендер мен кей базарлардағы саудагерлер «Kaspi QR» қолданбайды, тек қолма-қол ақшамен жұмыс істейді. Сол себепті ондай кезде бонустың пайдасы шамалы.

«Kaspi Бонус» мөлшері көбіне 1-3 пайыз шамасында болады екен. Яғни, арнайы бонустық акциялардан тыс күндері 100 000 теңгеге зат алғанда сізге 1 000-3 000 теңге ғана бонус түседі. Ал егер сіз айына небәрі 50-60 мың теңге жұмсайтын болсаңыз, жиналатын бонус 500-1000 теңгеден аспайды. Сонымен қатар бұл бағдарлама акция кезінде жасалатын маркетингтік қақпанға ұқсайды. «Kaspi.kz» кейде жоғары бонус пайыздарын шектеулі уақытқа ғана және көбіне бағасы көтеріліп кеткен тауарларға ұсынады. Кей тұтынушылар бонусқа қызығып, өзіне қажет емес затты сатып алып жатады. Тағы бір айта кетерлігі, «Kaspi Бонус» бағдарламасында жиналған бонустардың белгілі бір мерзімі болады. Егер сіз ұзақ уақыт пайдаланбасаңыз, кей жағдайларда ол бонустар жойылуы мүмкін. Мысалы, кейбір серіктестерде «жинақталған бонус 3 ай ішінде жұмсалмаса, жарамсыз болады» деген шарттар бар. Көпшілік мұны байқамай, кейін «бонустарым жоғалып кетті» деп шағымданады. Мұнымен қоса кей дүкендер «Kaspi Бонус» бергенімен, оның орнын тауар бағасын аздап көтеру арқылы толтырып отырады.

Яғни, бонустың өзін тұтынушының қалтасынан төлейді. Мысалы, басқа жерде сол тауар 9 000 теңге болса, «Kaspi.kz» серіктес дүкенінде ол 9 500 теңге тұрады, бірақ 5 пайыз бонус беріледі.

Сондықтан кез келген жағдайда тиімділігіне мән берген абзал. Бірі сіз үшін пайдалы болса, енді бірі тіптен тиімді болмауы мүмкін. Сол себепті мұндай акциялардың шарттарын нақты оқып, біліп алған өзіміз үшін жөн болмақ.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ