Қазақстанда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 5,4%-ға өсті
Ағымдағы жылдың қаңтар–қазан айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 8,1 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,4%-ға артты, деп хабарлайды arainfo.kz
Өсімнің көрсеткіші өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 6,7%-ға, ал мал шаруашылығындағы өндірістің 3,4%-ға ұлғаюының нәтижесі.
Мал шаруашылығында 9 айдың ішінде сойыс салмағындағы ет өндірісі 2,6%-ға өсіп, 816,3 мың тоннаға, ал сиыр сүтінің өндірісі 5,7%-ға артып, 3 млн тоннаға жетті.
Ірі қара мал басы 1,1%-ға (8,5 млн бас), жылқы 6,4%-ға (4,5 млн бас), түйе 4,5%-ға (299,7 мың бас), ал құс 6,5%-ға (49 млн бас) көбейді.
Тамақ өнеркәсібінде 10 айдың қорытындысы бойынша азық-түлік өндірісі 9,1%-ға артып, 3,2 трлн теңгеге, ал сусындар өндірісі 8,7%-ға өсіп, 1,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Бірқатар негізгі өнім түрлері бойынша да нәтиже айтарлықтай жоғары. Мәселен, қант – 13%-ға, ет консервілері – 38,6%-ға, өсімдік майы – 21,7%-ға, шұжық өнімдері – 7,8%-ға, сары май – 19,0%-ға,қышқыл сүт өнімдері – 6,6%-ға артты.
Ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу өнеркәсібіндегі оң динамика саланы дамыту, өндірісті жаңғырту және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралардың тиімділігін дәлелдейді.