Тазалық сақтау – әркімнің жауапкершілігі
«Таза болса табиғат, аман болар адамзат» деген сөздің астарында үлкен мән бар. Қазақ халқы ерте кезден-ақ табиғатты құрметтеп, оны аялауды өмір салтына айналдырған. «Табиғат – ана» деген ұғым соның айғағы. Халқымыз үшін тазалық та тәрбие мен мәдениеттің басты көрсеткіші болып саналған.
Заман дамыған сайын кей жақсы әдеттердің ұмытылып бара жатқаны байқалады. Көшелерде темекі қалдығы, конвет, шоколад секілді түрлі тәттілердің орамасы мен судың босаған құтысы сияқты қоқыстар жиі көзге түседі. Кейде қоқыс жәшігі дәл қасында тұрса да, қалдықтар жерге тасталады. Бұл – тұрғындардың жауапкершілігінің жоқтығы ма, әлде мәдениеттің төмендігі ме?
Айта кетейік, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес, белгіленбеген жерге қоқыс тастаған азаматтарға 69 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Қайталанса, айыппұл көлемі екі еселенеді.
Тараз қаласының тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарын «Жасыл Ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізеді. Мекеме мамандарының айтуынша, күн сайын 92 текше метр қоқыс шығарылады екен. Ал жылына бұл көлем 18 500 текше метрге жететін көрінеді.
Тараз қаласының тұрғыны Мейрамбек Сағыновтың пікірінше, тазалық ең алдымен әр азаматтың өзінен басталуы тиіс.
Осы ретте «Жасыл Ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Айдын Бейсеков тұрғындарды белсенді болуға шақырады. Ол да тұрмыстық қатты қалдықтардың бейберекет шашылып жатуын мәдениетсіздік деп санайтынын айтады.
Дегенмен қалада қоқыс сұрыптау мәдениеті әлі қалыптаса қойған жоқ. Шаһардан шығарылған қалдықтар полигонға жеткізілгенімен, қайта өңделмейді. Бұл – уақыт өте шешімін табуы тиіс мәселе деп білеміз.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ,
Тараз қаласының тұрғыны