Хасан Қасымбаев 12 жылға сотталды
Талғар ауданында Хасан Қасымбаев пен тағы бес адамға үкім шықты, деп хабарлайды arainfo.kz
Талғар аудандық соты қоғам назарын аударған қылмыстық іс бойынша үкім жариялады. Сот шешімімен «Хутор» тобының серкесі делінген Хасан Қасымбаев адам ұрлау, қасақана ауыр жарақат салу және қорқытып ақша алу баптары бойынша кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
Онымен бірге Руслан Әлиев, Мадияр Қалимжанов, Сайлау Ақжанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков және Данияр Асқаров та әртүрлі мерзімдерге сотталды.
Іс материалдарына сәйкес, жәбірленушілер ретінде кәсіпкер Әріпжан Тәжіев пен фитнес-жаттықтырушы Арман Әлімов танылған.
Сот процесі кезінде ғимарат күшейтілген күзетке алынып, аумақта полиция қызметкерлері кезекшілік етті. Айыпталушылардың туыстары залға көп жиналып, кей сәттерде айғай-шу орын алған.
Еске салайық, мемлекеттік айыптаушы бұған дейін Қасымбаевты 15 жылға соттауды сұраған болатын. Іс 4 тамызда сотқа түскен. Полиция материалдары бойынша Қасымбаевқа «адам ұрлау», «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» және «бопсалау» баптары бойынша айып тағылған.