Қоғам

Сана жаңғырмайынша, жемқорлық жойылмайды

Жақында Тараз қаласындағы «Достық» үйінде жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Antiparacraft – 2025» атты зияткерлік сайыс өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлықтың қоғамға зиянын түсіндіру, адалдық пен әділдік қағидаттарын дәріптеу, сондай-ақ жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.

Зияткерлік сайысқа облыс пен қала жастары белсене қатысып, өз білімдері мен тапқырлықтарын сынға салды.

Жарыста Жуалы ауданынан «Жуалы» командасы, Байзақ ауданынан «Байзақ» командасы, Жамбыл ауданынан «Жамбыл» командасы, Тараз қаласының атынан «Тараз» командасы, облыс жастары атынан «Әулиеата жастары» командасы бақ сынады. Олардың біліміне Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әсел Жапарова және облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадыралиев бастаған қазылар алқасы баға берді.

Зияткерлік сайыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең «Білгенге – маржан» деп аталса, бұл бөлімде қатысушыларға Қазақстан және әлем тарихы, құқық пен саясат тақырыптарында сұрақтар қойылды. Екінші «Құқықтық ой-сана» бөлімінде жастар ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы мен мемлекеттік қызмет этикасы жөніндегі білімдерін көрсетті. Үшінші кезең – «Жедел жауап». Мұнда қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен Жамбыл облысының тарихына қатысты сұрақтар қойылды. Жарыс барысында командалар білім мен тапқырлықты ұштастырып, белсенділік пен бірліктің үлгісін көрсетті. Үш кезеңнің нәтижесі бойынша әділ-қазылар шешімімен үздік шыққан командалар марапатталып, арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.

Іс-шара соңында сөз алған Әсел Жапарова жастардың қоғамдағы белсенді рөліне тоқталып, жемқорлыққа қарсы күрес баршамыздың ортақ міндетіміз екенін, әрбір жастың бойында адалдық пен әділдік қағидаттары қалыптасуы қажеттігін деп атап өтті.

Сайыс нәтижесінде «Әулиеата жастары» командасы жеңімпаз атанып, 250 мың теңге ұтып алды. «Байзақ» командасы екінші орыннан көрініп, 100 мың теңге сыйлықақыға ие болды. Ал «Тараз» командасы үшінші орын мен 70 мың теңгені місе тұтты.

Жиын соңында қатысушылар мен қонақтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің әр адамның азаматтық борышы екенін тағы бір мәрте сөз етіп, жастарға өмірде парасат пен тазалық тілеп тарқасты.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ