Экономика

Өндіріс өркен жайып келеді

Экономиканың негізгі бағытының бірі – өнеркәсіп саласы. Бұл сала бойынша өңірде соңғы уақытта өңдеу және тау-кен өндірісінде тұрақты өсім бар. Жергілікті кәсіпорындар жаңа технологияларды енгізіп, өнім сапасын арттыруға ден қоюда. Өнеркәсіптің дамуының арқасында аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті айтарлықтай алға жылжуда.

ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІ ӨСКЕН

Мәселен облыстағы кәсіпорындар арқылы биылғы 9 айда 967,8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 118,3 пайызды құрапты.

Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, өнеркәсіп өнімінің 18,3 пайызға өсуі тау-кен өндіру саласында 41,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемінің 13,3 пайызға артуы есебінен қол жеткізілген.

 

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС ДАМУДА

Осы жылдың қазан айында өңірде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 108 962-іні құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда олардың саны 104 пайызға артыпты. Шағын және орта бизнес арқылы жылдың ІІ тоқсанында 165 353 адам жұмыспен қамтылған екен. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл салада жұрттың жұмыспен қамтылуы 100,4 пайызға өскен. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің дамуының арқасында 765,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нәтиже 128,4 пайызға ұлғайыпты. Шағын және орта бизнес үлесі 22,5 пайыз, ал жалпы қосылған құн көлемі 348 181,0 миллион теңгені құраған. 2025 жылдың 1 қазанына облыстағы қаржы институттары арқылы 180,6 миллиард теңгені құрайтын барлығы 27 963 кәсіпкерге несие беріліпті. Бұл несие қаражатының 132 миллиард теңгесі кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктер, 8,8 миллиард теңгесі «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниялары, 29,7 миллиард теңгесі микроқаржы ұйымдары арқылы, 10,1 миллиард теңгесі «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы үлестіріліпті. Берілген несиелердің 51,8 миллиард теңгені құрайтын 1184 жобасы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылған екен.

Жалпы өңір өнеркәсібіндегі аудандардың жағдайына келсек, өнеркәсіп өндірісінің көлемі барлық 10 ауданда артқан. Мысалы, Байзақта нәтиже 103,6 пайызды, Жамбылда – 103,9, Жуалыда – 101, Қордайда – 122,6, Т.Рысқұловта – 100,4, Меркіде – 100,1, Мойынқұмда –100,2, Сарысуда – 101,6, Таласта – 100,3, Шу ауданында 107,3 пайызды көрсеткен. Тараз қаласының кәсіпорындары арқылы 513,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 120,6 пайызды құрапты. Облыс орталығының жалпы өнеркәсіптегі үлесі – 53,1 пайыз.

 

АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Осы ретте Шу ауданын сөз етсек, аудан әкімдігі өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жеңіс Нұрғалиев ел экономикасының дамуы, бәсекеге қабілетті елдер қатарынан орын алуы ең алдымен өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласының қарқынды жұмысымен тікелей байланысты екенін айтады.

Аталған арнайы экономикалық аймақта «C9 Technologies» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске қосылып, өз өнімін шығарып отырған заманауи өндіріс орындарының бірі. Кәсіпорын кассалық чек қағазын өндірумен айналысады екен. Бұрын мұндай қағаздар сырттан әкелінетін болса, енді оны жергілікті жерде шығару арқылы импортқа тәуелділікті азайту көзделіп отыр. Зауыттың аумағы 0,4 гектарды ғана құрағанымен, технологиялық жағынан өте тиімді және тығыз ұйымдастырылған өндіріс желісі орнатылған. Мұнда жоғары сапалы шикізат пайдаланылады, дайын өнім экологиялық талаптарға сай. Қазіргі уақытта 15 адам тұрақты түрде жұмыс істеп, қағаз шығару, орау, сапасын бақылау және жеткізу ісімен айналысуда. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 240 мың тонна дайын өнім шығаруға жеткілікті. Жобаға 59,5 миллион теңге қаржы салынған. Болашақта зауыт өз өнімдерін еліміздің өзге өңірлеріне де жеткізуді, сондай-ақ көршілес елдерге экспорттауды жоспарлап отыр.

«Kazakhstan Hydrogen Peroxide» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі. Бұл зауыт сутегі асқын тотығын өндіруге арналған. Аталған химиялық өнім медицинада, тұрмыстық және өнеркәсіптік салаларда кеңінен қолданылады, яғни дезинфекциялаудан бастап, қағаз және тоқыма өнеркәсібіне дейін қажет. Зауыттың құрылысы 16 гектар жер аумағында қарқынды жүріп жатыр. Қазір құрылыс алаңында негізгі цехтар мен инженерлік нысандар тұрғызылуда, жабдықтарды орнатуға дайындық жүргізілуде. Кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін жылына 30 мың тоннаға дейін сутегі асқын тотығын шығара алады. Жоба құны – 32 миллиард теңге. Зауыт пайдалануға берілген соң 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бұл жоба іске асқанда облыс экономикасының химия саласындағы үлесі едәуір артады әрі өңірдің өндірістік әлеуеті жаңа деңгейге көтеріледі.

«Jibek Joly» АЭА іске қосылғалы бері өңірде жүздеген жаңа жұмыс орны ашылса, ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш одан да артады деген болжам бар. Жобалардың барлығы жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатқанын айта кетуіміз керек. Бұл – Жамбыл облысының инвестициялық тартымдылығының айқын дәлелі. Мұндағы өндірістер тек химия саласымен шектелмейді, жел энергиясы, құрылыс материалдары, электрондық өнімдер сияқты бағыттар да қамтылған. Бұл аймақты нағыз көпсалалы индустриялық орталыққа айналдыруда. Қазіргі таңда тағы бір жоба іске асуда – ол Орталық Азияда теңдесі жоқ, жүгеріні қалдықсыз терең өңдейтін зауыт. Оның да құрылысы басталды. Құны 420 миллиард теңгені құрайтын бұл өндіріс жылына шамамен 3 миллион тонна жүгеріні өңдеуге қауқарлы.

 

АУДАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ТҰРАҚТЫ

Жеңіс Нұрғалиев ауданда азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында да жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады. Бұл қарапайым халық үшін маңызды істің бірі.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ