Еңбек адамы

Еңбек адамы – елдің құты

Қарапайым еңбек адамдарының өмірі мен еңбегі – қоғамның тынысы. Ел экономикасының дамуына өз үлесін қосып жүрген сондай қарапайым еңбек адамдарының бірі – «Super-pharm» зауытының аға бақылаушысы Ғалия Бухабаева.

«Super-pharm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2011 жылдың желтоқсан айында құрылған. Зауытта тоқылмаған материалдан жасалған бірреттік стерильді емес «Нәрия» медициналық халаттары, хирургиялық киімдер жиынтығы, аса жұқпалы және инфекциялық аурулардан сақтануға арналған бетперделер мен шприцтер, сондай-ақ, системалық құралдар, спиртті салфеткалар мен бинт, лейкожапсырмалар, ота жасауға арналған құрал-жабдықтар жиынтығы өндіріледі. Аталған өндіріс орны жылына 350 миллионнан аса бірреттік медициналық бұйымдар шығарады

Өндіріс ошағы 5 негізгі блоктан тұрады екен. Бірінші блок – тоқыма емес материалдардан жасалған бұйымдар өндірісі. Екінші блок – пластмассадан жасалған медициналық бұйымдар. Үшінші блок – пластырь типтес бұйымдар мен спирттік сулықтар өндірісі. Төртінші блок – бірреттік шприцтер өндірісі. Бесінші блок – медицинада қолданылатын материалдар өндірісі.

Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылы тұрғындарының 80 пайызын жұмыспен қамтып отырған зауытта шамамен 600-ге жуық адам жұмыс істейді екен.

Ал Ғалия Сабырадинқызы көршілес Өзбекстан Республикасының Бұхара облысында дүниеге келген. Балалық шағын сол елде өткізіп, ата-анасының еңбекқорлығын, адалдығын көріп өскен. Кейін Айша бибі ауылына келін болып түседі. Тұрмысқа шыққанына биыл 24 жыл толыпты.

«Super-pharm» зауыты өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі екені белгілі. Өндіріс орнында 9 цех жұмыс істейді екен.

Міне, елге қызмет ету, шоқтығын биікке көтеру ер мен әйел деп бөлінбейді, ерен еңбегі мен төккен теріне қарай өлшенеді. Қаншама адамның өмірін сақтап қалу, ажалдан арашалап қалу, денсаулыққа күтім орнату жолында маңызды рөл атқаратын медицина саласының дамуына сеп болып жүрген осындай еңбек адамдарының еткен жұмысы еленбей қалмасы анық. Ендеше кейіпкеріміздің қызметіне сәттілік тілейміз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ