Ауаның ластануы – экологиялық қауіптің басты себебі
Ауа – тіршіліктің өзегі. Таза ауа – адамның денсаулығы мен табиғаттың тепе-теңдігін сақтаудың басты кепілі. Алайда соңғы жылдары еліміздің бірқатар аймағында ауаның ластану деңгейі күрт өсіп, экологиялық ахуалға елеулі әсер етіп отыр. Бұл жағдай халықтың өмір сапасына, ауылшаруашылығына, тіпті климаттың өзгеруіне де тікелей ықпал етуде.
Ғаламтордағы деректерге сүйенер болсақ, жыл сайын ел аумағында атмосфераға шамамен 2 миллион тоннадан астам зиянды қалдық тарайды. Оның басым бөлігі өндіріс орындары мен көлік құралдарының шығарындылары.
Мәселен, ауыр өнеркәсіп шоғырланған Қарағанды, Теміртау, Өскемен, Павлодар және Алматы қалалары ауаның ластану индексі бойынша жоғары тәуекел аймағына енген. Әсіресе ірі қалалардағы металлургия зауыттары мен жылу электр стансалары ауаға күкірт диоксиді, азот тотығы және көміртек бөлшектерін көп мөлшерде шығарады. Мұндай газдар тыныс алу жүйесіне кері әсер етіп, аллергиялық және өкпе ауруларын жиілетеді.
Ауаның ластануына көлік қозғалысының да әсері орасан. Әрбір автокөлік жылына орта есеппен 4 тоннаға дейін көмірқышқыл газын бөледі. Ал ірі қалаларда көлік саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, Алматы қаласында тіркелген көлік саны бүгінде шамамен 600 мыңнан асқан.
Дәрігерлердің айтуынша, ауаның сапасы төмендеген сайын тұрғындар арасында тыныс жолдары аурулары, жүрек-қан тамыр жүйесінің бұзылуы және онкологиялық сырқаттар жиілеп барады. Ауаның құрамындағы улы заттар, әсіресе балалар мен қарт адамдарға тез әсер етеді. Балалар мен қарттардың иммунитеті әлсіз болғандықтан, ластанған ауа олардың ағзасына көп зиян тигізеді. Сонымен қатар улы газдар мен ұсақ бөлшектер көз, тері және жүйке жүйесіне де кері ықпал етеді.
Атмосфераның ластануы тек адамға емес, табиғаттың барлық сферасына әсер етеді. Улы газдар өсімдіктердің фотосинтез процесін тежеп, олардың өсуін баяулатады. Топырақтың құнары төмендеп, ауылшаруашылығына арналған жерлердің өнімділігі азаяды. Ал жауын-шашынмен бірге түсетін химиялық қалдықтар өзен-көлдерге ағып, судың сапасын бұзады.
Мысалы, Ертіс өзенінің бойындағы кейбір аймақтарда ауыр металл қалдықтарының мөлшері нормадан екі есе жоғары. Бұл жағдай су жәндіктерінің жойылуына, балықтардың көбею деңгейінің төмендеуіне әкеліп отыр. Ал бұл өз кезегінде экологиялық тізбектегі тепе-теңдікті бұзады.
Ауаның ластануы ауа райына да өз кері әсерін тигізеді. Оттегінің ластануы жаһандық жылынудың да басты себептерінің бірі. Атмосферадағы көмірқышқыл газының артуы күн сәулесінің жерге көбірек сіңуіне әсер етіп, температураның көтерілуіне әкеледі. Соңғы 50 жылда Қазақстанда орташа жылдық температура 1,3 градусқа көтерілген.
Экологиялық жағдайды жақсарту үшін бірінші кезекте өндіріс орындарында сүзгі жүйелерін жаңарту қажет. Қазіргі таңда кейбір зауыттарда ескі жабдықтар қолданылады, олар зиянды қалдықтарды толық сүзгіден өткізе алмайды. Сондай-ақ жасыл аймақтарды көбейту, электр және газбен жүретін көліктерді көбейту, қалдықтарды қайта өңдеу ісін дамыту маңызды.
Қазіргі таңда ел бойынша жасыл желекті, ағашты көп отырғызу бастамасы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жасыл желекті көбейту ауаның сапасын жақсартуға бағытталған ең ауқымды экологиялық шаралардың бірі.
Экологиялық мәселелерді шешу тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл істе қоғам белсенділері мен жастардың да рөлі ерекше. Соңғы жылдары еліміздің түрлі өңірлерінде «Таза Қазақстан», «Таза өлке», «Жасыл аймақ» секілді экологиялық акциялар жиі өткізілуде. Мұндай бастамалар арқылы ел тұрғындары арасында табиғатты қорғауға деген жақсы көзқарас қалыптасады.
Мысалы, Тараз қаласындағы «Жасыл мектеп» жобасы аясында оқушылар өз ауласында ағаш отырғызып, экологиялық апталықтар ұйымдастырады. Мұндай іс-шаралар жас буынды табиғатты аялауға, қоршаған ортаға жанашыр болуға тәрбиелейді.
Әрбір азамат өз тұрмысында табиғатты қорғауға үлес қоса алады. Қоқысты сұрыптау, қоғамдық көлікті пайдалану, ағаш отырғызу немесе суды үнемдеу – кішкентай жұмыс көрінгенімен, үлкен нәтижеге жеткізетін әрекеттер.
Ауаның ластануы – бүгінде тек экологиялық емес, әлеуметтік және экономикалық мәселе. Таза ауа – адам денсаулығының сау болуының кепілі. Сондықтан табиғатты қорғау, өндіріс пен көлікті жаңғырту, экологиялық тәрбие мен мәдениетті дамыту – баршамызға ортақ борыш.
Жұлдыз ЕРБОЛҚЫЗЫ,
№32 орта мектептің
педагог-ұйымдастырушысы,
Тараз қаласы