Жамбыл жаңалықтары

Жамбылдықтардың 41,9 пайызы спортпен шұғылданады

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте отбасын қолдау орталықтарының жұмысы, өңірдің спорт инфрақұрылымын және бұқаралық спортты дамыту мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағанбетова мен «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали баяндама жасады.

Баяндамашылар өз сөзінде Д және Е санаттарына жататын дағдарыс пен мүшкіл жағдайдағы отбасыларды, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын анықтап, олардың әлеуметтік мәселелерін уақытылы шешуге бағытталған мобильді топтардың жұмысы тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанын атап өтті. Сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар туралы сигналдар тұрақты түрде жеткізілмейтінін, ал 60 мыңнан аса тұрғыны бар кейбір аудандардағы қолдауға мұқтаж азаматтар жөніндегі мәліметтер мүлдем берілмей отырғаны айтылды.

Көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімдерінің есебін тыңдаған Ербол Шырақпайұлы анықталған кемшіліктерді жоюға 1 ай мерзім белгілеп, нақты әрі жүйелі шаралар қабылдауды міндеттеді.

Мұнан соң облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов баяндама жасап, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта облыс бойынша 2 355 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, 1 спорт сарайы, 17 стадион, 63 спорт кешені, 419 футбол алаңы, 1 832 спорт алаңшасы және басқа да 23 нысан бар екен. Бұдан бөлек 773 спортзал халыққа қызмет көрсетуде.

Басқарма басшысының келтірген деректеріне сүйенсек, бүгінгі таңда облыс бойынша барлығы 17 стадион бар. Оның ішінде Тараз қаласындағы орталық стадионды жергілікті футбол командалары жаттығу және жарыс кезінде пайдаланады, сондай-ақ түрлі спорттық және мәдени іс-шаралар өткізіледі. Орталық стадион 1936 жылы ашылған. Соңғы рет 2002 жылы реконструкция жұмыстары жүргізілген.

Десек те бүгінгі таңда орталық стадион Қазақстан футбол федерациясының және УЕФА-ның талаптарына сәйкес келмей отыр екен. Осыған орай 2026 жылы орталық стадионға реконструкция жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін ғимаратты құрылыс басқармасының теңгеріміне беру бойынша ұсыныс хат жолданған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында барлық ауылдық елді мекенде заманауи кіші футбол алаңшасы болуы қажеттігін атап өтіп, тиісті тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, басқарма тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, облыстағы заманауи кіші футбол алаңшасы жоқ елді мекендердің тізімі жасақталыпты. Осыған орай басқарма басшысы аудан әкімдерін 2027 жылдың соңына дейін барлық елді мекенді заманауи кіші футбол алаңшасымен қамтамасыз етіп, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда қолдау көрсетуге шақырды.

Нәтижесінде шалғай елді мекендерде ұйымдастырылған спорттық іс-шаралардың саны ұлғайып, сапасы артты және қатысушылары көбейді. Бұл өз кезегінде облыста бұқаралық спорттың дамуына ықпалын тигізіп отыр.

Сонымен қатар 3 жылда аудан әкімдіктерінің денешынықтыру және спорт бөлімдеріне қарасты 9 балалар-жасөспірімдер дене дайындығы клубы ашылыпты. Қазіргі таңда аталған мекемелерде 2 913 бала тұрақты түрде спортпен шұғылдануда.

Ернар Таласбекұлының сөзіне сүйенсек, биыл балалар-жасөспірімдер дене дайындығы клубын Мойынқұм, Сарысу, Талас және Шу аудандарында ашу жоспарланыпты. Қазіргі кезде тек Мойынқұм ауданында ғана ашылған екен. Жуалы ауданында клуб 2024 жылы пайдалануға берілуі керек болған. Сондықтан басқарма басшысы аудан әкімдіктері аталған мекемені уақытында ашу арқылы облысқа берілген межені орындауды еске салды.

Бұқаралық спортты дамыту мен насихаттаудың маңызды тетігі спорттық жарыстарды ұйымдастыру екеніне тоқталған облыс әкімі басқарма басшысынан жыл соңына дейін өткізуді жоспарлап отырған бұқаралық спорттық іс-шаралар туралы мәлімет беруді және бұл бағытта бекітілген нақты жоспардың бар-жоғын сұрады. Сондай-ақ қараша айының 15-25 күндері Токио қаласында өтетін Сурдлимпиада ойындарына өңірімізден қанша спортшы қатысатынын сұрады.

Басқарма басшысы іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтып, осы күнге дейін 3 171 іс-шара өтіп, 200 999 мың адам қамтылғанын жеткізді. Жыл соңына дейін облыс деңгейінде волейбол жарысы, әйелдер арасындағы күрес секілді маңызды додалар өтіп, 2025 жыл «Жыл үздігі» марапаттау кешімен түйінделгелі отыр.

Сонымен қатар Ернар Таласбекұлы Сурдлимпиада ойындарында бақ сынайтын ұл-қыздардың дайындығы жоғары деңгейде екенін сөз етті. Ерекше атап өтер қуанышты жайт, Сурдлимпиада ойындарының ашылуында Мемлекеттік Туды өңір дзюдошылары Анна Краморова мен Айдос Түгелбай алып шығады екен. Жалпы маңызды додаға облысымыздан 7 спорт түрінен 12 спортшы қатысады.

Мұнан соң Ербол Шырақпайұлы аудан басшыларын тыңдап, сын-ескертпелер айтып, олқылықтың орнын толтыру жөнінде тиісті тапсырмалар берді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ