Тәннің емес, рухтың тазалығын ойлайық
Сұлулыққа, сәнге ұмтылу – табиғи құбылыс. Әсіресе, жасанды кірпік пен тырнақ жалғау – әйелдер қауымының күнделікті күтім дағдысына еніп үлгергелі қашан. Бірақ шариғатымыз жасанды кірпік пен тырнақ жалғауды құп көрмейді.
Бәріміз де өткінші ғұмырдың жолаушысымыз. Біреу кенеттен көз жұмғанда, оның денесінде сол жасанды дүниелердің қалуы туыстарын ойлантатыны анық. Осындай сәттерде марқұмды шариғатқа сай жерлеуге ниеттенген туыстары арнайы сұлулық шеберлерін шақыруға мәжбүр болады. Себебі көпшілік мәйіттің кірпігін немесе тырнағын өздері шешуге батпайды. Бұл – әрине ауыр міндет.
Жуырда осындай сауапты істі қолға алған шеберлердің бірі атыраулық Ақөрік Изимбаева жайлы мақаланы көзіміз шалды. Ол өмірден озған әйелдердің кірпігін қинамай алып беріп, шариғат талабына сай арулауға көмектеседі екен.
Ақөрік негізі – лэшмейкер (кірпік маманы). Бірақ қазір бұл іспен тұрақты түрде айналыспайды. Тек ерекше өтініштер түскен кезде керек-жарағын қолға алады.
Ақөріктің айтуынша, өлім айтып келмейді. Сондықтан әр адам бұл дүниеден қалай кететініне емес, ар жағындағы жауапқа көбірек ойлануы керек.
Тараз қаласында да осындай ізгі істі жалғастырып жүрген шеберлер бар. Қаладағы сұлулық салонының әкімшісі Меруерт Ақылқызы мұндай өтініштердің сирек болса да түсетінін айтады.
Меруерттің сөзіне сүйенсек, кейде марқұмның жақындары шеберлерден көмек сұрағанымен, көпшілігі мұндай шақыртудан бас тартады. Себебі қайғы үстіндегі үйге бару оңай емес.
Тараз қаласының тұрғыны Әсия Жұмашеваның айтуынша, Исламда мәйіттің денесін кесіп-жұлқылауға тыйым салынған. Кірпік пен тырнақты күшпен жұлу – марқұмды қинау болып есептеледі.
Ислам шариғатында адамның табиғи жаратылысын өзгертуге қатаң тыйым салынған. Бұл – жасанды кірпік, тырнақ, шаш, тіпті қасқа да қатысты үкім.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисінде былай делінген: «Алла Тағала денесіне сурет салдырғанды да, сурет салдыртқанды да, қасын жұлатынды да, қасты жұлатқызушыны да, әдемі көріну үшін тістерін ажыратқанды да және Алланың жаратылысын өзгертетіндерді де лағынеттеді» (Бухари, Муслим). Тағы бір хадисте: «Алла Тағала шаш жалғаушы мен жалғағанды лағынеттеді» дейді. (Бухари).
Ғалымдар бұл үкімнің сәндік мақсаттағы кірпік пен тырнаққа да қатысты екенін айтады. Себебі олар су өткізбейді. Демек, дәрет пен ғұсыл толық болмайды.
Тек ерекше жағдайларда – мысалы ауру, күйік немесе жарақат салдарынан кірпігі немесе тырнағы түсіп қалса, оны қалпына келтіру үшін қолдануға рұқсат бар. Бірақ сән үшін жалғау – харам.
Қоғамда сұлулық пен сәнге ұмтылу қалыпты нәрсе. Алайда кеше ғана салоннан шыққан әйелдің ертең бұл дүниемен қоштасуы бәрімізге өмірдің қысқалығын еске салады. Сондықтан адам баласы үшін ең маңыздысы – тәннің емес, рухтың тазалығы.
Айжан ӨЗБЕКОВА