9 айда АИТВ инфекциясын 93 адам жұқтырды
Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай ұйымдастырылған республикалық науқанның басталуына орай «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.
Жиынға орталықтың ұйымдастыру-әдістемелік және қарсы эпидемиялық жұмыстар жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Гүлжан Қалметова, әдістемелік-ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Орынкүл Әбдікерімова және эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің мониторинг тобының жетекшісі Сара Дулатбаева қатысты.
Мамандар облыстағы АИТВ инфекциясының қазіргі ахуалы, жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері және алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы баяндады.
Орталықтың мәліметінше, 2025 жылдың 9 айында 93 жаңа АИТВ жағдайы тіркелген, оның бесеуі шетел азаматы арасында. Аурушаңдық деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 7,2-ні құрады.
Инфекцияның негізгі берілу жолы – жыныстық қатынас арқылы (83 пайыз жағдай), оның ішінде 5,7 пайызы гомосексуалдық байланыстар үлесінде. Ал есірткіні инфекциялық жолмен қолдану арқылы жұқтыру 2,3 пайызды құрайды.
Қазіргі таңда 1108 АИТВ-мен өмір сүретін адам диспансерлік есепте тұр, олардың 92 пайызы антиретровирустық терапия алады.
Жыл басынан бері 494 ақпараттық және 66 ағартушылық іс-шара өткізіліп, 12 444 адам қамтылған. Бұл жұмыстар халықтың хабардарлығын арттыруға, ерте тестілеуді насихаттауға және стигмамен күресуге бағытталған.
9 айдың ішінде орталық зертханасында 165 708 талдау жасалды. Ал Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығымен жасалған өзара ынтымақтастық туралы меморандум жоспарға сай жүзеге асырылуда.
Науқан 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтеді. Осы кезеңде өңірде кездесулер, форумдар, «дөңгелек үстелдер» және жастар арасында спорттық турнирлер ұйымдастырылмақ. Негізгі мақсат – халықтың ақпараттылығын арттыру және салауатты өмір салтын ұстануға, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға үндеу.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі