Мәдениет

«Қола домбыра» иегері құрметтелді

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы, жас айтыскер ақын Інжу Жаңабаймен кездесті.

Басқосуға өнерлі өреннің «Жасанды интеллект дәуіріндегі жасампаз жастар» атты оқушылар арасындағы республикалық айтыста бас жүлде – «Қола домбыраны» иеленуі, сондай-ақ «Ақберен» шығармашылық байқауында жеңімпаз атануы арқау болды.

Ербол Қарашөкеев Інжудің бойындағы дарынды танып, оны шыңдауға бағыт-бағдар берген ата-анасы мен ұстаздарына шынайы ризашылығын жеткізді.

Сонымен бірге жас түлекке шығармашылық шабыт, биік белестер мен жаңа жеңістер тіледі.

Өз кезегінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Інжудің әкесі әрі ұстазы Есет Досалы көрсетілген қолдау мен құрмет үшін облыс әкіміне алғысын білдірді.

Облыстық айтыскер ақын, жыршы-термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбековтің айтуынша, мекемеде айтысқа құштар жастардың саны жылдан-жылға көбейіп, сөз өнеріне деген ықыласы артып келеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі