Дін

Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз

Адамзаттың ақыл-парасатқа ие болып, өркениет пен мәдениеттің шыңына жетуі – Жаратқанның адамға нәсіп еткен ең ұлы нығметтерінің бірі. Сол нығметтің шынайы бағытын көрсетіп, адамзат баласын тура жолға салу үшін Алла Тағала бізге асыл дін – Исламды нәсіп етті.

Қай қоғам болмасын өз дінінің негізінде рухани биіктікке, мәдени өркендеуге қол жеткізген. Тамыры терең тарихымыз соған куә. Халқымыздың «Өз елің – алтын бесігің» деген ұлағатты сөзі де ел мен дінді, рух пен дәстүрді біртұтас көргенін дәлелдейді.

Сан ғасырлар бойы дін мен ділі бұзылмаған халқымыз «Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз» – деп, иманын жүрегінде сақтап, жат ағымдарға бой алдырмаған.

Тәуелсіздігімізді алған сәттен бастап еліміздің рухани кеңістігінде түрлі ағымдар мен идеологиялық ықпалдар бой көрсетті. Дегенмен, иманы берік, рухы биік халқымыз асыл діннің діңгегінен ажырамай, ізгі жолдан тайған жоқ.

Қазақ халқының ауыз әдебиетінде кездесетін мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердің көбі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерімен үндесіп жатады. Мысалы, халқымыздың «Әр дерттің дауасы бар» деген мақалы мына хадистен алынған. «Әр дерттің дауасы бар. Дерттің дауасы табылып қолданылғанда Алла Тағаланың рұқсатымен (көмегімен) ауру адам жазылады». (Бұхари мен Муслим риуаят еткен хадис).

Бұл сөз – рух пен тән тазалығының, адал ниет пен ақ жүректің маңызын айғақтайды.

Сондай-ақ, халқымыздың «Ұят – иманның қабы» деген нақылы да Пайғамбарымыздың «Ұят – иманнан» деген хадисіне негізделген. Иман – адамның жүрегіне нұр құйса, ұят – сол нұрды кір шалдырмайтын қалқан іспетті.

Дана халқымыз «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй салмас бұрын көршіңді ойла» деп өсиет қалдырған. Бұл сөздің түп-төркіні Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап» деп айтылады.

Халқымыздың «Асыққан шайтанның ісі» деген мақалы да тікелей мына хадиске сүйенеді: «Асықпау – Рахманнан (Алладан), асығу – шайтаннан».

Кеңесшіл халық екенімізді көрсететін «Кеңес қылған ел азбас, кеңінен пішкен тон тозбас» деген мақалымызды Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сөзі толықтырады. Қасиетті Құран Кәрім де мұсылмандарды әр істе ақылдасуға, ортақ шешімге келуге үндейді.

Мақал мен хадистің де түп мақсаты – татулық пен ауызбіршілікті сақтау. «Өтірікшіде иман жоқ» деген халық сөзі «Өтіріктен сақтан. Себебі өтірік пен иман бір жерде болмайды» деген хадиспен сабақтас.

Ал «Тәкаппарды Тәңір сүймес» деген мақал да «Тәкаппарлығынан киімінің етегін жерге сүйретіп жүргендерге Құдай Тағала қиямет күні назар салмас» деген хадистің мазмұнымен үндес.

Ата-бабаларымыздың дархан көңілін сипаттайтын «Қонақ келсе құт келеді» сөзі де Исламдағы меймандостық қағидасымен астасады. «Егер біреуіңіз қонаққа шақырылса, барсын» деген Пайғамбар өсиеті қазақтың қонақ күту дәстүрімен біте қайнасып кеткен.

Сондай-ақ, «Шақырған жерден қалма, шақырылмаған жерге барма» деген мақал да хадистегі «Шақырылмаған жерге барған адам Аллаға және Оның Елшісіне қарсы келген болады» деген ескертумен үндес.

«Жақсымен жолдас болсаң – нәсібі жұғар, жаманмен жолдас болсаң – кесірі жұғар» деген даналықтың түбі мына хадисте жатыр: «Жақсы мен жаман жолдас әтірші мен от жағушыға ұқсайды. Әтіршінің қасында болсаң жақсы иіс үстіңе жұғады, ал от жағушының қасында болсаң көйлегің жанады не жаман иіс сіңеді».

Ал көршілік жайындағы «Көрші хақысы – Тәңір ақысы» деген халқымыз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, көршісіне жақсылық жасасын» деген өсиетінен нәр алған.

«Сіздердің ең қайырлыларыңыз – қарызын төлеген адам», – деген хадис «Қарыз, қарызды беру – парыз» деген мақалмен мәндес.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Оларға (ата-аналарыңа) «үһ» деп те кейіме» деп бұйырған. Қазақтың «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» деген сөзі осы аяттың өмірлік көрінісіндей. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде былай деген: «Кімде-кім ғұмыр жасының ұзақ, ризығының мол болуын қаласа, ата-анасына жақсылық жасасын, туған-туыстарымен қатынасын үзбесін».

Халқымыздың «Тәні сұлу – сұлу емес, жаны сұлу – сұлу» деген сөзі де мына хадиспен үндес, «Алла сендердің түр-тұлғаларыңа және байлықтарыңа қарамайды, жүректерің мен іс-әрекеттеріңе қарайды».

Сондай-ақ, «Пейіліңе қарай пейішің» деген мақал Пайғамбардың (с.ғ.с): «Амалдар ниеттерге қарай бағаланады. Барлық адамға ниет еткеніне қарай беріледі» деген хадисіне негізделген.

Мақал мен хадис – халқымыздың рухани дүниетанымының егіз бұлағы. Қасиетті Құран мен хадистің тағылымы ғасырлар бойы қазақтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына сіңіп, өмірлік ұстанымға айналды. Бүгінгі таңда сол асыл қазынаны жас ұрпақтың санасына сіңіріп, мектептен бастап, жоғары оқу орындары мен қоғамдық орындарда насихаттау – ұлттың рухани иммунитетін күшейтудің бірден-бір жолы.

Ата-бабамыз ұстанған Әбу Ханифа мазхабы мен Матуриди сенімін, Қожа Ахмет Ясауи ілімін берік ұстану – дәстүріміздің, рухымыздың тірегі.

Дана бабамыздың «Кәпір болсын, берме зарар» деген сөзі – бейбітшілік пен ізгілік жолындағы мәңгі өсиет.

Сержан ҚҰЛТАЕВ,

дінтанушы