Техниканың тілін тапқан шебер
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланғаны белгілі. Бұл адал еңбектің адам баласының қалыптасуында атқаратын маңызының зор екенін ұғындырған бастама болды. Расында да толассыз тер төкпей табысқа жету мүмкін емес.
Жасыратыны жоқ, ақпараттық технологиялар дамып, әлеуметтік желінің әлеуеті артқан заманда ауадан ақша жасайтын коуч-тренерлер көбейіп барады. Олардың көбі жылтыраған жүзімен, жылтылдаған киімімен, жарқыраған көлігімен ел-жұртты елітіп, оңай олжаға кенелу туралы ой тастайды. «Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» дегендей, сән-салтанатты өмір сүремін деп қыруар ақшаға курстар сатып алып, соңынан сан соғып қалып жатқандар қаншама. Көпшіліктің ойы онға, санасы санға бөлініп, кімге еліктерін білмей жүргенде Президент тура жолды нұсқады.
«Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.
Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» – деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда айрықша айту керек, Жаңатас қаласы – нағыз еңбек адамдарының мекені. Мұнда тау қопарып, тас жарған кеншіні де, бармағынан бал тамған аспазды да, құрыш қолды құрылысшыны да, майталман механикті де көптеп кездестіресіз. Олар тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде де туып-өскен жерін тастап кеткен жоқ. Елмен бірге қиналды. Елмен бірге еңсе тіктеді. Жақсы күндердің оралатынына сенім артып, аянбай еңбек етті. Қолынан келгенше қызмет көрсетті. Есесіне елдің ықыласына кенеліп, құрметіне бөленді. Міне, сондай қара жұмыстың қадірін арттырған еңбек адамының бірі де бірегейі Ерғали Көшербаев десек артық айтқанымыз емес.
Кейіпкеріміз 1969 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Дегенмен оның балалық шағы мен жастық кезеңі Жаңатас қаласымен тікелей байланысты. Ата-анасы жұмыс бабымен кеншілер шаһарына қоныс аударып, осында қызмет етті. Әкесі Орынбасар өмір бойы автокөлік кәсіпорнында жұмыс істеді. Ерен еңбегінің арқасында кеудесі орден-медальдарға толды. Ал анасы Әппақ Досбаева сауда саласында тер төкті.
Техникалық қызмет көрсету орталығында қай кезде де қарбалас. Қаз-қатар тізіліп, кезек күтіп тұрған көліктерді көргенде еріксіз риза боласың. Кейіпкеріміз де ешкімге жоқ деп айтпайды. Қолынан келгенше көмектесіп, алдына келген адамның мәселесін шешіп беруге тырысады. Уақыты өте тығыз болса да аянып қалмайды.
Иә, әрбір адам бейіміне қарай еңбек дүбіріне араласады. Дегенмен техника жөндеу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Осы кәсіпті меңгеріп, жұмысын жолға қоя білген жанды нағыз өз ісінің шебері демеске лажымыз жоқ. Біз техникалық жөндеу орталығына арнайы келген соң кезек күтіп тұрған көлік жүргізушілерін де әңгімеге тарттық.
Қазақ халқы ежелден «Еңбек етсең емерсің», «Еңбек – адамның екінші анасы» деп бекер айтпаған. Бұл халықтың еңбекке деген көзқарасының айғағы. Бүгінгі таңда жастар арасында еңбекке деген сүйіспеншілікті арттыру да аса маңызды. Жастар тек кеңсе жұмысына емес, нақты өндірістік мамандықтарға да қызығушылық танытуы қажет. Себебі нағыз табыс маңдай термен келген табыс. Осы орайда біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ерғали Көшербаевтың өмір жолы мен азаматтық ұстанымы көпке үлгі болатындығы сөзсіз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ