Әлеумет

Жасөспірімдердің тағдырлы әлеміне жол тапқан мекен

Әрбір бала бақытты болуға лайықты. Ол өмірге келерде қиындық пен қиянатқа жолығу үшін тумағаны анық Алайда тағдырдың жазуымен әлеуметтік осал топтағылардың қатарына қосылып, өмірлік тірегінен айырылатын жандар арамызда баршылық. Әсіресе тірек болар ананың өзі «тірексіз» болып, тағдырдың тезіне тастағаны жанды ауыртады.

Бұрындары қазақ даласында жетім мен жесірді қоғамның өзі, яғни ағайын, ауыл-аймақ тентіретпеді. Жетім-жесір елмен бірге өсіп, елмен бірге жетілген. Рас, ол заманда да жетімдік болған жоқ емес, болды. Бірақ олар өзінің түбін, тамырын ел ішінде жүріп танып өсті. Ең маңыздысы, қазақта жетімдік көргенімен, тегінен, түбінен ажыраған ұрпақ болған жоқ. Бұл 1917 жылға дейінгі қазақ даласындағы бұлжымас заң еді. Тарихи кезеңдер мен биліктің аумалы-төкпелі тұсынан өткенде бұл үрдіс те өзгеріске ұшырады.

Кісі баласы тұрмақ, өз баласын ашаршылықтан қалқалап қалуға шамасы жетпей жатқан жұрт ұрпағын аман алып қалу үшін үкіметтің салған балалар үйіне перзентін амалсыз тапсырды. Ал әке-шешеден, ата-әжеден айырылып, есейгендері өз аяқтарымен барып жатты. Кей ауылдарда сырттан келіп, баз кешіп жүрген балаларды көргендер шамасына қарай қамқорлық жасауға тырысты. Бұл әсіресе 1930-1935 жылдары белең алған болатын.

Бұл кезең туралы мемлекеттік архивтердің қатпар-қатпар құжаттарында да жазбалар сақталған. Облыстық архивтің қор құжаттарына назар аударсақ, шамамен 1923 жылдан бастап өңірде балалар үйі болғанына көз жеткізуге болады. Қолыма түскен құжаттар ішіндегі есімде қалғаны, облыстық газеттің 1934 жылғы қиындысындағы хабарлама еді. Онда әкесі ашаршылық жылдары көз жазып қалған баласын іздейтінін жазады. Тастап кеткен жері – балалар үйінің маңы екен.

Ал екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майдан даласында жетім қалған талай бала дәл осы Жамбыл жерінен пана тапқаны да белгілі. Бірі балалар үйінде тәрбиеленсе, бірі қазақ отбасыларына бала болған. Соның бір мысалын осыдан он жыл бұрын көрдім. Грозныйдан келген 1935 жылғы кісі еді. Айтуынша, 1942 жылы жетім қалған бауыры екеуін Жамбыл жеріне жеткізген. Бірақ жас ерекшелігіне қарай қос бауырды екі жаққа бөліп жіберіпті. Өзі Мойынқұм ауданында тәрбие, білім алған. Есейгенде жұмыс талғамай, барлық жаққа кете беріпті. Егде тартқанда бауырының тағдырын білгісі келіп, архивке келеді. Сол жерде жұмыс істеп жүрген мен ол кісіге нақты дерек тауып бере алмасам да, құжаттары сақтаулы білім басқармасының архивіне жібердім. Кейінірек ол жерден іздеген деректерінің бірсыпырасын тапқанын естідім.

Мұндай тағдырлар қаншама?! Оларды сол заманның өзінде қоғам, мемлекет тәрбиелеп, қатарға қосты. Тіпті өткен ғасырда өмір сүрген көп тұлғаның өмір жолын оқысақ, интернатта өсіп-жетілгені жазылады. Бүгін де ол үрдіс өз жалғасын тапқан.

Асыраушысынан айырылған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған немесе ата-анасы белгісіз балаларды қазақта жалпы тілмен жетім дейміз. Бірақ заң тұрғысында әрқайсысының өз түсініктемесі бар. Бірақ олар заң тілінде мемлекеттің қорғауындағы немесе қамқорлығындағы балалар деп аталады. Олардың жас ерекшеліктеріне қарай мекен ететін арнайы «үйлері» бар. Тараз қаласында ең кішкентайлары бес жасқа дейін «Үміт» балалар үйінде тәрбиеленсе, одан кейінгі жастағылар арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығынан пана табады екен. Ал 16 жастан асқан жасөспірімдер облыстық жасөспірімдер орталығында үлкен өмірге бейімделіп, өз жолдарын іздейтін көрінеді. Бүгінгі мақаламда аты көп атала бермейтін дәл осы орталық туралы жазғанды жөн көрдім.

Тараз қаласының тыныш көшелерінің бірінде орналасқан бұл орталық өз есігін алғаш ашқаннан бері 700-ге жуық балаға қамқор болыпты. 25 жылға жуық тарихы бар мекеме тағдыры талайлы жастардың отбасына айналғандай. Мұнда оларға 23 жасқа дейін тұруға рұқсат берілген. Басым бөлігі – студент. Арасында демеушілердің көмегімен түрлі салада жұмыс істеп жүргендері де бар.

Негізінен орталықтың өзі 20 шақты жатын бөлмесі бар жатақхана типінде салынған. Алайда тәрбиеленушілердің бос уақытын тиімді өткізуі үшін шағын спортзал, кітапхана, акт зал, тігін бөлмесі де жасақталған. Орталықтың медициналық бөлмесі, асханасы мен кір жуатын орындары тәрбиеленушілердің күнделікті тұрмысына лайықталған. Мұндағы әр бөлменің өзі өмірге бағыт беретін шағын мектеп десек артық болмас.

Мекеменің әр бұрышынан қамқорлықтың жылуы сезіледі. Педагог-психологтар мен әлеуметтік мамандар жастардың өмірге бейімделуіне, кәсіби бағдар алуына көмектеседі. Ал орталықта ұйымдастырылатын арнайы сабақтар мен шығармашылық сағаттар тәрбиеленушілердің қабілеттерін ашып, жандүниесін байытады.

Орталықта түрлі сала мамандары қызмет атқарады. Олар үшін басты ұстаным – әр баланы қоғамға бейімдеу. Сол себепті мұндағы тәрбие жұмысы тек тәртіп пен оқуға ғана емес, тұлғалық дамуға, рухани байлыққа, отбасылық құндылықтарға негізделген. Балалардың арасында орталық қызметкерлерін «мама» деп атайтындары да бар екен. Ол жайында орталықтың педагог-ұйымдастырушысы Нәзия Жаңабаева ерекше толғаныспен әңгімелеп берді.

Бұл орталықтың тәрбиеленушілеріне демеушілік қолдау қажет-ақ. Осы ретте балаларға өз нанын тауып жеуге мүмкіндік беріп жүрген «Firkan» жеке кәсіпкерлігі, «Тәтті себет» дүкендер желісі және «ШАХ» шұжық цехы, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін айтпай кетуге болмайды. Олар түлектерге жұмыс тауып беруге, еңбекке араласуына мүмкіндік жасайды. Бұл – мейірім мен жауапкершіліктің көрінісі. Өйткені мұндағы әр баланың артында үлкен өмірге жол іздеп тұрған тағдыр жатыр.

Назым ҚОЖАМАР,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі